Басты бет / Басқа түрлер / ЖЕКПЕ-ЖЕКТЕН ӨТКЕН ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНАТЫ

ЖЕКПЕ-ЖЕКТЕН ӨТКЕН ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНАТЫ

 

ЖЕКПЕ-ЖЕК СПОРТЫ ТУРАЛЫ

Жекпе-жек ойдан құрастырылған спорт түрі емес. Ол бабалар үрдісінің жалғасы, білектілер мен жүректілер сайысы. Ата-бабамыз ұрыста білек күшін пайдаланып, жауына қарсы тұрған. Бұл ұлттық жекпе-жек сол секілді бабалар салған іздің жалғасы.

Әрбір ұлт өзінің спортын насихаттайтыны сөзсіз. Сол сияқты жекпе-жек сайысы қазақ батырларының әскеи өнері болып табылады. Яғни нағыз бабаларымыз айналысқан, тарихпен ұштасқан спорт түрі. Білек күші болмаса сіз қылышты да, найзаны да ұстай алмайсыз. Тарихта мынадай аңыз бар.

Егер жаудың қолындағы қаруы байқаусызда түсіп кетсе, тұра сала қарсыласына бас салмаған. Жекпе-жектің адал әлі шынайы өтуі үшін екі жақ та қаруларын жерге тастап, білек күшімен жеңімпазды анықтаған. Себебі  қарусызды мерт қылу үлкен қастандық ретінде саналған. Сол кезде қос батыр арасында қарусыз жекпе-жек шайқасы өтеді. Мінекей сол батырлардың шайқасы бүгінгі ұлттық спорт жекпе-жек. Қос батыр жекпе-жекке шығу арқылы бүкіл елдің тағдырын шешкен, ауыр жүкті арқалаған. Саны жағынан қауқарлы жауларынан бірнеше есе кем қазақ халқы қарсы тұрған жауды ержүректігімен, асқан шеберлігімен, даналығымен кері қайтарып отырған. Ұлан байтақ даланы келер ұрпаққа мұра етіп қалдырған.

Ендеше бүгінгінің батырлары кімдер? Қазақтың бойындағы асқан батырлық сақталған ба? Бұл сұраққа жауапты Атырау қаласында өткен ұлттық спорт жекпе-жектен Қазақстан Республикасы чемпионатынан таба алдық

АТЫРАУДЫ ӨТКЕН БАЙРАҚТЫ БӘСЕКЕ

Ақпан айында  бабалар мұрасының жалғасы ретінде Ұлттық спорт жекпе-жектен Қазақстан чемпионаты өтті. Дүбірлі доданы облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы Ноғаевтың өзі келіп тамашалады. Екі күнге созылған доданың басынан аяғына дейін болған облыс әкімі ұлттық спорт жекпе-жектің болашақ ұрпақты қайратты да шымыр етіп тәрбиелеуге  керекті спорт екенін айта кетті.

«Біздің ата-бабаларымыз ежелден осынау ұлан-байтақ жерімізді білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап қалды. Келген команда мүшелеріне, спортшыларға сәттілік тілеймін. Мұндай дүбірлі додаларға шығу үшін ең бастысы, білектің күші емес, жүрек, жігер күші қажет-ақ. Сондықтан, сіздер, ең алдымен, өз-өздеріңізді жеңдіңіздер, — деді облыс басшысы.

Атырау облысы командасы 2 алтын, 3 күміс, 5 қола жүлде еншілеп, Қазақстан бойынша үздік үштікті қорытындылады. Осы орайда жергілікті шеберлерді дайындап шығарған облыстың аға жаттықтырушысы Аманжол Асылбек Аманжолұлының еңбегі ерең.

Өз кезегінде Осы жарысты өте жоғары деңгейде ұйымдастырып, ЖЕКПЕ-ЖЕКТІ Атырау облысында дамытуға үлесін қосып жүрген Атырау облысы Ұлттық спорт түрі ЖЕКПЕ-ЖЕК Федерациясының президенті Бекбенбетов Мадиxан Икрамұлына көрермендер мен спорт жанкүйерлері алғысын білдіріп өтті.

Қазақ деген ұғым қалыптасқаннан бергі уақыт аралығында жекпе-жек спорты да бірге қалыптасып, қазақ елімен бірге жасайтын болады. Бабаларымыз қазақ елін қаншама қиындықтар көру арқылы  жан-жағын қаптаған жауларынан аман алып қалды. Сол батырларымыздың жалғасы ретінде бейбіт елдің ұландары Атырау қаласында ұлттық жекпе-жек өнерін насихаттап отыр.

Жарыста ерлермен қатар 17 ару бақ сынасты. Ерлер он салмақта сынға түссе, қыздар арасында бес салмақ бойынша чемпиондар іріктелді. Соның ішінде он сегіз спортшы Атыраудың намысын қорғады. Жалпыкомандалық есепте алматылықтар жүлде саны бойынша І орын алды. Ал, ІІ орын Ақтөбе облысы командасына бұйырып, атыраулықтар ІІІ орынға ілікті.

ЖІГЕРЛІЛІК ПЕН ҚАЙСАРЛЫҚТЫ ТАЛАП ЕТЕТІН СПОРТ ТҮРІ.

Қазақстан біріншілігін тамашалауға елімізге белгілі азаматтар келді. Соның бірі айтыскер ақын, Саадат Нұрманов:

«Біз жастаймыздан жекпе-жек спортымен айналыстық. Біздің жастық шағымыздың өзінде жекпе-жек аса танымал болатын. Көп спорт түрлері бертін келе қалыптасқан. Қазіргі аралас жекпе-жек күрсетерінің барлығы да қазақтың жекпе-жегінен еш артық емес. Болашақ ұрпақтарымыздың салауатты өмір салтын ұстанып,ұлттық құндылықтарымызды ұмытпайтынына сенемін. Бүгінгі өткен шара соның айғағы.

ЖЕКПЕ-ЖЕК ҚАЗАҚТЫҒЫМЫЗДЫҢ БЕЛГІСІ

Қазақстан чемпионтында жеңіске жеткен Алматылық спортшы Арман Ашимовтың пікірі:

«Мен бірнеше спорт түрімен айналысамын. Талай рет аралас жекпе-жек түрлерінен ірі-ірі Халықаралық сайыстарға қатыстым. Сегіз бұрыш дейсіз бе, шаршы алаң дейсіз бе барлығында да өз бағымды сынап көрдім. Бірақ барлық спорт түрлері арасында жекпе-жектің орны ерекше. Мен осы бір спорт түріне шыққанда өзімді еркін сезінемін. Қазақтың спорты болған соң ба, жекпе-жек жаныма жақын.

БҰРЫМДЫЛАР АРАСЫНДАҒЫ БӘСЕКЕ

Жекпе-жек ерлердің спорты, ауыр еңбекті, төзімділікті талап етеді. Неге қыздар осындай спорт түрімен айналысу керек деген сұрақ әркімді де бей-жай қалдырмайтыны анық. Бірақ қазір әлемдік талаптарда әр спорт түрлерімен ерлер мен қоса әйелдер де айналысады. Жекпе-жекті әлемдік деңгейге шығару үшін жасалынып жатқан жұмыстардың бірі осы әйелдер арасындағы спортты дамыту.

Тарихта батыр да өжет қыздарымыз аз болған жоқ. Соның бірі ретінде Томирис ханшайымды айтуға болады. Әлия Молдағұлова, Мәншүк Маметова, Хиуаз Доспанова секілді апаларымыз ерлермен қатар елімізді жаудан қорғап қалу үшін талай отты кешкен. Сондықтан қазіргі заманда қыздардың бұндай спорт түрлерімен айналысуы аса тансық бола қоймас.

АТЫРАУДАҒЫ ТӘЙ-ТӘЙ БАСҚАН СПОРТ ТҮРІ

Атырау облысында жекпе-жек спортының ресми түрде қалыптасып, дамуы бір жыл көлемінде ғана. Осы уақыт аралығында Атыраудан бірнеше чемпиондар шығып үлгерді. Жасалынып жатқан жұмыстың белгісі ретінде Махамбет ұрпақтарына ел біріншілігін өткізу жауапкершілігі артылды. Спорт шеберлері шығып, осы бір спорт түрімен айналысатын жастар қатары көбейді. Облысымызда жекпе-жек  спортына деген қызығушылық артты.

 

АЛДАҒЫ ЖОСПАР МЕН МАҚСАТ

Кеңес одағына еңбегі сіңген спорт шебері, КСРО және Қазақстанның еңбек сіңген жаттықтырушысы, ережесіз жекпе-жектен тоғыз дүркін әлем чемпионы, дүниежүзілік жекпе-жек қауымдастығының президенті Сабыржан Махмет жарыстың мақсаты жігерлі де, намысшыл қайсар ұл-қыздарды тәрбиелеп шығару екендігін баса айтты.

— Атыраудағы чемпионатта бірінші және екінші орын алған спортшылар, әлем чемпионатына жолдама алып, «Спорт шебері» деген атақ беріледі. Астана қаласындағы жекпе-жек ЭКСПО-2017 әлем көрмесіне және Астана қаласындағы жекпе-жек сарайының ашылуына байланысты өтеді.

Бір айта кететіні Бүкіләлемдік көрме кезінде қазақтың екі ұлттық спорты кеңінен таныстырылмақ. Оның бірі көкпар болса, бірі осы бабалар ұрыс өнері — жекпе-жек. Бұның өзі Қазақстандағы жекпе-жек өнерінің әрі дами түсетінін көрсетеді. Мақсат қазақтың спортын бүкіл әлемге паш ету. Жастардың қызығушылығын арттыру.

ЭКСПО көрмесінде кезінде қазақтың батырлары осындай болған, елін, жерін қорғау үшін осындай ержүректіліктің нағызх үлгісін көрсете білген деген ниетпен ұлттық спорт жекпе-жек бүкіл әлемге паш етілмек.

2017 жылы Қазақстан Чемпионатының жеңімпаздары, Жекпе-жектен Қазақстан Республикасының спорт шеберлері:

50 кг: Жұманыш Бағдат (Ақтөбе).

55 кг: Ашимов Арман (Алматы).

60 кг: Әлмахан Бекзат (Алматы).

65 кг: Ұлықпанов Мирас (Ақтөбе).

70 кг: Төлегенов Мейірбек (Атырау).

75 кг: Алимов Арман (Алматы).

80 кг: Қажымұқан Әсет (Алматы).

85 кг: Теміров Исатай (Атырау).

90 кг: Атабаев Айбек (Ақтөбе).

+90кг: Шайхенов Манарбек.

— Алдағы уақытта да биіктен көрініп, жеңісті күндеріннің көп болуларын тілеймін. «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды», деген батыр Бауыржан Момышұлы. Бар күшетеріңді Қазақстанның мықтылығын көрсетуге жұмсайды деп сенім білдіремін, — деді Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев.

Жекпе-жектен Қазақстан чемпионатын өткізуге демеушілік танытқан «БАҚАЙ»  корпорациясына алғысымызды білдіреміз.

 

Сондай-ақ

СПОРТ САЛАСЫНДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕР ҚОЛДАУ ТАБУДА

Еліміздің танымал спортшылары «Қазақстан Республикасының дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша бірқатар заңнамалық актілеріне өзгертулер …