Басты бет / Бокс / КОНФЕДЕРАЦИЯ КУБОГЫНЫҢ НӘТИЖЕЛЕРІ БЕЛГІЛІ БОЛДЫ

КОНФЕДЕРАЦИЯ КУБОГЫНЫҢ НӘТИЖЕЛЕРІ БЕЛГІЛІ БОЛДЫ

Image result for конфедерация кубогы

2016 жылғы Конфедерация (күш қолданатын спорт түрлері бойынша) кубогының жеңімпаздары анықталды.

Таэквондодан биылғы жылдың үздік төрттігіне Жамбыл облысы, Алматы қаласы, Оңтүстік Қазақстан облысы және Батыс Қазақстан облысы кірді. Жартылай финалда Жамбыл облысы тартысты өткен кездесуде Батыс Қазақстан облысын 53-49 есебімен жеңіп, финалға жолдама алған. Ал екінші жартылай финалда Оңтүстік Қазақстан облысы Алматы қаласының таэквондошыларын 51-50 есебімен жеңіп, жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды. Финалдық кездесуде Руслан Жапаров бастаған Жамбыл облысының таэквондошылары Нұрсұлтан Мамай бастаған Оңтүстік Қазақстан облысының таэквондошыларынан 53-50 есебімен басым түсті. Осылайша, Жамбыл облысының таэквондошылары Конфедерация кубогымен қатар 25 миллион теңге жеңіп алды.

Грек-Рим күресінен жартылай финалда Оңтүстік Қазақстан облысы, Алматы облысы, Жамбыл облысы және Солтүстік Қазақстан облысының балуандары сайысқа түсті. Алғашқы жартылай финалдық жұпта Алматы облысының балуандары Оңтүстік Қазақстан облысының жігіттерін 4-2 есебімен жеңіп, финалға шықты. Екінші жұпта Солтүстік Қазақстан облысының «классиктері» Жамбыл облысының балуандарына 4-1 есебімен жол берді. Финалдық белдесулерде Алматы облысының балуандары Жамбыл облысының жігіттеріне ешқандай мүмкіндік қалдырмай 5-1 есебімен жеңіске жетті. Олар да Конфедерация кубогымен қатар 25 миллион теңге сыйақы еншіледі.


Бокстан өткен бәсекелер өте тартысты өтті. Жарыстың алғашқы күні Әділбек Ниязымбетов бастаған Маңғыстау облысының боксшылары Оңтүстік Қазақстан облысын 6-4 есебімен жеңіп, финалға шықты. Ал екінші жартылай финалда Астана қаласының боксшылары Алматы облысының жігіттеріне ешқандай мүмкіндік қалдырмады. Финалдық кезеңге шыққан Маңғыстау облысының командасы Астана қаласының боксшыларын 6:4 есебімен жеңіп, бірінші орын алды. Сәйкесінше, Астана командасы екінші орын алса, үшінші орынға Алматы облысы мен Маңғыстау облыстары жайғасты.

Еркін күрес шеберлері де «Балуан Шолақ» атындағы көрермендерді тартысқа толы белдесулерімен риза етті. Жартылай финалда Шығыс Қазақстан облысы Ақтөбе облысын 5-1 есебімен жеңді. Ал Алматы облысы Оңтүстік Қазақстан облысынан 4-2 есебімен басым түсті. Финалдық кездесуде Алматы облысының жігіттері шығыс қазақстандық спортшыларға ешқандай мүмкіндік қалдырмай 5-1 есебімен жеңіске жетті.

Дзюдошы жігіттер 2 күн бойы жарысты тамашалауға келген жанкүйерлерді тартысқа толы кездесулерімен тәнті етті. Алғашқы жартылай финалда Елдос Сметов бастаған Жамбыл облысының дзюдошылары Шығыс Қазақстан облысын 4-1 есебімен жеңіп, финалға шықты. Екінші жартылай финалдық кездесуде де Қарағанды облысының спортшылары қызылордалықтардан дәл осындай есеппен басым түсті. Ал финалдық кездесуде Жамбыл облысы қарағандылықтармен болған тартысты кездесуде 3-2 есебімен жеңіске жетті.

Естеріңізге сала кетейік, Конфедерация кубогының жалпы жүлде қоры 125 миллион теңгені құрады. Жарысқа Алматы мен Астана қаласынан бөлек 14 облыс қатысты.

Сондай-ақ

МЕССИ ӘЛЕМ БІРІНШІЛІГІ 2018-ГЕ ҚАТЫСАТЫН ҚҰРАМАЛАР ЖАЙЛЫ ӨЗ ОЙЫН АЙТТЫ

Аргентина ұлттық құрамасының және «Барселона» клубының шабуылшысы Лионель Месси алдағы әлем біріншілігінде топ жарып шығуы …