Басты бет / Кәсіпқой бокс / БЕЙБІТ ШУМЕНОВ ТУҒАН ҚАЛАСЫ ШЫМКЕНТКЕ ОРАЛДЫ

БЕЙБІТ ШУМЕНОВ ТУҒАН ҚАЛАСЫ ШЫМКЕНТКЕ ОРАЛДЫ

16 ақпан күні кәсіби боксшы, жартылай ауыр және бірінші ауыр салмақта әлем чемпионы Бейбіт Шуменов Instagram-дағы парақшасында өзінің туған қаласы Шымкентке қайтып оралғандығын хабарлады.

Туған жерінде оны туған-туысқандары мен жақындары қарсы алды. Бүгін Бейбіт өзінің жылдары бойы білім алған мектебі мен алғашқы бокс залына баруды ұйғарды. Атап өтерлік жайт, Бейбітпен бірге Шымкент қаласына боксшының спорт жолы туралы өмірбаяндық фильм дайындап жатқан түсірілім тобы да аттанды.

Бейбіт бүгінде «Үш тілде білім беретін №2 мамандандырылған мектеп-интернат» болып атауын өзгерткен М.Әуезов атындағы №32 мектепте білім алған. Аталған білім ордасында 1-шіден 7-ші сыныпқа дейін оқыған. Мектепке келісімен Бейбіт өзінің балалық шағындағы небір қызықты естеліктер мен оқиғаларды еске алды. Сондай-ақ, Шуменов бастауыш сынып оқушыларымен кездесті. Бейбітті көрген оқушылар мәз болысып, чемпионның қолтаңбасын алу үшін парақшалар әкеле бастады. Сондай-ақ, олар боксшыға түрлі сұрақтар қойып, оның өміріне зор қызығушылық танытып жатты.

  • Балаларға сабақты жақсы оқып, ата-аналарыңды тыңдаңдар дегім келеді. Әрине, спортпен де шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстанғандары да абзал, — деді Бейбіт Шүменов.

Сонымен қатар Бейбіт «Қажымұқан» стадионында болды. Мұнда боксшының алғашқы жаттығулары өткен бокс залдарының бірі орналасқан. Ескіден жұмыс істеп келе жатқан осы залда күтпеген жерден боксшы өзінің бұрынғы бапкері Серік Акашевті кездестірді. Оның айтуынша, Бейбіт қашанда белсенді, талапты әрі өте әділетті бала болатын.

Бейбіт Шуменов өзінің туған қаласында тағы да бірнеше күн болып, оның жаңа көрікті жерлерімен таныспақшы. Балалық және бозбала шағындағы ендігі ұмытыла бастаған көшелерді аралап, өзінің жанкүйерлерімен кездесіп, фотосуретке түсуді жоспарлап отыр.

 

Сондай-ақ

ИБРАГИМ ЕСКЕНДІР РЕСЕЙЛІК БОКСШЫНЫ ТІЗЕ БҮКТІРДІ

Танымал қазақстандық әнші Ибрагим Ескендір кәсіпқой рингтегі кезекті жеңісіне қол жеткізді. Ресей астанасы Мәскеуде өткен …

Добавить комментарий