Басты бет / Күш қолданылатын спорт түрлері / АТЫРАУДА ТАЙ БОКСЫНЫҢ КЕШІ ӨТТІ

АТЫРАУДА ТАЙ БОКСЫНЫҢ КЕШІ ӨТТІ

3 қыркүйек күні Атырауда муай-тайдан қазақстандық ғалым Әмен Аманқұловты еске алуға арналған халықаралық турнир өтті.

Сайыстың ашылуында Әмен Аманқұловтың Қазақстанға сіңірген еңбегі еске алынды. Мұнай өңдіру саласында тер төккен ғалымдардың бірі, елімізде Муай-Тай спортының негізі қалануына себепші болған адам.

Атырауда тұңғыш рет кәсіпқой спортшылар бас қосты. Қазақстан ұлттық құрамасы әлем спортшыларына қарсы тұрды. Бразилия, Тайланд, Ресей, Аустрия және Оңтүстік Африкадан келген қонақтар сайыстың көркін қыздыра түсті.

54 келі салмақта Польша елінде өткен Бүкіләлемдік ойындардың чемпионы Еламан Саясатов шаршы алаңға шықты. Кәсіпқой аренада үшінші жекпе-жегінде Тайландық Зашинуи Саттауат қарсылас атанды. Бір қарағанда Тайландық 52 рет жеңіске жеткен, тәжірбиесі мол спортшы секілді көрінген. Бірақ Еламан қарсыласын бірінші раундта-ақ сұлатып түсірді.

-«Бұрын әлем чемпионаты мен Азия чемпионаттарында ақтық сында тек Тайланд елінің спортшыларына есе жіберетін едім. Енді өз-өзіме деген сенімділік пайда болып, Тайландтықтарды да жеңуге болатынын дәлелдедім», — дейді Еламан.

57 келі салмақта Бүкіләлемдік ойындардың қола жүлдегері, Астаналық Сәрсембеков Алмаз Бразилия спортшысына қарсы тұрды. Бұл Алмаздың кәсіпқойлар арасындағы дебюттік кездесуі болса, Фернандес Джарделдің 26-ші жекпе-жегі болды. Оңтүстік Америка құрлығының өкілі тәжірбиелі екені байқалып тұрды. Дегенмен, әуесқойлар арасындағы жетістіктер бостан-бос емес екенін Алмаз дәлелдей алды. Қарсыласын ұпай санымен ұтты.

60 келіде Астаналық спортшы Оспан Ерқанат Тайланд елінің спортшысымен кездесті. Айта кету керек, Тайланд спортшысы кәсіпқойлар арасындағы 88-ші кездесуін өткізсе, Ерқанат бар болғаны екінші кездесуін өткізді. Қарсылас деңгейінің мықтылығы бірден байқалып тұрды. Намысқа тырысқан спортшымыз үш раунд бойы сауатты жұмыс жасап, қарсыласын ұпай санымен ұтты.

63,5 келіде жергілікті спортшы Әбіл Галиев Бразилиялық спортшыға есе жіберді. Бастапқыда Әбіл ұпай санымен алда келе жатып, барынша басымдылық танытқан. Соңғы минуттардағы кішкене қателік жеңіліске себеп болды. -Бүгінгі қателігімнен сабақ алып, алда келе жатқан бәсекелерде қайталамауға тырысамын, дейді Әбіл.

67 келіде Николай Самусев ұзақ уақыт демалысынан соң рингке қайта оралды. Нақтырақ айтқанда жарақатынан айыққан болатын. Николай әдеттегідей өзіне тәң мәнерде қарсыласын нокаудпен ұтты. Оңтүстік Африкалық 43 жекпе-жек өткізген Розуелл Грайг шеберлігі жағынан төмендеу болды. Айта кету керек, бқл Қазақстандық спортшының кәсіпқойлар арасындағы дебюті.

Тағы бір дебютін 71 келі салмақта Нефталиев Наимк өткізді. Бразилиялық Н.Фабианоға қарсы жекпе-жекте ол төрешілердің шешімімен жеңіске жетті. Осы салмақта құрамадағы тәжірбиелі спортшылардың бірі Қасенов Диас трешілердің бірауыз шешімімен Ресейлік Мерзоев Магометті тізе бүктірді.

75 келі салмақта Лопарев Вадим Ресейлік Воронсов Евгенийді тізе бүктірді. Бұл Вадимнің кәсіпқойлар арасындағы үшінші кездесуі және үшінші жеңісі. 81 келіде Умаев Эмиль Аустриялық Фаррелл Эдуард Джеймсті ұтты. Осылайша Қазақстандық спортшы өзінің жеңістері санын 5-ке жеткізіп отыр.

Турнир қорытындысында Қазақстандық сегіз спортшы жеңіске жетті. Бұл 17-27 қыркүйек аралығында өтетін Азия ойындары алдындағы соңғы дайындық жұмыстары болатын. Енді құрамамыз Алматы қаласында шағын оқу-жаттығу жиынын өткізіп, Ашхабадқа аттанатын болады.

 

Сондай-ақ

МАКГРЕГОР МЕЙВЕЗЕРДІ СЕГІЗБҰРЫШТА ЖЕКПЕ-ЖЕК ӨТКІЗУГЕ ШАҚЫРДЫ

UFC чемпионы ирландиялық Конор МакГрегор сегізбұрышта бокстан бес салмақ дәрежесінде бұрынғы әлем чемпионы америкалық Флойд …