Басты бет / Басқа түрлер / ШЕТЕЛДЕГІ ШИРЕК ҒАСЫР БҰРЫНҒЫ АУДАРЫСПАҚ

ШЕТЕЛДЕГІ ШИРЕК ҒАСЫР БҰРЫНҒЫ АУДАРЫСПАҚ

17 тамызда басталатын Аударыспақтан халықаралық ашық турнирде 9 мемлекеттің балуандары бақ сынайды. Қазіргі кезде 6 мемлекеттің командасы Астанаға келіп жетті. Кеше америкалық аударыспақшылардың келгенін хабарлағанбыз. Бүгін Моңғолия, Ресей, Қытай, Өзбекстан және Мажарстан балуандары Елорда топырағына табан тигізді. Осы орайда, жанкүйерлеріміз жүзтаныс бола берсін деген оймен қолымызда бар шетелдік балуандар мәліметтерін кезегімен назарға ұсынуды жөн көрдік. Егер зер салып қарасаңыздар, біздің саңлақ аударыспақшыларымыз Біржан Қосалиев, Сырым Ізбасаров және Есімхан Рахматілла туралы ілгеріде жазылған деректерді осы сайт бетінен оқуға болады.   

 

 

Суретте: 2014 жылы Қазақстанда өткен І Азия чемпионатына қатысушы, Мажарстанның мықты аударыспақшысы Раджзингер Роберт Ласло.

     Бұл елден Раджзингер Роберт Ласлодан басқа Ксеппенто Зомбор және  Серф Амбрус есімді балуандар осы турнирге білек сыбанып келді.        Аударыспақты мадиярлар да өздерінің ұлттық спорт түрі санап, қайратты жігіттері мерекелік жиындарда жекпе-жекке шығуды дәстүрге айналдырған. Бүтін Еуропа көлемінде ат үстіндегі сайыста көп жылдан бері мажарстандықтардың мерейі үстем болумен келеді.

Осы тұста аударыспақтың мына бір тарихи оқиғасын  айта кетейік. 1994 жылы Венгрияда өткен Бүкілдүиежүзілік ұлттық ойындар фестиваліне Қазақстанның көкпаршылары мен аударыспақшылары қатысып қайтқан. Осыдан дәл 23 жыл, яғни, ширек ғасырға жуық уақыт бұрынғы аударыспақ тарихы.

Мажарстанның Кешкемет қаласында өткен  осы фестивальда ат құлағында ойнап өскен  қазақтың 12 азаматы алдымен Еуропа төрінде тұңғыш рет көкпар тартып, мыңдаған көрерменнің аузын аштырып, көзін жұмдырыпты. Сонда бұрын-соңды көкпардың додасындай керемет көріністі көрмеген еуропалықтар қазақ көкпаршыларын нағыз жүрек жұтқан батырларға  балап, жарты сағаттай тік тұрып қол соғып, қошамет көрсеткен екен.

Сөйтіп, Еуропаның төсін дүбірлетіп,  мадияр туыстарының өтінішімен үш күн көкпар шапқан қазақтар төртінші күні аударыспақ өнерін көрсетіп тамам жұртты тағы бір таңдандырмақ болып алаңға құлшынып шыға қалады ғой баяғы. Сөйтсе, таңданбақ былай тұрсын, мажарлықтар ала таңнан өздерінің таңдаулы аударыспақшыларын қатарластыра тізіп қойып, біздің балуандарды жекпе-жекке шақырып тұр дейді.

Содан аяқ астында қазақтар мен мадиярлар арасында аударыспақтың қып-қызыл майданы басталған да кеткен. Бұл жекпе-жектердің финалдық бәсекесінің бейнетаспасы осы күнге дейін бар. Төрт-бес жыл ілгеріде көзімізбен көрдік. Тақымы тастай, құрыш білекті біздің жігіттер  алғашқы қос сайыста бойлары екі метрлік мадиярларды қол-аяқтарын сереңдетіп аттарынан жұлып-жұлып түсірді.

Енді соңғы сайыс. Екі жерлесінің жеңіліс себебін ертоқымнан көрді ме, үшінші мадияр дереу атынан секіріп түсіп, ертоқымын сыпырып тастап, атқа қайта қарғып мінді. Біздің жігітке «Сен де жайдақ шық» деп қиқулай ат ойнатып айғайлап, қолымен  нұсқап жатыр. Бауырымыз ойланып тұрмады. Ол да дереу ортаға атын жайдақ мініп шыға келді.

Ұстаса кеткені сол еді, біздің жігіт ұзынтұра мадиярды жалғыз-ақ жұлқып тартты да, алдына қойша өңгеріп кете берді. Әудем жерге барғанда ғана қарсыласын алдынан сілкіп түсіріп,  ары қарай тұра шапты. Бейшара мадияр көк майсаға бүктетіліп құлады. Әрине, тым өрескелдеу көрініс. Бірақ, ренжитін ол жоқ. Орала шауып өзіне қарай келе жатқан біздің жігітке қарсы құшағын айқара ашып тұр.  Бауырымыз да аттан секіріп түсе қалды. Айқара құшақтасып жатыр. Сонда анық байқалды, бауырымыз жауырынды болғанымен, бойы мадияр балуанның кеудесінен ғана келеді. Соңғы сайысқа шыққан мадияр балуаны жайдақ атпен белдесуде Еуропа төңірегінде ешкімнен жығылмаған мықтының бірі екен.

Міне, ширек ғасырға жуық уақыт бұрын шетелде аударыспақтың осындай жекпе-жегі болған. Алдағы уақытта кезінде Мажарстанның мықтыларын  мыңдаған еуропалықтардың алдына аттарынан аударып кеткен біздің азаматтардың аты-жөндерін анықтап, осы оқиға туралы кеңірек баяндау ойымызда бар.

Төлеген ЖӘКІТАЙҰЛЫ

Сондай-ақ

ҚЫЗЫЛОРДАДА СПОРТ КҮНІНЕ ОРАЙ БҰҚАРАЛЫҚ ШЕРУ ӨТТІ

Спорт күні кәсіби мерекесіне орай 20 тамыз күні Қызылорда қаласында салауатты өмір салтын насихаттау, әрі …