Басты бет / Күш қолданылатын спорт түрлері / КИКБОКСИНГ — БОЛАШАҚҚА КЕРЕК СПОРТ

КИКБОКСИНГ — БОЛАШАҚҚА КЕРЕК СПОРТ

Қазақстан Республикасы Кикбоксинг федерациясының президенті Тастанбек ЕСЕНТАЕВПЕН арада болған әңгімеде кикбоксингтің бүгіні мен келешегіне қатысты мәселелерді жан-жақты қамтуға тырыстық.

– Тастанбек Құтжанұлы, бір кездері ел спортын басқарған білікті маман ретінде спорттың, оның ішінде жекпе-жек түр­лері­нің біздің қоғам үшін қанша­лықты қажет екендігіне тоқтала кетсеңіз.

– Әңгіменің басында мынадай қызықты деректі айта кеткім келеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, адам баласының денсаулық кепілділігі 50 пайыз өз қолында екен, 20 пайызы қоршаған ортаға байланысты. Тағы бір 20 пайызы ата-анадан берілетін текке арқа сүйейтін көрінеді. Ал тек 10 пайызы ғана медицинаға тәуелді дейді.

Халықаралық дене шынық­тыру және спорт хартиясының өзінде кез келген мемлекет адам баласының спортпен айналысуына міндетті түрде жағдай жасауы керек деп жазылған. Сондықтан, дені сау, бәсекеге қабілетті ұлт өсіргіміз келсе, спортпен мәңгі дос болу – міндетіміз! Бір ғана мысал айтайын, мына Чешенстанда президент Рамзан Қадыров аралас жекпе-жек түрлерін дамытуға көп күш салып жатыр. Мұнда ММА және жекпе-жектің басқа да түрлерінен турнирлер жиі өте бастады. Қадыров осылайша спорт арқылы чешен жастарын дұрыс жолға салуды мақсат еткен. Өте құптарлық іс.

Біз де өз әлімізше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айқындап бер­ген міндеттер – жастарды отан­сүй­гіштікке тәрбиелеу, оларды са­ламатты өмір салтына бейім­деп, жүректі де білекті етіп өсіру ісі­не үлесімізді қосқымыз келеді. Қа­­зір­гі таңда біз Қазақстан­дағы кик­бок­сингтің даму бағдар­лама­сын жасап шықтық. Еліміздің 14 өңі­ріндегі балалар мен жасөс­­пі­­рім­дер спорт мектептерінде кик­­­бок­синг бөлімшелері жұмыс іс­­тей­ді. Оларда 178 жаттық­ты­ру­шы се­гіз мыңға жуық талапты жас­қа кик­­боксингтің қыр-сырын үйре­­туде.

Біздің басты мақсатымыздың бірі – 3 мың адамға дейін тұратын елді мекендерге спорт нысандарын салу ісіне айрықша көңіл бөл­­гіміз келеді. Неге десеңіз, құры­­лыс ережесі бойынша жабық спорт кешенін 3 мың және одан көп ха­­лық тұратын жерлерге ғана са­луға рұқсат етілген. Ал адам одан аз тұ­ратын елді мекендер, яғни ауыл­дық жерлер қашан­да елеусіз қала береді. Біз жер­гілікті әкім­діктермен келіссөздер жүр­гізіп және олардың көмегіне сүйене отырып, ауылдық жерлерге маман­дарымыз бен әдіскер­лері­мізді жі­бергіміз келеді. Өйт­ке­ні, нағыз чемпиондардың ел іші­нен шығатыны бүгінгі күн­де дә­лелдеуді қажет етпейтін шын­дық.

– Бүгінгі күнде әлемде жек­пе-жектің UFC, ММА деген түрлерінің аты озып, кикбоксинг тасада қалып қойған сияқ­ты. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?

– Рас, кейінгі жылдары кик­бок­сингтің беделі түсіп кетті. Оның негізгі себебінің бірі– WAKO Халықаралық кикбоксинг федерациясының президенті Энио Фальцонидің ауырып, төсек тартып қалуымен тығыз байланысты. Яғни, соңғы үш жылда федерация ішінде болған тақ таласы салдарынан кикбоксингтің беделіне нұқсан келіп, спорттың бұл түріне деген қызығушылық төмендеп кетті. Қазіргі уақытта бұл ұйымның президенті болып Борислав Пе­ле­вич сайланды. Бірақ оның ко­ман­дасының кикбоксингті дамы­ту жөніндегі бағдарламасы әлі жа­рық көрген жоқ. Азия федера­ция­сының жұмысы да көңіл көн­шіт­пейді.

Жағдай осылай қалыптасқан кез­де біз де қарап отырған жоқпыз. Өз бетімізше тірлік қылып, тығы­рықтан алып шығар жолдарды іздеу үстіндеміз. Мысалы, біз биыл­дан бастап STEEP FIGHTERS – «Ұлы Дала Қаһармандары» жоба­сын қолға алып, кикбоксинг­тен кәсіпқой жекпе-жектер өткі­зе бастадық. Мақсат біреу – осы жоба арқылы әлемге танылып, кик­боксингтің көкжиегін кеңейткіміз келеді.

Қазіргі уақытта «Ұлы Дала Қаһармандары» жобасына 160 кикбоксшы қатысуда. Бұлар ел чемпионатында 1-ші және 4-орын аралығында үздік нәтиже көрсеткен шеберлер. Жылдың аяғына дейін бұл файтерлер өзара күш сынасып, соның қорытындысы бойынша біз әр салмақ дәрежесіндегі ең мықтыларды таңдап аламыз. Міне, сайдың тасындай іріктелген осы шеберлер әлемдік аренада ел намысын қорғайтын болады. –

Кикбоксингтің беделін кө­теріп, көкжиегін кеңейту үшін не істеу керек?

– Біздің елімізде өткен ға­сыр­дың 90-шы жылдары кикбоксинг қатты дамыды. Мысалы, әлем чемпиондары Асқар Можанов, Ержан Шегенов, Қабылбек Са­дыр­баев, Ардақ Сембаев, Дулат Тәженов, Геннадий Папу сынды ше­берлеріміз дүние жүзі бойынша қарсылас шақ келтірмей жүрді. Бір өкі­н­іштісі, оларды халық ара­­­сын­да танымал ете алмадық. Жар­на­масы жетіспеді, насихаты аз болды.

Ал қазір технологияның да­мы­ған заманында телевизияға арқа сүйей отырып, өзіміздің шебер­лерді – қазіргі батырларды ба­рынша насихаттауымыз керек. Бұл саясаттағы басты құрал­дың бірі – телевизия деп ойлай­мын. Сондықтан, біз STEEP FIGHTERS – «Ұлы Дала Қаһар­ман­дары» жобасын қолға алғанда «Қазақстан» Ұлттық арнасының басшысы Ерлан Қарин мырзаның келісімін алып, «Қазспорт» арнасымен әріптестік қарым-қатынас орнаттық. Бүгінгі жастар спорт сарайына келіп жарыс көруге соншалықты құлықты емес, кө­біне оны теледидардан та­ма­шалауды құп көреді. Міне, кикбоксингті насихаттаудың төте және тиімді жолының бірі осы телевизия!

– Жалпы, спортсүйер қауым кикбоксингтің бірнеше түрін бір-бірімен шатастырып жатады. Файтерлердің басына шлем, аяғына қалқанша киіп шығатыны жұрттың делебесін қоз­дырмайтын сияқты. Спорт­тың бұл түріне деген қызығу­шылықтың төмен болатын бір себебі осында жатқан жоқ па?

– Кикбоксингтің алты түрі бар. К-1, фул-кантакт және лоу-кик – бұлар бұл спорттың ішіндегі қатаңдау түрлері, ал семи-контакт, лайт-контакт, фристайл дегендер «жұмсақтау» түрлері. Жалпы, болашақта кикбоксингтің К-1 түрін түпкілікті таңдап алатын шығармыз деп отырмыз. Өйткені, «Кей уан» (К-1) бүгінде жанкүйердің қошеметіне бөленіп жүрген UFC, ММА сынды жекпе-жек түрлеріне бір табан жақын, жігіттің сырттаны ғана сынға түсе алатын сайыс. Мұнда файтерлер шаршы алаңға тек шолақ шалбармен және қолдарына былғары қолғап киіп қана шығады.

Біз шамамыз келгенше кик­бок­сингті жұртқа қызықты етіп көрсетуге тырысамыз. Мықты шеберлеріміз бар, соларды халық­қа таныту керек, болашақта фильм­дер түсіріп, жекпе-жектің бұл түрін кеңінен насихаттағымыз келе­ді. Қазір ресейлік «Бокс-ТВ» арна­сы бізге хабарласып, бірігіп жұ­мыс істеу жөнінде ұсыныс жасады. Арнаның Балтық жағалауы ел­­дерін қосқанда 8 миллион адамнан астам аудиториясы бар екен. Одан бөлек, Әзербайжанның спорт­­тық телеарнасы да біздің жо­баға қызығушылық танытып отыр.

– Спорт туралы жаңа заң шықты. Ол бойынша спортты қар­жыландыру федерациялар арқылы жүзеге асатын болды. Сіздің осы жүйе жөніндегі пікіріңізді білсек…

– Иә, жаңа заң шығып, спортты қаржыландыру жүйесі түбірімен өзгерді. Мұндай тәжірибе әлемнің біраз елдерінде бар. Жалпы, бұл сая­саттың жемісін уақыт көрсе­теді деп ойлаймын. Маған ұнаға­ны – енді спорт түрлері басым бағыт бойынша сараланып қаржы­лан­дырылатын болды. Мысалы, ең алдымен Олимпиялық бағдарламаға енетін, оның ішінде жүлде алуы­мыз мүмкін спорт түрлеріне артық­шылықтар берілген.

Қаржы демекші, мысалы кик­боксинг федерациясына бір жылға деп 25 миллион теңге бөлі­неді. Осы қаржыны 8 мың кикбок­сшыға жеткізуіміз керек. Ал біздің футболдағы немесе хоккейдегі бір легионер үшін мұндай сома бір айлық еңбекақы ғана. Енді мынаны қараңыз, біздің елде кикбоксингпен айналысқан спортшылар күштік құрылымдар, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен ішкі істер органдарындағы арнайы жасақтар құрамының 80 пайызға жуығын құрайды. Сырттан келген әлгі легионер хоккейші немесе футболшы болса, мұнда жүріп алған мемлекеттің мол қаржысын өз елдеріне жібереді. Яғни, ол ақша ел экономикасы үшін жұмыс істемейді. Сонда, біздің қоғам үшін қай спорт түрі маңызды, оны өзіңіз-ақ бағамдай беріңіз.

Биыл мынадай оқиғаның куәсі болдық. Хоккейден әлем чемпионатына барарда біздің Ресейде ойнап жүрген 12 хоккейшіміз Ұлттық құрама сапында өнер көрсетуден бас тартты. Бұл деген масқара емес пе? Тағы бір мысал, олимпиялық спорт түрі деп керлингті қолға алып, көкпарды ұмытуымыз керек пе? Яғни, бұл жерде спорт түр­­лері­не берілетін басымдық сая­са­тында ұлттық ерекшеліктерді еске­ріп, өз ұпайымызды түгендеу тұр­ғы­сында есе жібермеуіміз керек.

Жалпы, кикбоксинг келешекке керек спорт деп ойлаймын. Жекпе-жекке деген құмарлық жауынгер қазақтың қанында бар қасиет. Өзін ғана емес, өзгені де қорғай ала­тын, шымыр, шыныққан, оқы­ған-тоқығаны мол өнегелі жас Отан­ның күні ертеңгі қалқаны емес пе?!

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Қайрат ӘБІЛДА, Толығырақ: egemen.kz

Сондай-ақ

КӘСІПҚОЙ БОКСТА 5 ЖЫЛ ЖҮРГЕН ҚАНАТ ИСЛАМ ҚАНДАЙ ЖЕТІСТІКТЕРГЕ ЖЕТТІ?

Қазақстандық боксшы Қанат Исламның кәсіпқой бокста жүргеніне 5 жыл толды. Ол кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін …

Добавить комментарий