ҚОШҚАР КӨТЕРУДЕН ЖАҢА РЕКОРД. ҚАЗАҚСТАН ҚҰРАМАСЫНЫҢ МҮШЕСІ ҚОШҚАРДЫ 510 РЕТ КӨТЕРДІ

Алматының орталық мешітінде Асыл мұра бағдарламасы аясында мұсылмандардың мерекесі «Құрбан айтқа» арналып ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті, деп ақпараттық-спорттық ХАБ хабарлайды.

Бұл шара таңғы айт намазынан кейін 4,5 мың адамның қатысуымен басталды. Кез келген қатысушылар өздерін қошқар көтеру, қол күрес, бағанаға шығу және асық атудан сынап көрді.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы сыйлықтар, сондай-ақ, қошқар көтеру жүлдегерлері 40 келі қошқарларға ие болды. Оның екеуі 505 және 510 рет көтерген жас палуандар Бауыржан Әбдіхайым мен Ильяс Жұмайға бұйырды.

— Мен қатысам ба жоқ па деп көп ойландым. Себебі алда Ресейде жарыс күтіп тұр. Бірақ. 505 дегенді көріп, жігерленіп, қатысуға бел будым. Осылайша 510 рет көтеріп өзім үшін рекорд орнаттым. Мен әрқашанда өз қарсыласымды жеңуге тырысатын адаммын, бүгінде ұтуға тырыстым. Егер ол қошқарды 600 рет көтергенде, мен 605-ке жеткізуге талпынатын едім, — дейді еркін күрестен Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Ильяс Жұмай.

Ильяс Жұмай осының алдында, екі ай бұрын осы бағдарламаның ашылуында да дәл осындай қошқарды 205 рет көтеріп ұтып алған болатын. Ол күреспен 8 жасынан бастап айналысып, еліміздің абыройын көптеген халықаралық жарыстарда қорғап жүр.

Айта кету керек, бүгінгі шараның қонақтарына жарыстардан бөлек арнайы дастархан жайылып, балаларға тәттілер таратылды. «Асыл мұра» бағдарламасы қаладағы мешітке келуші жамағаттар арасында бұқаралық спортты дамытуға бағытталған.

Бөлісу: