Басты бет / Күш қолданылатын спорт түрлері / Дзюдо / ЕСМАҒАМБЕТОВ ЧЕМПИОНДАР БАПКЕРІ

ЕСМАҒАМБЕТОВ ЧЕМПИОНДАР БАПКЕРІ

Мейіржан ЕСМАҒАНБЕТОВ

Қазан айында Бухаресте 1996-97 ж.т. жастар арасында самбодан өткен әлем чемпионатында атыраулық спортшылар Эльмира САМИҒОЛЛАЕВА мен Саида ҚАПСАЛЫХОВА «алтын» медальды жеңіп алған еді. Оларды жаттықтырушы Мейіржан ЕСМАҒАНБЕТОВ (суретте) дайындады. Мейіржан біздің бүгінгі қонағымыз.

— Іс жүзінде мен болашағынан зор үміт күттіретін екеу емес, бес спортшыны тәрбиеледім. Олар жастар арасында белбеу күрестен әлем чемпионы Махамбет Халидолла, дәл осындай атаққа ие Эльмира Самиғоллаева, жастар арасында самбодан әлем чемпионатының жүлдегері Анель Сүлейменова және жасөспірімдер арасында дзюдодан әлем чемпионы Айболат Ыстыбай, самбодан биылғы әлем чемпионатының жеңімпазы С.Қапсалыхова.

Осындай жетістіктерге қол жеткізудің сыры неде?

— Олардың бесеуі де маған дзюдо секциясына 2008 жылы жазылды. Секция дзюдодан танымал бапкер Аманбай Қыздарбаевтың күш салуымен Химпоселкеде, сол жердегі №7 мектептің еңбек пәнінің бөлмесінен ашылған еді. Сондай-ақ, бұл секцияның ашылуына беделді педагог, отбасылық типтегі облыстық балалар үйінің директоры Гүлсара Ботатаева да қол ұшын берген болатын. Менің бес чемпионымның бәрі де бір-бірімен шамалас, бір жылы туғандар деуге болады. Химпоселкедегі секциядан әлі де бірнеше спорт жұлдыздарын дайындап шығаруға болар еді, алайда, мектепте оқу бөлмелері жетіспейді деген желеумен секцияны бірнеше жыл бұрын жауып тастады. Мен өз балаларыммен бірге «Балықшы» ДСК келіп орналастым. Қазір біз №4 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің құрамындамыз, жетістікке жеткен оқушыларымыз жоғарғы спорттық шеберлік мектебінің құрамына енгізілді.

Болашақ чемпиондар өздерінің спорттағы алғашқы табысты қадамдарын қашан бастады?

— Олар жеңіске бірден қол жеткізе қойған жоқ. Ол үшін қаншама еңбектену керек. Маған келген кезде Эльмира мен Саиданың жасы 8-де, Айболат – 7-де болатын. Жаттығуды барлығы 30 адам болып бастадық, оның 10-ы қыздар. Кейін тек үш қыз ғана қалды. Есімде Саиданың ата-анасы оның дзюдомен айналысуына қарсы болды. Бірақ, ол өзінің қайтпас мінезімен ата-анасын көндірді. Эльмираның отбасын спортшылар отбасы деуге болады, оған барлық жағынан қолдау танытып отырды. Ол өзінің кішкене інісін жаттығуға әкеліп жүрді. Міне, қазір Мұхамедали Самиғоллаев мықты самбошы болып өсті, ҚР чемпионы, халықаралық турнирлердің жүлдегері. Айболат та өзінің бауыры Қанатпен бірге жаттығу өткізіп жүрді. Қазір Қанат дзюдодан және қазақ күресінен ҚР чемпионы болды.

Э. Самиғоллаева — сол жақта, А. Сүлейменова — оң жақта

Эльмира мен Айболат және Саиданың жеңіп алған барлық атақтарын атаңызшы?

— Эльмира Самиғоллаева, 20 жаста, жастар мен ересектер арасында қазақ күресінен ҚР чемпионатының жүлдегері, Тұрар Жолдыбаевты еске алу құрметіне орай дзюдодан өткізілген халықаралық турнирдің екі дүркін жеңімпазы, Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметованы еске алуға орай дзюдодан өткен халықаралық шеберлік турнирінің жеңімпазы, самбодан әлем чемпионаттарының жеңімпазы және күміс жүлдегері.

Айболат Ыстыбай, 18 жаста, Тверь және Берлинде дзюдодан өткен Еуропа кубогінің қола жүлдегері, 1998 жылы туған жасөспірімдер арасында Сараевода дзюдодан әлем чемпионы атанды. Биылғы жылы ересектер санатында белдесіп, Батыр Сисенбаевты еске алу құрметіне өткен халықаралық турнирде бірден «күміс» медальды иеленді. Қазан айында Варшавада 1997-98 ж.т. жастар арасында дзюдодан өткен сайыста Еуропа Кубогін жеңіп алды.

Айболат ЫСТЫБАЙ

Саида Қапсалыхова, 19 жаста, жастар арасында қазақ күресінен ҚР чемпионы, жастар арасында дзюдодан ҚР чемпионатының және Хан-Манасты еске алу құрметіне дзюдодан өткен халықаралық турнир жүлдегері, жастар арасында самбодан ҚР чемпионы және жастар арасында белбеу күрестен әлем чемпионатының жүлдегері.

Бухаресте өткен чемпионатта Эльмира мен Саиданың жекпе-жектері қалай өтті?

— Эльмира 72 келіге дейінгі салмақта бақ сынады. Алғашқы жекпе-жегін Ресей өкілімен бастады. Финалда Белоруссия спортшысымен белдесті. Эльмира екі жекпе-жекте де 8:0 есебімен жеңіске жетті. Саида алғашқы кездесуде Армения спортшысын 4:1 есебімен, Өзбекстаннан келген өкілді 5:0 есеппен тізе бүктірді. Ақтық мәреде Ресейден келген үш дүркін әлем чемпионымен кездесіп, оны табан тірескен жекпе-жекте 1:0 есебімен ұтып кетті.

Таяу арадағы жоспарларыңыз қандай?

— Қарашада Қызылордада ересектер арасында өтетін еліміз чемпионатында сәтті өнер көрсету.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ, Ақ Жайық газеті

Сондай-ақ

АМЕРИКА АУДАРЫСПАҚШЫЛАРЫН КӨРДІҢІЗ БЕ?

Суретте: 80 келі салмақта сынға түсетін Крид Гарник есімді атақты америкалық аударыспақшы осы.  Аударыспақтан ашық …