Басты бет / Күш қолданылатын спорт түрлері / 2017 ЖЫЛЫ ҚАНДАЙ ЖАРЫСТАРҒА БАРАМЫЗ?

2017 ЖЫЛЫ ҚАНДАЙ ЖАРЫСТАРҒА БАРАМЫЗ?

 

Тағы бір спорттық кезең мен 365 күндік (дәлірек айтсақ 2016 жылы 366 күн) өмір артта қалды. Енді күнтізбедегі тағы бір 365 күн басталды. Артта қалған 2016 жыл ел спорты үшін сәтті өтті десек те болады. Бастысы болашақта ел спортын өрге сүйрейтін талай жастың өсіп келе жатқанына көз жеткіздік.

Сонымен, қазақ спортшыларын 2016 жылы қандай айтулы жарыстар күтіп тұр?

Ең алдымен қазақ спортшылары бізді жазғы Азия ойындарында қуантуы тиіс. Қазақстан құрамасы жалпы есепте үздік үштікке кіруді жоспарлап отыр. Әрине азулы Қытай, Корея, Жапония елдері бар Азия құрлығында бәсекелестік те жоғары болады. Дегенмен, биылғы Олимпиада ойындарында «ешкім күтпеген» алтын медаль алған Дмитрий Баландин секілді талантты спортшыларға бай қазақ елі алтын жолында оңай берілмесі анық.

Қазақстандық спортшылар биыл Универсиада ойындарына қатысады. Студенттерге арналған ойындар демесеңіз маңыздылығы жағынан жоғары бағаланады. Тіпті Ресей секілді мемлекеттер бірінші номерлі спортшыларын алып келеді. Бұндай жарыста пісіп-жетілген спортшылар ертен Олимпиада ойындарында белсенері анық. Бастысы жастардың тәжиірбе алмасып, үлкен жарыстарға дайындалуына септігін тигізеді.

Биыл Қазақстанда бүкіләлемдік ЭКСПО көрмесі өткізіледі. Әрине спорттық жарысқа мүлде қатысы болмаса да көрмеге шетелден адамдар шақырып, қызығушылық таныту үшін спортшылар жағы қалыс қалмайтын секілді. Кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин көрме кезінде Канеломен жекпе-жек ұйымдастыруы мүмкін. Алайда бұл туралы нақты шешім шығарылмады. Одан бөлек, Қанат Ислам да осы уақытқа арнап Астанада үлкен жекпе-жек ұйымдастыруы мүмкін. ЭКСПО кезінде Астанада ММА-дан әлем чемпионатын ұйымдастыру жұмыстары басталып кетті. Бұл айтулы жарысты қабылдау үшін қазақстандық ММА басшылары біраз уақыт бұрын жұмысқа кірісіп кеткен. Әзірше нақты шешім шығарылмаса да ЭКСПО кезінде Астанада үлкен спорттық шараны көруіміз ғажап емес.

2017 жылы бізді әдеттегідей бокстан әлем чемпионаты күтіп тұр. Басты фавориттердің бірі саналатын біздің құрама алтынсыз қайтпайды деген ойдамыз. Хоккейден әлем чемпионатына да үлкен үмітпен қарайтын боламыз. Біздің жігіттер төменгі топқа түсіп қалмаса, басқа нәтиженің бәрі біз үшін жеңіс болары анық. Велоспорттан «Астана» шабандоздары да гранд турлардың басты фавориттері. Одан бөлек, футболшыларымыз Ресейде өтетін әлем чемпионатының іріктеу матчтарына қатысады. Ізін ала «Астана», «Қайрат», «Ордабасы» және «Ертіс» еурокубоктарда ел намысын абыроймен қорғайды деген үміттеміз.

Қош келдің, 2017!

Сондай-ақ

ДАНИЯР ЕЛЕУСІНОВ КӘСІПҚОЙ БОКСҚА АУЫСТЫ

  Рио Олимпиадасының чемпионы, қазақстандық боксшы Данияр Елеусінов ресми түрде кәсіпқой боксқа өтті, — деп …