Басты бет / Басқа түрлер / АЛМАТЫ ТҰРҒЫНДАРЫ МЕН ҚОНАҚТАРЫ «МЕДЕУ БАСПАЛДАҚ-2017» ЖҮГІРУ ЖАРЫСЫНА ҚАТЫСТЫ

АЛМАТЫ ТҰРҒЫНДАРЫ МЕН ҚОНАҚТАРЫ «МЕДЕУ БАСПАЛДАҚ-2017» ЖҮГІРУ ЖАРЫСЫНА ҚАТЫСТЫ

Бүгін Алматының Медеу шатқалында «Спорттық Алматы» бағдарламасының аясында XXIХ-шы «Медеу баспалдақ-2017» жүгіру жарысы өтті. 500-ден аса адамның қатысуымен болған іс-шара 100, 200, 300, 400, 500 және 841 баспалдақ қашықтықтарына бөлінді.

«Рухани жаңғыру» аясында өткен жарысқа 7 жастан  бастап барлық  әуесқойлар, танымал және кәсіпқой спортшылар, сонымен қатар, отбасылық командалар қатысты. Нәтижесінде, 841 баспалдаққа ерлер арасында ең жақсы көрсеткішке – 4 минут 20 секундқа ие болған 19 жасар Ануар Ерғазы болса, қыздар арасында Жанбатыр А.841 сатыны 9 минут 55 секундта бағындырды.

Танымал спортшылардың қатарында әлемдік рекордтарымен Гиннес кітабына еңген акробатшы Владимир Гашута болды. 70 жастан жоғары жас аралығындағы қатысушыларды озып 100 сатыны бірінші болып бағындырған ол өзінің қырықыншы алтын медаліне ие болды.

— Мен бұл жарысқа жылда қатысамын. 25 жыл бұрын 200 сатыны 37-і секундта бағындырған едім, содан бері ешкім бұл көрсеткішті жаңартпады. Қазір өзім үшін спортпен айналысамын. 100, 200, 300 сатыға қатысып тұрамын. Бұл біздей жастағы кісілерге өте пайдалы іс-шара, себебі өз жасындағы азаматтармен жарысып, керемет атмосфераға бөленесін, — деді Владимир Гашута.

Сонымен қатар, ол 200 баспалдаққа екінші болып шығып күміс жүлдені қанжығасына байлады.  Ал, әйелдер арасында 70 жастан жоғары қатысушылардың қатарында 100 сатыға бірінші болып Әуезов ауданының ардагерлері қатарындағы Валентина Вичкуткина келді.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер үздік нәтижелер бойынша, барлық жас ерекшеліктеріне  байланысты анықталып медаль мен дипломдар және жарыс ұйымдастырушы мен серіктестері  — медициналық компания «Omron» және «Sport Idea» спорт дүкені атынан сыйлықтар табысталды.

Осы мерекелік шараның қатысушылары мен қонақтары «Галантус» группасының жанды дауыста орындалған әндеріне би билеп, арнайы орындарда көптеген ойындар ұйымдастырылды.

Айта кету керек, бұл спорттық жарысқа ең жас және ересек спортшылар (7-12 жас аралығындағы балалар және 70-тен асқандар) баспалдақты бағындыруға  мүмкіндік алған болатын.

Аталмыш спорттық шара бұқаралық спорттың дамуына бағытталған  «Спорттық Алматы» бағдарламасының аясында өткізілді.

Сондай-ақ

ӘЛИ АХМЕДОВ WBC БЕЛБЕУІН ЖЕЛТОҚСАН АЙЫНЫҢ БАСЫНДА ҚОРҒАЙДЫ

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Әли Ахмедов (9-0, 7 КО) жартылай ауыр салмақтағы WBC кеңесінің жастар арасындағы …