Басты бет / Басқа түрлер / ОЛЬГА РЫПАКОВА ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ФИНАЛЫНА БІРІНШІ ОРЫНМЕН ШЫҚТЫ

ОЛЬГА РЫПАКОВА ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ФИНАЛЫНА БІРІНШІ ОРЫНМЕН ШЫҚТЫ

ХVІ әлем чемпионатында әйелдер арасындағы үш қарғып секіру сайысынан іріктеу сыны өтіп, Ольга Рыпакова финалға бірінші орынмен шықты.

Әлем чемпионатына жеңіл атлетиканың осы түрінен 26 спортшы іріктелініп алынған болатын. Олардың 12-ісі ғана финалға шығуы керек. Әр спортшыға үш мүмкіндіктен беріледі. Ал финалға жолдама беретін меже 14,20 метр көрсеткіш еді. Бірақ бұл межеден асқандар аз болса, соған жетеқабыл нәтиже көрсеткендер де финалға шығады. Қысқасы, артық та емес, кем де емес, 12 спортшы екшеліп шығуы керек.

Біздің елден екі спортшы үш қарғып секірушілер арасында бақ сынау құқығына ие болған. Олардың бірі – 2012 жылғы Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова да, екіншісі – жақында ғана Азия чемпионы болған Мария Овчинникова. Ал әлгі 26 спортшы екі топқа тең бөлініпті. Біздің қыздарымыз бөлініп түсіпті. Нақтырақ айтқанда, Мария «А» тобында» ал Ольга «В» тобында бақ сынады.

Ольга Рыпакова өз тобында екінші болып шығып, бірінші мүмкіндігінде-ақ 14,57 метрге қарғып, финалға шықты. Әрі стадион толы көрермен Ольгаға риза болып, ду қол шапалақтап, құрмет көрсетті. Колумбияның мақтанышы Катрин Ибаргуэн де бірінші мүмкіндігінде финалда бақ сынау құрметіне ие болды. Бірақ оның көрсеткіші – 14,21 метр ғана.

Венесуэла аруы Юлимар Рохас бірінші мүмкіндігінде 14,17 метрге қарғып, екіншісінде 14,52 метрді еңсерді. Португалия қызы Пастрисиа Мамона да (14,29), Ямайка үміті Шениека Риккетс те (14,21) екінші мүмкіндіктерінде финалда бақ сынау құқығына ие болды. Қалған қыздарға үш мүмкіндіктерін толықтай пайдалануға тура келді.

Сонымен финалда өнер көрсететін 12 спортшы іріктелініп алынды. Өкінішке қарай, екінші қызымыз Мария Овчинникова финалға ілікпеді. Бірінші мүмкіндігінде 13,18 метрге секірген, екіншісінде 12,90 метр көрсеткішпен шектелді. Үшіншісінде алысқа секірген сияқты еді, бірақ қарғу сызығын басып кетіпті. Оның бұл мүмкіндігі есепке алынған жоқ.

Мариямыз әлі жас. Бұл оның осындай дүбірлі додаға, яғни әлем чемпионатына алғаш рет қатысуы. Өз мүмкіндігін толық жүзеге асыра алмады (ең үздік нәтижесі 13,94 болатын). Әйтсе де, тәжірибе жинақтап, сабақ алады деп ойлаймыз. Асар биігі, алар жүлделері әлі алда деп үміттенеміз.

kazathletics.kz

Сондай-ақ

«ЮВЕНТУС» ОН ОЙЫНШЫМЕН «УДИНЕЗЕНІ» ОҢАЙ ЖЕҢДІ

Италия біріншілігінің 9-шы кезеңінде өткен «Удинезе» мен «Ювентус» арасындағы ойында, төреші «Ювентус» командасының шабуылшысы Марио …

Добавить комментарий