Басты бет / Кәсіпқой бокс / Жанат Жақиянов / ЖАНАТ ЖАҚИЯНОВ БОКСПЕН ҚОШ АЙТЫСТЫ

ЖАНАТ ЖАҚИЯНОВ БОКСПЕН ҚОШ АЙТЫСТЫ

Танымал қазақстандық кәсіби боксшы, WBA нұсқасы бойынша бұрынғы әлем чемпионы Жанат Жақиянов спорттағы карьерасын аяқтау жөнінде шешім қабылдады

Бұл жайлы оның менеджері Филип Фондю француздық L’Equipe газетіне берген сұхбатында айтты. 34 жасар қазақ боксшысы жеңілірек салмақта WBA (Super) және IBO чемпиондық белдіктерін иеленген. Бұл белдіктерді 2017 жылдың ақпан айында америкалық Роуши Уорренді (15-2-0, 4КО) төрешілердің шешімімен жеңгеннен кейін алып, кейінірек IBO белдігінен бас тартқан.

Соңғы жекпе-жегінде Жақиянов 21 қазанда төрешілердің шешімімен британдық Райан Барнеттке (18-0-0, 9 КО) жеңіледі. IBF және WBA белдіктері қойылған кездесу британдық боксшының туған жерінде өтті. Барнетт міндетті допинг тесттен өтпеді, бұл үшін жаза қолданылмаған. Жақияновтың командасы WBA және IBF ұйымдарына хабарласып екінші жекпе-жекті ұйымдастыруларын сұрағанымен, іс жылы жабылғандай сол қалпы қалды.

Танымал британдық боксшы Рикки Хаттонның қол астында жаттығатын боксшы он жылдық карьерасында 29 кездесуін 12 әртүрлі елде өткізіп, 27 кездесуін жеңіспен (18 нокаутпен) аяқтап, 2 рет жеңілген.

«Мен карьерамды аяқтаймын деп шешім қабылдадым. Оған негіз болған себептер аз емес. Мен 3-4 ай бойы ойланып, бүгін міне, тиісті шешім қабылдадым. Осы уақытқа дейін мені қолдап келген азаматтардың барлығына алғасымды білдіргім келеді. Бірінші кезекте мен жанкүйерлеріме алғыс айтамын. Сондай-ақ бақилық болған бапкерім, Александр Николаевич Лебедевке алғым шексіз. Бапкерлерім Рикки Хаттон, Майк Джексон, Виктор Ивановқа басымды иемін. Менеджерлерім Филипп Фондю мен Ерік Жайлауовқа рахмет. Бұлардың барлығы да маған барлық жағынан қолдау көрсеткен азаматтар. Мен үлкен жолдан өттім, енді соны аяқтайтын уақыт та жеткен сияқты»,-деп мәлімдеді Жанат Жақиянов.

Жанат 2006 жылы Ғалым Жарлығапов атындағы халықаралық турнирдің чемпионы атанып, Серік Қонақбаевтың арнайы сыйлығына ие болады. 2007 жылы әуесқой бокстағы соңғы кездесуін Копейск (Ресей) қаласындағы халықаралық турнирдің финалында өткізді. Содан кейін жаттықтырушысы және Азаматтың қолдауымен кәсіби боксқа көшеді.

Жанат кәсіпқой рингтегі дебютін 2007 жылы 3 тамызда жасады. Оның алғашқы қарсыласы отандасы Нәби Қадыров болды, айқас Жақияновтың жеңісімен аяқталды. Кәсіпқой рингтегі алғашқы жеңіліс дәмін Жанат 2008 жылы 4 қазанда ресейлік Сахиба Усаровқа қарсы айқаста татты.

2014 жылы 26 сәуірде Жақиянов EBU тұжырымы бойынша Еуропа чемпионы атағын жеңіп алды. Осы жолы ол француз Карим Гуэрфиды 5 раундта нокаутпен жеңді. 2015 жылы 7 қарашада Йонфрез Парехоны жеңіп аса жеңіл салмақтағы WBA тұжырымы бойынша уақытша чемпион атағын жеңіп алды.

Сондай-ақ

ПРЕМЬЕР-ЛИГАНЫҢ 22-ШІ КЕЗЕҢІНІҢ ЕҢ ҮЗДІК ГОЛЫ ДЕП ЖАМБЫЛ КӨКЕЕВТІҢ ГОЛЫ ТАҢДАЛДЫ

Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы Премьер-лиганың жиырма екінші турының үздік голын анықтау мақсатында жанкүйерлер арасында сауалнама …

Добавить комментарий