Басты бет / Бокс / БЕКЗАТ САТТАРХАНОВ ТУРАЛЫ ҚЫЗЫҚТЫ ДЕРЕКТЕР

БЕКЗАТ САТТАРХАНОВ ТУРАЛЫ ҚЫЗЫҚТЫ ДЕРЕКТЕР

Бекзат Сидней Олимпиадасының финалына боксшы Ермахан Ыбырайымовтың спорттық жейдесін киіп шыққан. Бір деректер бойынша, ол бокстағы бетке ұстар ағасының жейдесін ырымдап киіпті. Екінші бір дерекке сүйенсек, оның өз жейдесінде жарнама жазылғандықтан, ұйымдастырушылар өз жейдесін киюге рұқсат бермеген.

Бекзат жаттығу жұмыстарынан кейін тез арада қалыпқа келетіндігімен ерекшеленген. 2000 жылдың маусымында Тайландта жаттығып жүргенде тай елінің дәрігерлері қатты таңғалады. Себебі, 33 минут жүгіріп келген Бекзат Саттархановтың жүрек соғысы 3-4 минутта қалпына келеді екен. Бекзаттың бұл ерекше қасиетін бапкерлер Тұрсынғали Еділов, Александр Апачинский, Анатолий Визирякин мен құраманың дәрігері Юсуп Шамузов қана біледі екен.

Бекзаттың бойында бала күнінен бері байқалатын бір қасиет болған. Ол өзін жеңген боксшыдан міндетті түрде есе қайтаруды мақсат тұтады екен. 1995 жылы облыстық жарыстардың бірінде Данияр есімді баладан жеңілген Бекзат кезекті сайыста қарсыласын соққының астында қалдырған. Ал Аргентинада өткен жастар арасындағы әлем чемпионатының финалында ол украиналық Сервин Сүлейменовтан жеңіліп қалады. Сервиннен жеңілгеніне қатты намыстанған ол «алдағы уақытта оны міндетті түрде жеңемін» деп бапкерлеріне сөз беріпті. Айтқандай-ақ, Ресейде өткен ТМД елдерінің боксшылары қатысқан халықаралық бокс бәсекесінде Сервин Сулеймановтың тізесін дірілдетеді. Осы жекпе жекте Бекзаттың оң қолы ісіп, бармақ сүйегі шығып кеткен. Ұлттық құраманың бас бапкері Тұрсынғали Еділов Бекзаттың бокс қолғабын күшпен тартып шешкен кезде, қолғапқа қан толып қалғанын көреді. Намысқой Бекзат бармақ сүйегі шығып кетсе де, шыдамдылық танытып, жеңіске жеткен.

Бекзаттың Бекзат есімді інісі өсіп келе жатыр. Ата-анасы Бекзатты мәңгі есте қалдыру мақсатында немерелерінің біріне Бекзат есімін берген.

Бекзат Сейілханұлы Саттарханов шаршы алаңда 143 жекпе-жек өткізіп, оның 132-сінде жеңіске жеткен.

Сондай-ақ

БОКСПЕН ТЫНЫСТАҒАН ЗЕЙНЕТКЕР — АТЫРАУ БОКСЫНЫҢ АРДАГЕРІ

Атырау облысында әйелдер боксының құрылғанына 7 жыл шамасында болды. Осы арада қыздарымыздың жеткен жетістіктері де …