Басты бет / Слайдер / СУПЕРКУБОК 2018 — «АСТАНА» «ҚАЙРАТТЫ» ОЙСЫРАТА ЖЕҢДІ

СУПЕРКУБОК 2018 — «АСТАНА» «ҚАЙРАТТЫ» ОЙСЫРАТА ЖЕҢДІ

Сарыарқа төсінде «Астана» «Қайратты» ойсырата жеңіп, 2018 жылғы суперкубокты жеңіп алды.

Матч басында екі команданың да бас бапкерлері көпшілікті таң қалдырды. «Астана» сапында тасқамал қорғаушысы Юрий Логвиненко жоқ, яғни негізгі құрамда алаңға шығарылмады. Ал «Қайрат» Бауыржан Исламханды қосалқы құрам орындығына отырғызып қойды. Елдос Ахметов те алаң жиегінде, ал Чума Анене тіпті хаттамаға тіркелмеген…

Бірінші таймда гол соғылған жоқ. Екі команда бір-бірінің аңдысын аңдаумен болды. Екеуінің де гол соғатын бірлі-жарым мүмкіндіктері болған. Бірақ Патрик Твумасидің соққысы сәл қиыс кетті, ал Уго Сильвейраның тепкен добын Ненад Эрич қағып алды…

Қызықтың бәрі ойынның екінші жартысында басталды. «Астана» қарқынын үдетіп, алматылықтарды қыспаққа ала түсіп еді…. «Қайраттың» қорғанысының орта шебі сыр берді. Қорғаушылары үш рет қателесіп, алаң иелерінің ірі есеппен жеңіске жетулеріне мүмкіндік беріп алды.

Ұстараның жүзіндей лыпылдаған Патрик Твумаси мен ойы ұшқыр, өзі ширақ Марин Томасов қос қапталдан атойлап, алға ентелеп, «Қайраттың» қорғаушыларын әбден састырды. Жоғарыда жазғанымыздай, тіпті қателесуге мәжбүрледі. Негізі, тағы да бірнеше рет жаза басқан сәттері болды. Бірақ «Астана» оның бәрін ұтымды пайдалана алмады.

Шәкірттері 10 минутқа да толмайтын уақыттың ішінде үш гол жіберіп алған соң, Карлос Алос команда құрамына өзгерістер енгізе бастады. Бірден Аршавин мен Жуковті ауыстырды. Исламханды алаңға шығарды. Бірақ бәрі де кеш еді. «Астана» алдырмады. Қорғаушылары өте мұқият ойнады.

Сөйтіп, «Астана» негізгі бәсекелесін ірі есеппен ұтты. «Қайрат» түлкі бұлаңға салып, тізгінін тартты ма, белгісіз. Бәрін де уақыт көрсетеді. Ұпайларын күзде санаймыз. Десек те, Алматы клубының орталық қорғаушылары ел чемпионатында да дәл бүгінгідей ойнайтын болса, Жарко Маркович пен Сесар Арсоны жоқтайтын жанкүйерлер де табылар…

Ал «Астана» Қазақстан суперкубогын үшінші рет жеңіп алды. 2011 жылы «Тобылды», ал 2015 жылы «Қайратты» (пенальти арқылы) жеңген болатын. Бірақ соңғы екі жылда дәл осы «Қайраттан» ұтылып қалып, маусымды жеңіліспен бастаған. Биыл алматылықтардан есесін қайтарып отыр.

«Астана» – «Қайрат»– 3:0 (0:0)

Голдар: Маевский. 59. Томасов, 62. Томасов, 67.

Дереккөз: sportsffa.kz

Сондай-ақ

ДЖИУ-ДЖИТСУШЫЛАР ПАРИЖДЕ ТОП ЖАРДЫ

Франция астанасы Париж қаласында джиу-джитсу спортынан «Grand Slam Paris Open» (JJIF) xалықаралық турнирі өтуде. Дүбірлі …