Басты бет / Басқа түрлер / РЕГБИДЕН ӘЙЕЛДЕР ҚҰРАМАСЫ ТОКИО ОЛИМПИАДАСЫНА ЖОЛДАМА АЛУҒА ДАЙЫН

РЕГБИДЕН ӘЙЕЛДЕР ҚҰРАМАСЫ ТОКИО ОЛИМПИАДАСЫНА ЖОЛДАМА АЛУҒА ДАЙЫН

Айгүл Джартыбаева: Регбиден Қазақстан әйелдер құрамасы Токио Олимиадасына  жолдама алуға дайын

Ел намысын регбиден халықаралық ареналарда қорғаған, халықаралық деңгейдегі спорт шебері, алматылық регби клубының директоры  Айгүл Джартыбаевамен әңгімелесудің сәті түсті. Ол регби жайлы қызықты мәліметтермен, спортшылардың жетістіктерімен, сондай-ақ, алға қойған мақсаттарымен бөлісті.

— Айгүл ханым, клубыңыз жайлы айтып берсеңіз?

Алматылық клубы 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бізде қыздар мен ұлдар командалары бар. Олар регби 7 мен регби 15-тен ҚР чемпиондары. Біз күнделікті «Авиатор» стадионында жаттығамыз. Айта кететін жайт, көрсетілген қолдау үшін Алматы қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасына алғысымыз шексіз.

— Клубтың жетістіктеріне тоқтала кетсеңіз?

Біздің клуб ойыншыларының басым бөлігі — Қазақстан құрамасының спортшылары. 2010 жылы қыздар командасы Гуанчжоу қаласында өткен Азия ойындарының чемпионы. Ал 2014 жылы Азия ойындарында қола жүлдені  олжалаған болатын. Жалпы, 2000 жылдан 2008 жылға дейін біз регби жетіден Азия чемпионатының абсолютті чемпиондары болғанбыз. Ал ұлдар жайлы айтатын болсақ, 2007 жылы олар регби 15-тен Азия біріншілігінің  чемпионы атанған. 2008-2011 жылдар аралығында ұлдар аталмыш чемпионаттың тұрақты күміс жүлдегерлері. Яғни, біз Азия елдері арасында 5 үздік ұлттар Кубогына ендік.

— Клуб құрамы қанша спортшыдан құралған? 

16 қыз бен 16 ұл қала намысын мемлекетік, халықаралақ жарыстарда жоғарғы нәтижелермен қорғап келеді. Бұған дейін, біздің ұжымда алпыстан аса спортшы болған. Ал 2016 жылдан регби 7 Олимпиада ойындарының тізіміне  енгеннен бері, спортшылар саны күрт азайды. Сондықтан, бізде қазір жалпы, отыз екі спортшы алматылық регби клубының  мүшелері.

— Қазіргі таңда, қандай айтулы додаларға дайындалып жатырсыздар?

Бүгінгі күні қыздар да, ұлдар да регбиден Қазақстан чемпионатында бақ сынасуда. Екі кезеңі аяқталды, бірі Шымкентте өтсе, екіншісі Тараз қаласында болды. Екі кезеңде де спортшыларымыз жақсы нәтиже көрсетті. Қыздар әзірге бірінші орында, ал ұлдар екінші орында, Талдықорған клубы олардан аз ғана ұпай айырмасымен басым түсті. Қыздар тамыз айында Испания елінде Бинедорн 7   турниріне қатысса, ал желтоқсан айында Дубай 7 халықаралық  жарыста ел намысын қорғайды.  Айта кетсек, қыздар командасы регбиден әрдайым жүлделі орындардың иегерлері. Алдағы жарыстарда да жақсы нәтижеге қол жеткіземіз деген ойдамыз.

— Регби Олимпиадалық спорт түріне енгеніне байланысты, сіздің ойыңызша, қашан Қазақстан осы спорт түрінен Олимпиада ойындарында ел намысын қорғай алады?

Жалпы, қыздар құрамасы үздік спортшылардан құралған. Олар ұзақ уақыт бойы түрлі халықаралық деңгейдегі айтулы додалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері. Осыған орай, олардың мүмкіндіктері баршылық. Ал ұлдар командасы жаңарған, жас спортшылардан құралғандықтан, олардың бағындырар белестері әлі алда деп ойлаймын. Осы жылы, регбиден Қазақатан Федерациясы қыздар ұжымының бапкерін ауыстырған болатын. Енді, қыздар командасын Ирладиядан келген Джон Феллон жаттықтырады. Бірінші кезең – 2018 жылы өтетін Азия ойындары, жеңіске жететінімізге сенімдімін. Айта кетсем, ирландық бапкер аса тәжірибиелі, спортшыларымыздың жаңа белестерді бағындыруына көмектесетініне кәміл сенімдіміз.

— Жас спортшыларды, яғни келешек регби жұлдыздарын дайындайсыз ба?

Әлбетте, олар — біздің болашақ спортшыларымыз! Алматы қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы бағдарламасының аясында № 3 кешенді балалар-жасөспірімдер спорт мектебіндерегби бөлімі бар. Онда алты бапкер балаларды жаттықтырып, шеберліктерін арттырады. Ең кіші спортшыларымыз он жасар балалар. Олар да түрлі турнирлерге қатысады. Ал іріктелген үздіктері болашақта біздің клуб құрамына енетін болады.

—  Клубтың үздік ойыншыларын атасаңыз?

Қазіргі таңда, қыздар ұжымының үздіктері: Яковлева Анна, Бахтыбаева Құндызай, Балжан Қойшыбаева және Людмила Коротких.

— Қазақстандағы регби болашағын қалай елестетесіз?

Регбидің елімізде қарқынды дамуын қалаймын. Сонымен қатар, әйелдер құрамасы   2020 жылы Жапония елінде өтетін төртжылдықтың басты додасына  арналған іріктеу  турниріне қатысып, жолдама алуға мүмкіндіктері бар.  Шыны керек, біздің қыздардың  келешегі зор. Олимпиада ойындары  күншығыс елінде  өтетіндіктен, біздің мүмкіндіктеріміз баршылық. Осыған орай, жапон құрамасы автоматты түрде байрақты бәсекенің қатысушысы, сонда біздің басты қарсыласымыз Қытай мемлекеті. Ал, біздің спортшыларымыз олардан әлдеқайда мықты. Азия командаларының арасында біздің қыздар үздік, физикалық тұрғыдан олардан басымдау.

— Неліктен сіз регбиді таңдадыңыз? Қыздарға осы спорт түрімен айналысу қаншалықты пайдалы?

Мен жас кезімде жеңіл атлетикамен  айналысатынмын. Кейіннен, кейбір жағдайларға байланысты жеңіл атлеттерді регбиге шақырды. Осылайша, мен регбимен шұғылданып, оның жанкүйеріне айналдым. 1998 жылдан 2006 жылға дейін Қазақстан құрамасында өнер көрсеттім. Жалпы, регби – күш жұмсайтын емес, динамикалық спорт түрі. Ол барлық спорт түрлерін қамтиды. Онда жеңіл атлетика, күрес, бокс, футбол, баскетбол және гандбол әдістері жинақталған. Қай спорт түрінің спортшысы болмасын, регбиден жақсы нәтижелерге қол жеткізе алады. Өйткені мұнда барлық спорт түрлері мен спортшылардың кез келген спорт түрінен шеберліктері аса бағаланады. Сондай-ақ, бұл командалық ойын, әрбір спортшының орны бөлек. Жастарға айтарым, спорт сіздерді өмірдің қиындықтарына төтеп беріп, оларды бағындыруға көмектеседі, спорт өмірге тәрбиелейді! Ең бастысы, өз ісіңізді сүйіп, жанкүйері болыңыз!

Әңгімеңізге рақмет!

 

Сондай-ақ

АЛМАТЫДА ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН «ЖАС БАРЫСЫ» ТУРНИРІ ӨТЕДІ

Қазан айының 21-і мен 22-і күндері Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің спорт кешенінде қазақ күресінен …

Добавить комментарий