Басты бет / Қысқы спорт / КЕРЛИНГШІЛЕР УНИВЕРСИЯДАҒА ДАЙЫНДЫҒЫН ҚОРЫТЫНДЫЛАУДА

КЕРЛИНГШІЛЕР УНИВЕРСИЯДАҒА ДАЙЫНДЫҒЫН ҚОРЫТЫНДЫЛАУДА

Қазақстандық керлингшілер 2017 жылғы Қысқы универсиадаға дайындықтың қорытынды кезеңіне кірісті
Қазақстанның керлинг бойынша құрамасы 2017 жылы Алматы қаласында өтетін 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиадаға дайындығын жалғастыруда. Қазақстандық керлингшілер қараша айында Оңтүстік Кореяда оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, Тынық мұхиты-Азия ойындарында өнер көрсетіп қайтты. Құрама Қысқы универсиадаға дайындығының қорытынды кезеңін Алматыда өткізуде.
Қазақстанда керлинг өте қарқынды дамып келе жатқан спорт түрлерінің бірі болып табылады. 1998 жылдан бастап осы спорт түрі олимпиада бағдарламасына енгізілген болатын. Алматының Қысқы универсиаданы өткізуге құқық алуы елімізде керлингтің дамуына тағы бір серпін беріп отыр. Қазақстан Республикасы Керлинг қауымдастығының бас хатшысы Виктор Кимнің сөзіне қарағанда, Қысқы универсиадаға биік мақсаттарды көздеген жас команда қатысайын деп отыр.
«Біз Қазақстанның тоғыз аймағындағы спортшылардан ұлттық құраманы жинадық. Олардың барлығы керлинг десе, ішкен асын жерге қоятын, осы спорт түрімен шұғылданғысы келетін қыз-жігіттер. Командамызда қазір 20 адам бар, барлығы өнер көрсетуге сақадай дайын отыр. Алайда олардың керлингпен айналысып жүргеніне бар-жоғы 1-2 жыл ғана болғанын ескеру қажет. Ал Универсиада кезінде әлемдік деңгейдегі командалар қашанда күшті құраммен қатысады, бұл өзі солай тарихи тұрғыда қалыптасып кеткен. Универсиада — маңыздылығы жағынан Олимпиада ойындарынан кейін екінші орында тұрған жарыс. Оған Ресей, Швейцария, Чехия, Германия, Швеция, Канада, Оңтүстік Корея, Жапония секілді елдерден әлемнің мықты командалары қатысады. Әрине, олармен бәсекеге түсу қиын болмақ, алайда біз бүкіл күшімізд салып күреспекпіз».
Қазақстанның керлингтен ұлттық құрама мүшелері жеңіске жетуді көздеп, осындай ауқымды спорт іс-шарасында ел намысын аянбай қорғауды ниет тұтып отыр.
«Универсиадаға дайындығымыз қызу жүріп жатыр. Қолымыздан келетіннің бәрін жасаудамыз. Жарыстар жақындаған сайын бәріміз толқып жүрміз, өйткені өз елімізде сайысқа түсу — біз үшін үлкен жауапкершілік. Біздің ойнымызды жанкүйерлеріміз тамашалайтындықтан, бүкіл күшімізді салып, аянбай ойын көрсетуіміз қажет», — деді Қазақстанның керлингтен әйелдер құрамасының скибі (бас капитаны) Рамина Юничева.
Универсиада-2017 аясында керлингтен жарыстар «Алматы-Арена» кешенінің тегіс мұз төселген стадионында өтеді. Барлығы медальдардың екі жиынтығы бәске тігілмек.
Ақпарат: Спорттық Алматы.

Сондай-ақ

РЫПАКОВА БЕЙЖIҢ ОЛИМПИАДАСЫНЫҢ КҮМІС ЖҮЛДЕГЕРІ АТАНДЫ

Халықаралық олимпиада комитеті ресейлік жеңіл атлет Татьяна Лебедеваны 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасындағы қос күмісінен айырды. …