Басты бет / Басқа түрлер / «ҰЛЫ ДАЛА ОЙЫНДАРЫ» АТТЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ФЕСТИВАЛЬ ӨТТІ

«ҰЛЫ ДАЛА ОЙЫНДАРЫ» АТТЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ФЕСТИВАЛЬ ӨТТІ

Ұлттық спорт түрлерінен «Ұлы дала ойындары» республикалық фестивалін 5000 адам тамашалады.

Алматыда өткен «Ұлы дала ойындары» ұлттық спорт түрлерінен республикалық фестивальге Қазақстанның әр аймағынан спортшылар қатысты. «Спорттық Алматы» бағдарламасының аясында өткен спорттық шараға қатысушылар саны бойынша рекордтық көрсеткішке, 600-ге жуық спортшыға жетті.

Алматы әкімі Бауыржан Байбек өзінің құттықтау сөзінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында мәдениет пен жеке ұлттық кодты сақтауға үлкен назар аударғанын айтты.

— «Мемлекет басшысы еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген күннен бастап төл құндылықтарымызды насихаттау арқылы ұлттық сананы жаңғыртуды басым бағыт ретінде айқындап берді. Соның арқасында халқымыз ұмыт бола бастаған тілімен, өзіндік мәдениетімен, салт-дәстүрімен қайтақауышты. Мемлекет тарапынан Ұлттық спорт түрлеріне, оның ішінде көкпар, аламан бәйге, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату, асық ату, тоғызқұмалақ, қазақ күресі сынды айшықты іс-шараларға жүйелі түрде қолдау көрсетіліп келеді. Биылғы жылдың аяғына дейін Алматы ипподромында жүлделік қоры 80 млн. теңге болатын 89 бәйге өтеді. Біздің қалада қазақ күресінен «Алматы Барысы» мен «Әлем Барысы» сайыстарының өтуі де спорт әуесқойлары үшін ерекше сыйлық болмақ» -, деді Бауыржан Байбек.

«Ұлы дала ойындары» республикалық фестиваліне қатысушылар спорттың 8 түрі бойынша сайысқа түсті, олардың ішінде, ат жарыстары (4 км тай жарыс, 7 км құнан бәйге, 13 км топ бәйге, жайдақ бәйгелер, 21 км аламан бәйге), көкпар, аударыспақ, теңге ілу, тоғызқұмалақ, асық ату, жамбы ату, қазақ күресі сынды ұлттық спорт түрлері бар.

Әлбетте, көрерменнің көңілінен шығып, шабыттандырған, жүйрік шабандоздар қатысқан айтулы дода – көкпар. Ақтық бәйгеде ОҚО «Құлагер» мен «Әулиеата» командалары өзара мықтыны анықтады. Жарыс нәтижесі бойынша 9:1 есеппен, ОҚО ат мінерлері алтынды олжалады.

— Жеңіс бізге оңай берілген жоқ. Біздің ұжымның басым бөлігі жас спортшылар, бірақ, біз бар күшімізді салып, көкпардан он жетінші Қазақстан чемпионатын жеңдік. Осы жылы жаңа ережелер енгізілгендіктен, біз өзіміздің әдістерімізді қолдандық. Қазір қазандықтықтың орнын жердегі шеңбер алмастырды, бұл әлде қайда жеңілірек. Бүгінгі мереке үшін барлық ұйымдастырушыларға деген алғысым шексіз. Барлығын ұлттық спорт түрлерімен айналысуға шақырамын, біз әрқашан көмектесуге дайынбыз! – деп бөлісті ОҚО командасының бас бапкері Бақтыбай Шырынқұлов.

Айта кетсек, биылғы жүлделік қор 24 млн. теңгені құрады. Жүлделі орын иеленушілеріне ақшалай сыйлықтар табысталды: «Құнан бәйге» – 2 млн., 1 млн., 500 мың, 300 мың, 200 мың теңге, «Аламан бәйге» – 4 млн., 2 млн., 600 мың, 500 мың, 300 мың теңге, «Топ бәйге» – 3 млн., 1,5 млн., 600 мың, 400 мың, 200 мыңтеңге, «Тай жарыс» — 300 мың, 200 мың, 100 мың теңге, «Көкпар» — 1,5 млн., 1 млн., 800 мың теңге.

Негізгі ойындар мен қатар, фестиваль қонақтары бүркіттердің, аңшылық тазы иттердің, қолдан жасалған қолданбалы бұйымдардың көрмесін тамашалады. Сонымен қатар, қонақтар мың бұралған бишілердің, театрлық қойылымның, Қазақстан эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен кішігірім концерттік бағдарламасына куә болып, тамаша әсер алып қайтты.

Фестиваль спортшыларды марапаттау рәсімімен мәресіне жетті. Қазақстан Республикасы ұлттық спорт түрлері Ассоциациясының президенті Бекболат Тілеухан сөза лып, келген қонақтарға көрсеткен қолдауы үшін ризашылығын білдірді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге грамоталар, медальдер мен кубоктарды әйгілі спортшы Жақсылық Үшкемпіров пен қоғам қайраткері Бекболат Тілеухан табыстады.

«Ұлы дала ойындары» республикалық фестивалі «Спорттық Алматы» жобасы аясында осымен екінші мәрте, алып шаһарда ұлттық пен бұқаралық спортты дамыту мақсатында өтті.

Сондай-ақ

АУЛА КОМАНДАЛАРЫ АРАСЫНДА КЕЗЕКТІ ФУТБОЛ ЛИГАСЫ ӨТЕДІ

6-ші тамыз күні, «Спорттық Алматы» жобасы аясында  футболдан аула командалары арасында жарыс өтеді. Жарысқа сегіз …