Басты бет / Мақала / АЙДОС ОРАЛ «ЧЕЛСИ» САПЫНДА ОЙНАУДЫ АРМАНДАЙДЫ

АЙДОС ОРАЛ «ЧЕЛСИ» САПЫНДА ОЙНАУДЫ АРМАНДАЙДЫ

 

Қазақстан (U-18) жастар құрамасының капитаны — Айдос Орал, «Қазақ футболы» парақшасына арнайы эксклюзивті сұхбатын беріп, Гранаткин мемориалы турнирі жайлы өз ойымен бөлісті. 
— Сіздерді мамандар бұл турнирде аутсайдерлер қатарына жатқызды. Тіпті топтан шыға алмайды дегенде пікірлер болды. Бірақ сіздер сенсация жасап финалға дейін жеттіңіздер. Жалпы сіздер бұл турнирге қандай мақсатпен бардыңыздар?

— Біз әрқашан алдымызға жоғарғы мақсаттар қойдық және өз күшімізге сенімді болып, біз де жақсы өнер көрсете алатынымызды барлығына дәлелдегіміз келді.

— Гранаткин мемориалы турнирінде финалға жеттіңіздер, бұл Қазақстан тарихында алғашқы рет болып отыр. Финалға жетудің басты сыры неде?

— Бапкерлер ұжымы бізге еліміз үшін соңына дейін күресуді және жеңіс үшін соңына дейін ойнауды айтты.

— Сіз турнирдің ең үздік жартылай қорғаушысы атандыңыз, құттықтаймыз! Сонымен қатар капитандық қызметті де атқардыңыз, жалпы бұл турнирден алған әсеріңіз қандай?

— Бұл турнирге өте жоғарғы деңгейлі ойыншылар қатысты. Мен бұл турнирден үлкен тәжірибе жинадым. Әрине ол жүлдені алғаныма өте қуаныштымын. Әріптестеріме үлкен рахмет айтамын, олар болмаса бұл жүлдені алмайтын едім.

— Осы турнирде жақсы өнер көрсеттіңіз. Енді көптеген клубтардан ұсыныс түсуі мүмкін. Қазір, Шахтер клубында ойнайтыныңызды білеміз. Енді мансабыңызды қайда жалғастырасыз, әлде Шахтер клубында қаласыз ба?

— Шын айтсам, бұл жайлы әлі ештене білмеймін.

Болашақта шет елдік клубтардан ұсыныстар түссе барасыз ба? Жалпы шет елдік кай клубта ойнағыңыз келеді? Мүмкін, осындай бір шет елдік клубта ойнасам деген арманыңыз бар шығар. Сол жайлы айтып берсеңіз?

— Иә әрине, ойланбастан келісетін шығармын. Менің арманым лондондық «Челси» сапында өнер көрсету.

— Сөз соңында енді, «Қазақ футболы» жанкүйерлеріне және оқырмандарына айтар тілегіңіз бар ма?

— Барлық жанкүйерлерге үлкен алғысымды білдіргім келеді. Біз барлығын оқып біліп, қолдауды сезіп отырдық. Қолдау көрсеткендеріңізге біз өте қуаныштымыз және осында ойындарға келіп, қолдау көрсеткен жанкүйерлерге үлкен алғыс білдіреміз.

— Сұхбат үшін үлкен рахмет. Сәттілік тілейміз! Әрқашан осылай биіктерден көрініп жүре беріңіз!

— Рахмет.

Сондай-ақ

ДЖИУ-ДЖИТСУ СПОРТЫ БОЙЫНША ТҰҢҒЫШ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ

  Джиу-джитсу спортынан Қазақстандық спортшылар әлемдік аренада өздерін көрсете бастады. Джиу-джитсудың «Невада» түрі бойынша елімізден …