Басты бет / Басқа түрлер / ОЛЬГА ШИШИГИНА АТЫРАУЛЫҚТАРДЫ МАРАФОНҒА ҚАТЫСУҒА ШАҚЫРДЫ

ОЛЬГА ШИШИГИНА АТЫРАУЛЫҚТАРДЫ МАРАФОНҒА ҚАТЫСУҒА ШАҚЫРДЫ

Атырауда 6 мамырда тұңғыш өткізілгелі отырған «ATYRAU-MARATHON» жарысына екі мыңнан аса адам тіркелген. Олардың ішінде есімі Гиннесс рекордтар кітабына жеті мəрте енген марафоншы Марат Жыланбаев, Атырау қаласының әкімі Серік Шәпкенов, эстрада жұлдызы Қайрат Нұртас секілді елге белгілі азаматтар бар.
Атырау марафонының регламентімен бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ұйымдастырушылар комитетінің өкілі Юрий Пономарев таныстырып өтті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бүгін марафонға тіркелудің соңғы күні.

Марафонда он шақырым қашықтыққа дейін жүгіру «Атырау» халықаралық әуежайынан және 21 шақырымға жүгіру «Мұнайшы» стадионынан бір мезетте 6 мамырда сағат 10.00-де басталады.

БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Олимпиада чемпионы Ольга Шишигина, Атырау, марафонды қолдап отырған, үшінші қала екендігін атап өтті.

— Қазір 2-3 аялдамаға дейін жаяу жүруге ерінетіндер көп. Қалаған жерімізге көлікпен баруға үйреніп қалғанбыз. Бұл марафон, әсіресе жастар үшін өз күшін сезініп, спортпен тұрақты айналысуына үлкен мүмкіндік. Сол үшін марафонға қатыспайтын адамдарды да қызығушылығын ояту үшін марафон шарасын қарауға шақырамын, — деді Ольга Шишигина.

Айта кету керек, қашықтыққа жүгірушілермен бірге полиция мен жедел жәрдем қызметкерлері де жолға шығады. Қатысушылар жүгіруді жалғастыра алмайтындай жағдай орын ала қалған кезде шұғыл көмекке келетін арнайы автобус қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, жол бойына (әуежай, Махамбет алаңы) су тарататын стационарлық және медициналық пункттер орналастырылады.

Марафонға қатысушыларға ыңғайлы болуы үшін 6 мамыр күні сағат 8:00-де орталық Исатай мен Махамбет алаңынан әуежайға дейін автобустар жүреді.

Жеңімпаздар «Мұнайшы» стадионында 8 аталым бойынша марапатталып, марафон құрметіне эстрада жұлдыздарының қатысуымен тегін концерттік бағдарлама ұйымдастырылады.

Нұрбейбіт Нұғыманов. Сурет автордікі

Сондай-ақ

АЛМАТЫДА «Olympic moves» СПАРТАКИАДАСЫНЫҢ АУДАНДЫҚ КЕЗЕҢІ АЯҚТАЛДЫ

  Алматыда Coca Cola компаниясының қолдауымен ҚР ҰОК-мен бірлесіп, 5-8 сынып оқушылары арасында «Olympic moves» …