Басты бет / Күш қолданылатын спорт түрлері / ДАНИЯР ҚАСҚАРАУОВ: ЕРЕЖЕСІЗ ЖЕКПЕ-ЖЕКТІҢ ЕҢСЕСІН КӨТЕРЕМІЗ

ДАНИЯР ҚАСҚАРАУОВ: ЕРЕЖЕСІЗ ЖЕКПЕ-ЖЕКТІҢ ЕҢСЕСІН КӨТЕРЕМІЗ

Бүгінгі таңдағы еліміздегі ережесіз жекпе-жек өнерінің даму барысы жайында әңгіме қозғалғанда, ең бірінші кезекте, «Алаш Прайд» кәсіпқой клубы ойға оралады. Іргетасы Алматыда қалан­ған бұл ұйым осы спорт түрін серік еткен талай саң­­лақ­ты өз қамқорлығына алып, отан­дастардың халық­ара­лық аренада танылуына сү­белі үлес қосты. Сонымен қа­тар республикамыздың бір­қа­тар қалаларында дүбірлі до­далар ұйымдастырып, қалың кө­рерменнің зор ықыласына бөленді. Жуырда ғана осы ко­манда серкелерінің бірі, елі­­­­­міздің мақтанышы Арман Оспанов Ресейдің Санкт-Пе­тер­­бор қаласында өткен АСВ тур­ни­рінде табысты өнер көрсетіп қайтқан еді. Бүгін бізге ережесіз жекпе-жек өнеріне қатысты осы және өзге жаңалық жа­йында «Алаш Прайд» клу­бы­ның президенті Данияр Қасқарауов әңгіме­лейді.

– АВС-дің (Absolute Cham­pionship Berkut) штаб-пәтері Ше­шенстанның бас шаһары – Грозныйда орна­лас­қан, – деп бастады өз әңгімесін Данияр мырза. – Бұл ұйымның ір­­гетасын қалаған белгілі қоғам қайраткері, ғалым, бизнесмен әрі ережесіз жекпе-жек өне­рі­нің жанашыры Майрбек Ха­сиев. Осыдан үш жыл бұ­рын Грозныйда алғаш рет ұйым­­­дастырған ірі жарысқа «Алаш Прайд» клубының бір­неше спортшысы қатысты. Со­­лардың арасынан Рамзан Алге­ерев ақтық сынға дейін ал­қын­бай жетіп, шешуші тұс­та Қазақстанның тағы бір өкілі Игорь Свиридтен ұтыл­ды. Соңғы үш жыл аралы­ғын­да АВС турнирінің дең­гейі керемет өскен екен. Ке­зін­де әлемдегі ең белді са­на­­­­латын UFC мен Bellator ұйым­дарында өнер көрсеткен спортшылардың қалың шо­ғы­ры қазіргі кезде айтулы жарыста күш сынасып жүру – жоғарыда айтылған сөзімнің айқын дәлелі. Төре­шілер мен дәрігерлерден бастап, тех­ни­калық қызмет­кер­лерінің барлығы да – көптеген ұлы дүр­­мектерде ысылған өз ісінің н­ағыз майталмандары. Сонымен қатар жарыстың жүл­­делік қоры да мол. Әр тур­­­нир аяқталғаннан соң, спо­рт­шылар келісімшартта қарас­тырылған гонорардан бөлек, жекелеген аталымдар бойынша едәуір мөлшерде сыйақы алады. Мәселен, биыл Санкт-Петербордағы жарыста өз қарсыласын айналып келіп, бастан теуіп құлатқан Арман Оспанов «Ең үздік нокаут» ата­­лымында теңдессіз деп та­­­­­нылып, қосымша 10 мың АҚШ долларын қалтаға бас­ты. Сонымен қатар олар әр жыл сайын кемінде 25 тур­нир­ден өткізіп тұрады. Бұл жа­рыстардың жалауы тек Ре­сей­де емес, өзге де елдерде жел­біреуде. Міне, осының арқасында АВС тарапынан ұйымдастырылған бәсекелердің бүгінгі таңда беделі күрт артып, осы ұйым әлемдегі ең үздіктер санатына еркін енуде.
– Расында да, Нева жаға­ла­­уында өткен жарыста Арман Ос­пановтың өнеріне риза болма­ған жанкүйер жоқ-ау, сірә?! Қар­сы­ласы қаншалықты қарулы еді?
– Шыны сол, қазіргі кезде көп спортшылар қазақтың қай­сар ұлымен жекпе-жекке шығудан қаймығады. Кезінде Расул Мирзаевпен кездесу ұйымдастыруға құлшынып едік, түрлі желеуді алға тартқан Ресейдің мықтысы Арманмен бетпе-бет келмеудің амалын тапты. Осылайша, бір жарым жылдан аса уақыт аралығында, қандасымыздың қарсыластары 6 рет өзгерді. Бірі жарақат алды, бірі сырқаттанды, енді бірі қаймықты… АВС турнирінде Оспановпен айқасқан Тайчи Накажима да осал жігіт емес.
Ол – дзюдо күресінен Жапония­ның чемпионы. Ережесіз жек­­пе-жек жарыстарында 20 кез­де­су өткізіп, 12-інде жеңіске жет­­кен. Бірде-бір бәсекеде жер тоқ­пақтап, мерзімінен бұрын ұтылған емес. Бәсеке барысында да оның қаншалықты табанды екенін аңғардық. Бірақ екінші раундта Арман аяқпен әдемі теуіп, қарсыласын ес-түссіз еден­­ге құлатты.

Фото Данияра Каскарауова.

– Осы жеңістен кейін Арман АВС нұсқасы бойынша жартылай жеңіл салмақта (66 келі) 6-орынға көтерілгені жайында белгілі бол­ды. Енді қан­дасымыз кіммен кез­десуі мүмкін?

– Арман Оспановтың сал­­­мағында мықтылар же­тіп артылады. Мәселен, чемпион­дық тәжді иеленіп отырған 41 жастағы Марат Балаев жа­йында ұзағынан әңгімелеуге болады. Түркіменстанда туып­-өскен осетин балуаны 16 жасында еркін күрестен спорт шебері атанады. Ар-
­­маны – Олимпиада ойын­да­рында жеңіс тұғырына көтерілу еді. Алайда бұл жоспары жүзеге аспайды. КСРО-ның уы­ғы шайқалғаннан кейін ол өмірдегі өз жолын таппады. Ақыры түрмеге түсіп, 10 жылын қапаста өткізеді. Жазасын өтеп, бостандыққа шыққаннан кейін ережесіз жекпе-жекпен шұғылданады. Жасы 37-ге келсе де, өзінің табандылығы мен жан­­кештілігінің арқасында көз­деген мақсатына жетіп, көп­теген ірі додаларда дара шық­ты. Қазіргі кезде 41 жас­тан асса да, Марат өзінің мықтылығын толықтай мойын­да­тып, Ресей және Еуропа мен Азия құрлығындағы ең күшті спортшылар санатында.
66 келі салмақтағы Тиаго Таваресті де бөле-жара атауға болады. Кезінде UFC-де өнер көрсеткен сақа спортшы 20 бәсекеде басымдық танытып, 7 рет ұтылды. Перулік Луис Паламино ұзақ жылдар Bellator ұйымында өнер көрсетті. Сол жерде 39 жекпе-жек өткі­зіп, 26 мәрте жеңіс тойын той­ла­ды. Бұл екеуінің есімі күллі әлем жанкүйерлері жақсы бі­­леді. Сондай-ақ Мұхамед Ко­ков, Мұса Хаманаев, Ад­лан Батаев, Юсуф Раисов, Алек­сандр Педусон, Абдул-Рахман Теміров және тағы басқа сайып­­қырандардың қазіргі қарқыны күшті.

Фото Данияра Каскарауова.

– Атағы алысқа жайылған Арман Оспанов жайында жо­ға­­ры­да айттық. «Алаш Прайдтың» сапында «Сұңқардан» басқа, өзге де мықты өрендер бар ғой. Бұл ретте, ең бірінші болып, осы күнге дейін ешкімнен жеңілмеген Қайрат Ахметовтің есі­мі ойға оралады. Өзінің әр ж­е­­ңісінен кейін «Қара жорға би­лей­тін» бауырымыз қайда жүр?

– Қайраттың Тайландта даяр­ланып жүргеніне бір жыл­дан асты. Үнемі хабарласып тұрамыз. Бабы өте жақсы. Бүгінгі таңда ол One FC нұс­қа­сындағы аса жеңіл (57 келі) салмақ дәрежесі бойынша чемпиондық белбеуді иеленіп отыр. Өкінішке қарай, айтулы ұйым қазір оған қарсылас тап­пай қиналуда. Екіжақты ке­лісімшарттың мерзімі аяқ­тал­ғаннан кейін «Қазақты» UFC-ден көреміз деген ойда­мыз. Ол күнде жақындап қал­ды. Қазақтың қайсар қос ұлы – Арман Оспанов пен Қайрат Ахметов қазіргі кезде әлемдегі ең белді ұйым – UFC ұйымдастыратын байрақты бә­секелерде өнер көрсетуге то­лықтай даяр.

Фото Данияра Каскарауова.

«Алаш Прайдтың» сапын­дағы өзге спортшылар жа­йын­­да айтар болсақ, өзге­лер­ге қарағанда Евгений Егем­­бердиев, Нұрсұлтан Қасым­ханов, Аса Алмабаев, Шыңғыс Қайранов, Бақтияр Несіпбеков сынды жігіттердің қарқыны қуан­тарлық. Олар да алдағы уақытта ірі халықаралық до­да­ларда бақ сынап, өрелі өнерлерімен өз жанкүйерлерін қуантатынына сеніміміз зор. Сонымен қатар осыдан біраз уақыт бұрын біз өз қатарымызға Зәмзәгүл Файзоланованы қа­был­дадық. Ол әйелдер ара­сын­дағы жарыстарда елеулі та­быстарға қол жеткізуде.

– Соңғы жылдары Қазақ­стан­ның әр қиырында бірнеше спорт клубтар ашылды. Сол ұйым­­дарда жаттығып жүрген өзге жерлестеріміздің арасынан дүбірлі додаларда кімдердің күш-жігері жетеді деп ойлайсыз?
– Иә, оныңыз рас. Ол жер­­лерде де мықты жігіттер же­­терлік. Түрлі байрақты бә­се­­келерде бақ сынап жүрген жі­гіттердің арасынан Шафхат Рахмонов пен Жалғас Жұма­ғұ­­ловты ерекше атап өтуге бо­ла­ды. Бұл спортшылар қазір на­­ғыз бабында. Олар әлемдегі ең мықты ұйымдарда өнер көр­се­туге лайық. Сонымен қатар Ре­сейдің Орынбор өңірінің ту­масы Дамир Исмағұловтың да қарқыны керемет. Ол күні кеше ғана мәскеулік Максим Дивничті айқын басымдықпен ұтып, «М-1» нұсқасы бойынша жеңіл салмақта чемпиондық бел­беуге ие болды.
– «Алаш Прайд» ұжымы жыл сайын ел аумағында бір емес, бірнеше мәрте халықаралық турнир ұйымдастырып, қалың көрерменнің зор қошеметіне бөленіп жүргені баршаға мәлім. Биыл сондай бір жарыс өткізу жоспарда бар ма?
– Жоғарыда аталған АВС ұйымымен бірлесе отырып, биыл қыркүйек айында «Алматы Аренада» бұрын-соңды болмаған керемет бір турнир өткізуді көздеп отыр­мыз. Сол кештің басты жекпе-жегінде Арман Оспанов айқасады. Қандасымызға кім қарсылас атанатынын АВС анықтайды. Бір анығы, ше­тел­ден келетіндер арасында ортаң қол спортшы болмауы тиіс. Ар­манға талай ұлы дүр­мек­ті көрген нағыз дүлей күш иесі қарсы шығады. Оған күмән­дарыңыз болмасын. Ал­ма­тыда өтетін жарыс бары­сын­да «Сұңқардан» бөлек, «сен тұр, мен атайын» деуге тұратындай тағы бес-алты отандасымыз өз өнерлерін ортаға салады. Осы орайда АВС мен «Алаш Прайд» ұйымының басшылары келіссөздер жүргізіп, ортақ мәмілеге келгенін айта кетуге тиіспіз. Енді құжаттарға қол қойып, ресми түрде бекіту ғана қалды. Осы шаралардың бар­лы­ғы жүзеге асқаннан кейін жа­рыстың нақты қай күні өтетінін белгілейтін боламыз.
– Бәрекелді! Бұл күнді ере­­жесіз жекпе-жек өнерінің жан­күйерлері тағатсыздана кү­­тіп отырғаны анық. Енді көп­ші­лікпен бөлісетін бас­қа да қан­дай жағымды жаңа­лық­та­­ры­ңыз бар?
– Бізде жақсы жаңалық көп. Солардың ең негізгісімен бөліссек, бірер айдан кейін Ал­матыда «Алаш Прайд» ака­­демиясы ашылады. Ол жер­де ережесіз жекпе-жек ше­­берлерінің еш алаңсыз жат­ты­­ғуына барлық жағдай жа­са­лады. Тағы бір жағымды жаңалығымыз, Алматы облысы Жамбыл ауданының Қастек ауылында спорттық база ашуды жоспарлап отырмыз. Ол жердің табиғаты тамаша: таудың бөктері, етегінде өзен ағып жатыр. Сол жерде шіл­де айында оқу-жаттығу жиынын өткізіп, Қазақстанның спортшыларымен қоса, ше­­тел­дің басқа да жұлдыздарын ша­­қырдық. Осылайша, Қазақ­станда ережесіз жекпе-жек өнерін өркендету жолында тынбай еңбек етіп жатқан жайымыз бар.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Ғалым СҮЛЕЙМЕН. Ақпарат aikyn.kz сайтынан алынды.

Сондай-ақ

ЖӘНІБЕК ӘБУ-БӘКІР: ЖЕТІСТІККЕ АПАРАТЫН ЖОЛ ЕҢБЕК ҚАНА

«Еңбектің наны тәтті, жалқаудың жаны тәтті» — бұл мақал бекеден бекер айтылмаса керек. Еңбек етіп …

Добавить комментарий