Басты бет / Күш қолданылатын спорт түрлері / Джиу-Джитсу / АСЛАН ҚАНАТБЕК: ІНІЛЕРІМЕ ҮЛГІ БОЛУ ҮШІН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНДА БАРЫМДЫ САЛДЫМ

АСЛАН ҚАНАТБЕК: ІНІЛЕРІМЕ ҮЛГІ БОЛУ ҮШІН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНДА БАРЫМДЫ САЛДЫМ

dodasport.kz сайтының тілшілері сіздерге соңғы Афинада өткен жастар арасындағы әлем чемпионатының жүлдегерлерін таныстыруды жалғастырады. Қазақстан құрамасы әлем біріншілігінде екі алтын алды десек, соның біреуін  жасөспірімдер арасында Аслан Қанатбек файтинг түрі бойынша жеңіп алды.

Аслан Қанатбек 2001 жылы Алматы облысы, Талдықорған қаласында дүниеге келген. Қазіргі күні өз қаласындағы колледждердің бірінде дене шынықтыру мамандығы бойынша білім алуда. Су жаңа әлем чемпионы тұғырдың биігінен көріну үшін төрт жекпе-жек өткізіпті.

-Алғашқы екі кездесуім Испания мен Грекия елдерінің спортшыларымен өтті. Маған аса қиындық тудыра қоймады. Жартылай финалдағы Ресейлік қарсыласым өте мықты болды. Жеңіске кім жететіні кездесудің соңына дейін белгісіз болды. Барынша тырысып, 11:10 есебімен, бір ұпай айырмашылығымен жеңіске жеттім. кейін ақтық сында Италиялық спортшыны ұттым.

Аслан джиу-джитсу спортымен алты жасынан бастап айналысады. Оны үлкен спортқа қазіргі жаттықтырушысы, әрі көрші ағайы Айдос Уссабаев алып келіпті. Жеңіске жетуіне осы ағайының қосқан үлесі зор. Афинада өткен әлем чемпионаты Аслан үшін ең алғашқы Халықаралық турнир дода болып табылады.

— Өзім де ең алғашқы ірі жарысымда чемпион боламын деп ойламадым. Бірақ іштей жеңу үшін барғаным рас. Осы уақытқа дейін күнделікті екі-үш мезгілден жаттығу жиынын өткізіп келдік. Арманым осы жарысты жеңіп, әлем чемпионы болу еді. Орындалды. Ендігі мақсатым жастар арасында да әлем чемпионы болу.

Аслан жеңіске жеткенде бірінші болып  ата-анасы телефон шалып құттықтапты. Асланның нағыз жанкүйерлері артынан ілесіп келе жатқан інілері:

— Қос інім менімен бірге джиу-джитсу спортына қатысады. Жеңіске жетіп, елге оралғанымда Рүстем мен Дастан атты қос бауырым сен сияқты чемпион боламыз деді. Сонда ғана өзімнің нағыз чемпион болғанымды түсіндім. Ендігі мақсатым тек қана чемпион ғана емес, інілеріме үлгі болатындай аға атану.

16 жасар чемпион алдына үлкен мақсат қойып, дегеніне жетсін дейміз!

 

Сондай-ақ

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҮСТЕЛ ҮСТІ ТЕННИСІ ТУРАЛЫ

Астанада өтетін Гранд финал турнирі қарсаңында ҚР Парламент Сенатының төрағасы, Үстел теннисі федерациясының президенті Қасым-Жомарт …