Басты бет / Күш қолданылатын спорт түрлері / АҚТАУДАҒЫ КАРАТЭ-ДО БАЛАЛАР СПОРТ МЕКТЕБІ

АҚТАУДАҒЫ КАРАТЭ-ДО БАЛАЛАР СПОРТ МЕКТЕБІ

Жақында Маңғыстау облыстық каратэ-до бойынша мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде «EXPO-2017» көрмесінің ашылуына орай спорттық көрсетілім шарасы өтті. Мұнда, атап айтсақ, каратэ-до, таэквондо, ушу, кикбоксинг, дзюдо және жекпе-жек күресінің спортшылары өнерін ортаға салды.  Спорт мектебі 5 шағын ауданда «Волна» спортзалында орналасқан.

Оқушылардың дайындығы, спортқа деген құштарлығы әрбір қимылдарынан-ақ байқалады.  Шараның «ЭКСПО-2017» көрмесімен тұспа-тұс келуі тегін емес.  «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізу мәртебесі Астана қаласына бұйырғаны – біз үшін зор мәртебе. Мұндай ауқымды шара ТМД және Орта Азия көлемінде алғаш рет біздің елімізде өткізіліп отыр.

 Маңғышлақтағы каратэ-до спортының негізін қалаған – Парвиз Дунямалы

Тарихқа көз жүгіртсек, 80-жылдардың соңы мен 90-жылдардың бас кезінде Ақтау қаласында шығыс жекпе-жегі түрлері қарқынды дами бастады. Әсіресе, каратэ-до спорты кең танымалдылыққа ие болды. Сол тұста Маңғышлақтағы каратэ-доның негізін қалаушылардың бірі – Мансуров Парвиз Дунямалы оглы болды.

1993 жылы Ақтау қалалық әкімдігінің шешімімен облыс орталығында шығыс жекпе-жегі түрлерін үйрететін балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебі ашылды. 5 шағын аудандағы «Волна» спорт залынан ашылған мектепті Парвиз Мансуров басқарды.

Оның балаларға деген сүйіспеншілігі мен  зор ынтасы, спортқа деген құлшынысының арқасында мектеп деңгейі жыл санап артты. Мектеп тәрбиеленушілерінің жеңісті сәттерінің жиі болуы – осының дәлелі іспетті. Олар Республика Чемпионаттарында, Халықаралық додаларда бірнеше рет топ жарды.

 Каратэ-до мектебі несімен ерекше?

Парвиз Мансуров – «Каратэ-додан ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы» атағын алған алғаш жаттықтырушы. Қазіргі таңда ол Ұлттық құраманың бас бапкері қызметін атқарады. Жемісті еңбек, ынта-жігер мен табандылықтың арқасында халықаралық додаларда бірнеше рет еліміздің жалауы желбіреп, Әнұраны шырқалды. Атап айтар болсақ, Королёв Андрей, Васильева Галина, Солодилова Наталья, Халидов Халид, Колонтаев Александр, Адамов Рустам, Атакаев Ахмед, Қожаев Ержан, Қуанова Алия, Захарова Сабина, Хуповец Екатерина, Олешко Анастасия, Айназаров Ермек, Чайкузова Гаухар, Байтореев Еркінбек, Кестен Фарида секілді спортшылар ел абыройын асқақтатты. ҚР каратэ-до құрамасы жетістіктерінің басым бөлігі біздің мектепке тиесілі.

2014 жылдың ақпан айында мәдениет және спорт басқармасы шешімімен Маңғыстау облыстық арнайы балалар мен жасөспірімдердің каратэ-до мектебі атауы берілді.

Мектеп базасында каратэ-до бойынша арнайы бағдарлама, емтихан тапсыру ережелері және басқа да нормативтік құқықтар қарастырылған. ҚР каратэ-до құрамасы жиындары біздің мектепте  өткізіледі.

Бүгінгі таңда мектепте каратэ-до, кик-боксинг тобы, жекпе-жек, таэквондо және дзюдо бөлімдері жұмыс істейді. Ондағы 51 топта 690 оқушы жаттығады.

Каратэ-до Маңғыстау облысынан бөлек Жаңаөзен қаласы мен Мұнайлы ауданында кең қанат жайып келеді.

Мектеп тәлімгерлері не дейді?

 

Александр Гаплевский Владимирұлы, каратэ-до жаттықтырушысы:

– «Волна» мектебінің тарихы тым тереңде жатыр. 20 жылдан аса балаларды каратэ-до спорты бойынша жаттықтырып келемін. Тек менің ғана емес, осы мектеп оқушыларының көпшілігі Әлем Чемпионаты, Азия чемпионаттарында  үлкен жетістіктерге жетті. Мәселен, атап айтсам, каратэ-до бойынша әлем чемпионы – Халид Халидов, каратэ-додан Азия чемпиондары, Азия ойындарының жеңімпаздары – Ермек Айназаров, Екетерина Хуповец, Сабина Захарова т.б. Сондай-ақ, мен сияқты Руслан Саидов, Максим Мереймов, Марат Раимов, Ержан Қожаев, Алихан Тухаев, Мирас Шамов, Ерлан Сәрсенов, Халид Халидов  есімді каратэ-до жаттықтырушылары  бар. Мектебіміздің ең басты ерекшелігі – жаттықтырушылардың татулығы, нәтижеге қол жеткізу үшін аянбай еңбек ететін балалардың көп болуы деп ойлаймын. Ұстаз болған соң, өз ісіңді жақсы көру керек, тренерлер кейде балалар мен жұмыс деп өз отбасын ұмытып кетіп жатады.

Шәкірттерімізді каратэ-до спортының негізгі ұранымен тәрбиелеймін:  «Маэ маваши, победа будет наша, юка иппон, Мангистау – Чемпион». Бұл сөздер каратэ-додағы соққы мен ұпай атауларын білдіреді.

Рахмет Кетеев Амангелдіұлы, дзюдо күресінің аға жаттықтырушысы:  

– 2007 жылдан бері дзюдо спорты бойынша балаларды жаттықтырамын. Дзюдо күресі  қиын спорт түріне жатады. «Волна» мектебіндегі дзюдо спорты бойынша  45-тен аса спорт шеберіне үміткер, 15-ке жуық ҚР спорт шеберін дайындап жатырмыз.  Дзюдо күресін үйренем деп келген балаға алдымен өзін қорғау, кейін партерде отырып күресу, қол сындыру, қылқындыру әдістерін үйретеміз.   Балаларды дзюдоға 8 жастан бастап қабылдаймыз. Жасөспірімдер арасында республикалық, облыстық деңгейде күресіп жүрген Айбар Сайкенов,  Бексұлтан Қартбай, Бексұлтан Жарасбай, Расул Әбдіхалық, Асылқайыр Әбділдиев, Олжас Төлеген деген шәкірттерімді айта аламын.  Осы мектептің атын шығарған спорт шеберлері – Саян Нұрманов, Мейрам Әбіл, Аймұрат Таңатов, Пернехан Төлепов, Ерлан Нығманов. Мектебімізге келген бала тек спортқа машықтанбай, үлкендермен қарым-қатынас орнатуға, оқу үлгерімін жақсартуға, күнделікті дисциплина мен тәртіпке дағдыланады.

Қартбай Бексұлтан Бақтыбайұлы, дзюдошы:

– 5 жылдан бері дзюдомен айналысамын. Рахмет, Пернехан ағайларымның арқасында спортқа деген құлшынысым артты. Облыстық деңгейде дзюдодан 60 кг салмақ дәрежесінде  1-орын алып келемін, ал Қазақстан бойынша күміс жүлдегермін.  Мектепте 9-сынып оқимын, келешекте спорт саласына барғым келеді.

Айгүл ДӘДЕН
Суреттерді түсірген автор

Ақпарат 7292info.kz сайтынан алынды.

Сондай-ақ

МАКГРЕГОР МЕЙВЕЗЕРДІ СЕГІЗБҰРЫШТА ЖЕКПЕ-ЖЕК ӨТКІЗУГЕ ШАҚЫРДЫ

UFC чемпионы ирландиялық Конор МакГрегор сегізбұрышта бокстан бес салмақ дәрежесінде бұрынғы әлем чемпионы америкалық Флойд …