Басты бет / Бокс / АТЫМДЫ АБЫЛАЙХАН ҚОЙҒАН СОҢ…

АТЫМДЫ АБЫЛАЙХАН ҚОЙҒАН СОҢ…

19 жасында Олимпиада ойындарында ел намысын қорғап, 20 жасында әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған Абылайхан Жүсіпов орта мектепті үздік бітірген екен.

Жақында бокстан 2017 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, жиырма жастағы Абылайхан Жүсіповпен біраз уақыт бірге болдым. Осы уақытқа дейін талай спортшымен араласып жүрміз. Шынын айту керек, Абылаймен кездесу көңілге басқаша әсер қалдырды. Бұл жігіт білімге жақын екен. Екінші жағынан бір кездегі орысы қалың Қарағандының баласы, қалада туған ұлан деуге аузың бармайды. Кішіпейіл, нағыз қазақи жігіт.

Әңгіме орайында «Көп спортшы білімге мән бермейді, бұған қалай қарайсың?» дедік. «Аға, мен Абай қаласындағы Абай Құнанбайұлы атындағы орта мектепті кілең «беске» бітірдім. Спортшыға кәсіби шеберлікке қоса білім мен рухани байлық өте қажет», деді ақкөңіл інім аңқылдай сөйлеп. «Мектеп бітіргенде алтын белгі алдың ба?» «Жоқ, үздік оқығандар алтын белгіге сынақ тапсырады екен. Сол сынақта «алтынға» жете алмадым». Құдды, ата-әжесінің бауырында өскен ауыл баласы тәрізді. Аузын ашса, бүлкілдеп көмекейі көрінеді. Мектепті тәмамдағанына үш жылдан асса да, әлі үлгілі шәкірт қалпынан өзгере қоймапты.

Мұндай сәт күнде бола бермейді. Соны ойлап, Абылайханға белгілі ақындардан толғап көрші, деп тілек білдірдік. Ініміз тосылған жоқ. «Жарыста, жаттығу жиындарында Мағжан Жұмабаевтың жыры ойыма оралады», деп жымиып алды да, «Мен жастарға сенемін!» өлеңінен мына шумақтарды қоңыр да жұмсақ дауысымен нәшіне келтіре оқып берді:

Арыстандай айбатты, Жолбарыстай қайратты —
Қырандай күшті қанатты. Мен жастарға сенемін!
Көздерінде от ойнар, Сөздерінде жалын бар,
Мен жастарға сенемін! Жас қырандар — балапан,
Жайып қанат ұмтылған.Көздегені көк аспан.
Мен жастарға сенемін!

Мына қалпында боксшы жігіттен тарих немесе әдебиет пәнінің майталман мұғалімі шығатынына күмән келтірмес едім. Көңілі анық құлап, екі-үш жыл талмай еңбектенсе, радиоға тамаша диктор болып шыға келер еді. Мұны жайдан-жай айтып отырған жоқпыз. Сөз саптауы тәуір, өзі сауатты екені әңгімесінен білініп тұр. Мектепте қазақ және дүние жүзі тарихын сүйіп оқыпты. Қазақ тілі пәнінен де оқу үлгерімі жақсы болған екен. Қазір де кітапқа көңілі жақын. Асылы, жаратылысынан зерделі, дарынды жас бір көргеннен көңілге жылы әсер қалдырды. Міне, қадірлі ағайын, Абылайхан батырды аз ғана уақытта басқа қырынан танығандай болдық. Егер онымен жүздеспесек, аға-іні боп сырласпасақ, сыртынан «боксшы» деп қана жүре беретін едік. Атам қазақ: «Жылқы кісінескенше, адам түсініскенше» дегенді осындайда айтса керек.

«Әлі есімде, бір күні біздің спорт мектебіне Еуропа чемпионы Серік Нұрқазов аға келді, -дейді Абылайхан бокс әліппесін жаңа үйрене бастаған күндерін көкейде қайта жаңғыртып. – Ол кезде мен сегіз-тоғыз жастағы баламын. Серік аға сапқа тұрған шәкірттердің қарсы алдына шықты. Журналистер камераға түсіріп жатыр. Біз ол кісіден көз алмай тұрмыз. Бір кезде отыз-қырық баланың арасынан мені ортаға шақырды да, бокстың кейбір әдіс-тәсілдерін көрсете бастады. Осы сәт менің жадымда берік сақталып қалды. Кейде ағаның көп баладан мені таңдағаны тегін емес, деп ойға қалам».

«Еліміздің ең атақты боксшысы — Олимпиада жеңімпазы, дүние жүзінің екі дүркін чемпионы Серік Сәпиев те Абай қаласынан, — дейді Абылайхан Жүсіпов мақтаныш сезімін жасыра алмай. – Серік Сәпиев әлем чемпионатын ұтып алғанда Абайдағы бокс залына балалар сыймай кетті. Мен Серік ағаны үлгі тұтамын. Ол кісі әйгілі боксшы болумен қатар, өмірден жолын таба білді. Ел арасында абыройға бөленді».

«Атыңды Абылайхан деп қойыпты. Үйдегілер қазақ тарихына құрметпен қарайды екен», деп сөз жүлгесін жалғай түстік. Боксшы інім езуіне әдемі күлкісін үйірген күйі былай деп жауап қатты: «Әкем Қайраттың туған әпкесі Алмагүл тәтем тарих пәнінің мұғалімі. Хан Абылайды қадір тұтатын сол апайым мені «Абылайхан» атапты». Боксшы бауырдың бұл жауабынан осы есімге лайық бола білсек, деген шынайы ниет те аңғарылып тұрды.

«Шаршы алаңдағы ұстазың кім?» Абылайханның жүзі нұрланып сала берді. «Жеті жасымнан боксқа баулыған Бауыржан Аманбаев туған әкемдей болып кетті. Бокстан спорт шебері. Менің бар бейнетімді көтеріп жүрген адам. Жаза басқан кезімде ұрсып алады. Ал анам Бақытгүл мен рингке шыққанда теледидарға қарамауға тырысады. Әке-шешем қанша уайымдаса да, жолыма кедергі болған емес. Ата-анамнан, бапкерлерімнен және мектептегі ұстаздарымнан жақсы тәрбие алдым, ол кісілердің үлгі-өнегесі арқасында өмірге дұрыс көзқарас қалыптасты, осындай абыройлы күнге жеттік».

«Ұлттық құрамаға алғаш қосылғанда қандай ойда болдың? Не мазалады?» «Ол кезде он сегіз жастамын. Әуелде үлкен жігіттердің арасында жағдайым қалай болар екен, деп қобалжығаным рас. Бірақ ағаларым мені бірден бауырға тартты, «жассың» деп ешқайсысы шетке қаққан жоқ Елдің әр қиырынан жиналған спортшылар бір үйдің балаларындай тату екен. Соған сүйсіндім. Бас бапкер Мырзағали Айтжанов темірдей тәртіптің адамы. Нұрғали Сафиуллин, Александр Стрельников, Марат Жақиев тәрізді ұстаздарымыз адамгершілігі мен бапкерлік білігі қатар ұштасқан жандар. Ұлттық құраманы тамаша өмір мектебі дер едім. Жігіттердің бокс шыңын көздеп аянбай тер төгіп жатқанын күнделікті көріп, сезінудің өзі бір ғанибет. Мырзағали аға құрамадағы жиындарды қазақ тілінде жүргізеді. Бұған наразы болған басқа ұлт боксшысын көрген емеспін. Тағы бір риза болатыным: біздің әр күнгі жаттығуымыз мемлекеттік әнұран айтудан басталады. Ал бір салмақтағы бәсекелес жігіттер рингтен тыс жерде бір-бірінің тілеуін тілеп отырады. Мысалы, менің салмағымдағы қарсыласым ірі жарысқа кетіп бара жатса, мен қызғанбаймын, қайта тілеулес боламын. Біздің құраманың дүние жүзіндегі ең мықты команданың бірі болғаны да осындай ауызбірліктің, ынтымақтың, күшті тәртіптің арқасы екені анық.Мырзағали Құланұлы маған зор сенім жүктеді. Кеше ғана жастармен тартысып жүрген мені қанаты қатайсын, шыңдалсын деп, олимпиада дуына салып жіберді. Есесіне, бұған дейін балалар мен бозбалалар жарыстарын тегіс ұтқан ініңіз нағыз жеңілістің не екенін көрді. Сол сәтсіздік маған өте ауыр тиді. Миллиондаған тілеулестерімнің үмітін ақтай алмағаным жаныма қатты батты».

«Мырзағали бапкер «Абылайхан Рио олимпиадасындағы ұтылысына қатты намыстанды, көпке дейін ұялып жүрді», деп еді. Сол рас екен ғой». «Рас, аға».

«Ал, інім, 69 келіні дүние жүзі «қазақтың салмағы» дейді. Сен биылғы әлем чемпионатында осы салмақта қола жүлдегер атандың. Олимпиада жеңімпазы, әлем чемпионы Данияр Елеусінов шаршы алаңға қайта оралады, деген хабар шықты. Кубаның олимпиада чемпионын ұтқан Асланбек Шымбергенов те оңай қарсылас емес. Биылғы Қазақстан чемпионы атағы Шымбергеновке бұйырды. Бұл салмақта тартыс тым қатты болайын деп тұр-ау осы». «Аға, Данияр Елеусінов өте күшті боксшы. Данияр ағаның қайтып келгеніне қуанғаннан басқа не айтам. Асланбек Шымбергенов те нағыз дер шағында. Бұл азаматтарға тек жақсылық қана тілеймін. Жаттықтырушылар алқасы қайсымыз мықты болсақ, соған сенім артады. Сондықтан тек қана беріле тер төгу керек».

«Мырзағали ағаң бір сөзінде «Абылайхан ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүретін боксшы емес. Қара терін аямай төгетін спортшы. Білімді, кішіпейіл, ұлтжанды жігіт. Бірақ керек кезінде рингте бұзық мінезі жетпей қалады. Әйтпесе…» деп еді. Айтжанов сөзін желге шашатын маман емес. Ол кісі турасын айтады, сендер өссін, өнсін дейді. Ұстазыңның сөзі есіңде жүрсін». Абылайхан күлім қаққан бойы үнсіз басын изеді.

2011 жылы он төрт жасында балалар арасындағы Қазақстан біріншілігінде жеңіске жеткен Абылайхан Жүсіпов әрі қарай 3 рет Азия чемпионатында, 2 рет әлем біріншілігінде жеке-дара шықты. 2014 жылы жасөспірімдер арасындағы олимпиада ойындарын ұтқан дарынды бозбала 2015 жылы Қазақ елінің ұлттық құрамасына алынды. 2016 жылы ересектер арасындағы тұңғыш халықаралық турнирінің финалында Әзірбайжанның намысын қорғайтын кубалық қара арғымақ Лоренсо Сотомайордан басым түсті. Лоренсо Сотомайор — Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, Еуропа ойындарының жеңімпазы. Ал биыл Гамбургте болған әлем чемпионатында үш қарсыласын жеңген Абылайхан жартылай финалда Олимпиаданың күміс жүлдегері, Азия чемпионы, өзбек боксшысы Шахрам Гиясовқа сәл ғана ұпаймен есе жіберіп алды. Екінші бәсекеде оң қабағы оңбай жарылып, қызыл қаны көзіне құйылып тұрса да, Жүсіпов «қыңқ» деген жоқ. Қалған ұрыстарға айрылып кеткен қабағын «жаматып» алып, жұлқынып шықты.

… «Аға, мешітке барып, бесін намазын оқып алайын», деді Абылайхан қоштасарда қолын ұсынып. Осындай иманды, сауатты әрі батыр інімнің барына іштей шүкіршілік айтып, мен де өз жолыма түстім.

Қыдырбек Рысбек.
«Жас Алаш», 7 желтоқсан, 2017 жыл.

Сондай-ақ

АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ СПОРТ БАСҚАРМАСЫ «ЖЫЛДЫҢ ҰЛТТЫҚ СПОРТТЫҚ ЖҮЛДЕСІ» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ

Қазақстанда «Жылдың Ұлттық спорттық жүлдесі» байқауы аяқталды. Алматы қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы «Үздік …