Басты бет / Футбол / Қазақстан Премьер Лигасы / ЕЛ ФУТБОЛЫНДАҒЫ ЕЛЕУЛІ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЕЛ ФУТБОЛЫНДАҒЫ ЕЛЕУЛІ ЖАҢАЛЫҚТАР

Премьер-лига клубтары жаңа маусымға қызу дайындығын бастап кетті. Көбісі қатарларына жаңа ойыншылар қосып жатса, енді бір клубтар шет елдерде оқу-жаттығу жиындарын өткізуде. Келер маусымдағы команданың негізгі құрамындарын жасақтауда. Мұның барлығы бапкерге артылған зор жүк болатыны анық. Қазіргі трансфер кезеңі де команданың күшін арттыруға бір септігін тигізбек. Бұл жолда да ел клубтарының басшылығы еңбектеніп жатқаны белгілі.

«Алтайдың» басына қара бұлт үйірілді

Өткен аптаның аяғында Қазақстан футбол федерациясының Атқару комитеті «Алтай» футбол клубын премьер-лигадан ресми түрде аластатты. «Алтайдың» қазіргі жағдайы сертификация ережелеріне сәйкес келмейді екен. Сертификация талабына сәйкес, премьер-лигаға ойнайтын команданың құрылымында балалар мен жасөспірімдер футболы болуы керек. Осылардың жоқтығына байланысты «Алтайдың» орнына «Тараз» клубы біріншілікке қатысатын болды.

Ал, «Алтай» алаңсыз жаттығуларын жүргізіп жатыр. Тіпті, жаңа ойыншыларды кезекпен-кезек алып жатыр. Ал, жанкүйерлердің «Алтай» келер маусымға қатысатынына сенімдері мол. ШҚО әкімі Д. Ахметов мырзаға да видео жолдау жіберіп, өз клубтарын премьер лигада қалдыруын өтініп жатыр.

Финонченко жасыл алаңнан кетті

34 жастағы Андрей Финонченко өз мансабын аяқтады. Бүкіл ғұмырын кеншілерге арнаған Андрей енді өзін бапкерлік қызметте сынап көрмек.

Айта кетейік, Андрей Финонченко «Шахтер» сапында 434 кездесу өткізіп, 126 мәрте гол соққан. Қазақстанның үздік футболшысы, үздік сұрмергені атанған. Сонымен қатар, екі мәрте ел біріншілігінің чемпионы болды. Оған қоса, қоржынында ел Кубогы мен Суперкубогы бар. Қазақстан Ұлттық құрамасы сапында 20 мәрте алаңға шығып, 5 рет қарсылас қақпасын дәл көздеген.


Францияға бармай, Кипрге аттанды

«Астана» футбол клубының жартылай қорғаушысы Рохер Каньяс АПОЭЛ клубына ауысты. Кипр клубының ресми сайты Колумбия футболшысымен мамыр айына дейін келісімшартқа отырғандығын мәлімдеді. Рохер Каньяс АПОЭЛ сапында 80-нөмірлі жейдемен ойнайтын болыпты. Кипр клубы Колумбия футболшысына ерекше сенім артатындықтарын білдіріп, ерен жетістіктерге бірге қол жеткізетіндерінен үмітті екендерін де айрықша атап өткен.

 

Өзінің айтуы бойынша, Испанияның «Депортивосынан» ұсыныс түскен және франциялық «Тулуза» қызығушылық танытқан екен. Бірақ клуб басшылығы Рохерді Кипрге жіберіпті.

“Уэмбли” төрінде гол соққан қазақ футболға оралды

Қазақстан Ұлттық құрамасының бұрынғы ойыншысы Жамбыл Көкеев маусымаралық үзілісте «Қайсардың» сапын толықтырды, деп хабарлайды Vesti.kz.

Кәсіпқой спорттағы мансабын 2005 жылы Алматының «Железнодорожник» командасында бастаған дарынды футболшы араға бір жыл салып, Ұлттық құраманың сапына шақырту алған болатын. Жамбыл Көкеев ТМД елдері арасында Англияның атақты «Уэмбли» стадионында гол соққан тұңғыш футболшы атанды.
«Астана», «Алма-Ата», «Локомотив», «Шахтер» және «Қайрат» секілді командаларда доп тепкен. Алматылық ұжымның сапында жүріп ауыр жарақат алып қалған еді. Содан бері, өзінің деңгейіне көтеріле алған жоқ. Алдағы маусымды Қызылорданың «Қайсар» клубының сапында бастайды.

2006-2015 жылдары аралығында Қазақстан құрамасының жейдесімен 27 рет алаңға шығып, 2 мәрте қарсылас қақпасын дәл көздеген.

«Ордабасы» клубының бас бапкері өзгерді

«Ордабасы» клубының тізгінін ресейлік маман Алексей Петрушин ұстады.  Алексей 1952 жылы 29 қаңтарда Мәскеу қаласында дүниеге келген. 1990 жылдан бері өзін бапкерлік қызметте сынап келе жатыр. Осы күнге дейін 17 клубты жаттықтырған. Олардың ішінде алматылық «Қайрат» пен Семейдің «Спартак» клубтары бар.

Семейден кеткелі бері бұл маманың ешбір клубты жаттықтырғанын естімеп едік. Енді, міне, Шымкент клубын баптайтын болыпты. Осы ретте айта кетейік, 2004 жылы «Қайратпен» Қазақстан чемпионы болған. Ал 2005 жылы қола жүлдегер атанған.

 

Сондай-ақ

ҚАЗАҚ ШОРТ-ТРЕКШІЛЕРІ МИНСК АЙДЫНЫН БАҒЫНДЫРДЫ

Беларусь астанасы Минск қаласында шорт-трек спортынан әлем кубогының соңғы алтыншы кезеңі өтуде. Бүгінгі күн шорт-трекшілеріміз …