16 ЖАСАР БАЛАНЫҢ АРМАНЫ

«Байрақты бәсекелерде байрағымызды үнемі көкке көтергім келеді»

Бразилиялық джиу-джитсудан әлемнің вице-чемпионы, грэпплингтен екі дүркін Қазақстан жеңімпазы Елжан ЖҰМАДІЛ «Жұмадағы жүздесудің» қонағы:
– Елжан, Біріккен Араб Әмірлігінің астанасы Абу-Дабиде өткен бразилиялық джиу-джитсудан әлем чемпионатында күміс медаль иеленген екенсің (15-17 жас аралығы). Құтты болсын! Жалпы, жер-жаһанның кіл мықты спортшылары қатысқан бұл дүбірлі дода қалай өтті? Қай спортшыға есе жібердің? Қарсыластарың кім болды?

– Абу-Дабиде өткен бразилиялық джиу-джитсудан әлем чемпионаты жоғары денгейде өтті. Әлем біріншілігіне алғаш қатысуым болғандықтан біраз қобалжығаным рас. Бұл дүбірлі додаға әр елдің «сен тұр, мен атайын» деген кіл мықты спортшылары келіпті. Демек, қарсыластарым да өте мықты болды. Қазақ елінің көк туын желбірете көтеріп келген соң ел намысын қолдан бермеу керектігін жақсы түсіндім. Жаттықтырушым Нұрсұлтан Орынбасаров өзінің ақыл-кеңестерін айтып, барынша қолдау көрсетті. Жарысқа осылай өз бабымда шықтым. 81 кг салмақ дәрежесінде алғашқы қарсыласым – жергілікті спортшыны жеңдім. Артынан ресейлік қарсыласымды да тізе бүктірдім. Одан кейінгі қарсыласым – Араб әмірлігінің спортшысын жеңіп, ақтық сынға да шықтым. Алайда финалда ұлыбританиялық спортшыға есе жіберіп қойдым.

«Генерал болуды армандамайтын солдат жоқ» дегендей, спортты жанына серік еткен спортшылардың бәрінің арманы – бәсі биік бәсекелерде қатарынан оза шауып, бәйге алып, елінің мәртебесін асқақтата түсу екені баршамызға мәлім. Мен де кәсіпқой спортшы ретінде елімнің тек биіктерден көрінуі жолында тер төккім келеді. Алда әлі талай асқаралы асулар тұр. Алла қаласа, байрақты бәсекелерде үнемі байрағымызды көкке көтергім келеді. Ол бәріміз үшін серт қой. Өйткені, онда елдің намысы сынға түседі.

Аталған біріншілік менің спортқа деген қызығушылығымды одан әрі арттыра түсті. Бірінші кезекте жаттықтырушым Нұрсұлтан ағайыма алғыс айтқым келеді. Себебі, бразилиялық джиу-джитсуға қатысу бұрын тек қалада ғана болатын. Мен Іле ауданына қарасты М.Түймебай ауылында тұрамын. Айтайын дегенім, бұрын Алматы қаласына барып бұл спорт түріне қатысу мен сияқты қаланың шетінде тұратын балаларға қиынға соқты. Нұрсұлтан ағайым осы ауылдан бразилиялық джиу-джитсу және грэпплинг спорт залын ашып, талай қара домалақтарды жарысқа алып шықты. Ағайымның арқасында екі әлем чемпионы, бірнеше Халықаралық, Республикалық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері шықты. Ауыл балаларының спортқа құлшынысы артты. Осы орайда әлем чемпионатында ел намысын қорғау үшін қолдау көрсеткен, еліміздегі джиу-джитсу спорт түрінің дамуына үлкен үлес қосып жүрген «Бразилиялық джиу-джитсу және грэпплинг» федерациясының президенті Төлеген Құмаров мырзаға алғысымды айтсам артық болмас.

– Спортқа қызығуыңа басты не себеп болды? Ең алғаш спорттың табалдырығын аттаған кезің есіңде болар?

– Алғаш рет грек-рим күресіне 5-сыныпта бардым. Ал, спортқа келуімнің басты себебі – алдыңғы буын ағаларым секілді ұлттың намысын қорғап, Қазақ елінің көк туын көкке көтергім келді. Кешегі Жақсылық Үшкемпіров, Шәміл Серіков, Серік Қонақбаев, бертін келе Бақтияр Артаев, Бекзат Саттарханов, тағы да басқа ел намысын абыроймен қорғаған спорт саңлақтарындай қазақтың атын әлемге паш етсем деймін.

– Елжан, неге бразилиялық джиу-джитсу? Елімізде бокс, күрес, ауыр атлетика сияқты спорт түрлері кеңінен дамыған ғой…

– Жоғарыда айтқанымдай, спорттағы жолымды грек-рим күресінен бастадым. Нұрсұлтан ағай ауылымызда бразилиялық джиу-джитсу секциясын ашқаннан бастап осы спорт түрімен айналыса бастадым. Джиу-джитсумен қатар грек-рим күресінен де жарыстарға қатысып тұрдым. Облыс чемпионы болдым. Қазақша күрестен Қазақстан чемпионы атандым. Arlan Grip джиу-джитсу және грэпплинг халықаралық жарысында төрт мәрте топты жардым. Негізінен күрестің барлық түрі ұнайды маған. Ал, бразилиялық джиу-джитсуға тоқталған себебім, бұл спорт түрінде барлық күрестің тәсілдері бар. Жеңіске жету үшін жылдам ойлану қажет. Жалпы өте қызықты спорт түрі. Мен бразилиялық джиу-джитсу арқылы жаныма жақын өз спортымды таптым деп ойлаймын.

– Спортшының жетістіктері, әрине, бапкерлерге де байланысты болады. Бапкерлерің туралы айта отырсаң?

– Грек-рим күресінен алғашқы жаттықтырушым Сембаев Серік. Ол кісі менің екі жылдай бапкерім болды. Қазіргі бапкерім – Орынбасаров Нұрсұлтан. Ол мені бразилиялық джиу-джитсу және грэпплинг спортының айла-тәсілдерін үйретіп, үнемі қолдау көрсетіп, түрлі жарыстарға апарып жүр.

– Осы ретте отбасың туралы айта кетсең…

– Ата-анам қарапайым кісілер. Үйде үш ағайындымыз. Ағам және әпкем бар. Үйдің кенжесімін.

– Елжан, спортта үлкен жеңістер мен сәттіліктер тілейміз!

Сұхбаттасқан: Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ

Сондай-ақ

АТЫМДЫ АБЫЛАЙХАН ҚОЙҒАН СОҢ…

19 жасында Олимпиада ойындарында ел намысын қорғап, 20 жасында әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған Абылайхан …