БАТЫР ЖҮКЕМБАЕВ ОН БЕСІНШІ ЖЕКПЕ-ЖЕГІНІҢ ӨТЕТІН УАҚЫТЫ БЕЛГІЛІ БОЛДЫ

Бірінші жартылай орта салмақта қолғап түйістіретін қазақстандық боксшы Батыр Жүкембаевтың (14-0, 12 КО) кәсіпқой бокстағы он бесінші жекпе-жегінің өтетін уақыты белгілі болды.

Отандасымыз 24-ші қараша (Астана уақытымен 25-ші қараша) күні Канаданың Римуски қаласында өтетін бокс кешінде шаршы алаңға көтеріледі. Батырдың қарсыласының есімі және жекпе-жегінің қанша раундқа жоспарланатыны әзірге белгісіз.

Айта кетсек, Батыр кәсіпқой бокстағы он төртінші жекпе-жегін 7-ші қазан күні Канаданың Квебек қаласында өткізіп, қарсыласы мексикалық боксшы Патрисио Мореноны (20-3, 14 КО) жетінші раундта нокаутпен жеңген болатын.

Бастапқыда жекпе-жек WBC International чемпиондық белбеуі үшін өтеді деп жарияланған болатын. Бірақ, жекпе-жекке бір күн қалғанда ұйым чемпиондық белбеуі үшін өз рұқсатын бермеді.

27 жастағы Батыр Жүкембаев үшін бұл 14-ші жекпе-жегіндегі 14-ші жеңісі болды, оның 12-сі уақытынан бұрын аяқталған. Қазақстандық кәсіпқой боксшы барлық жекпе-жектерін Канада да өткізіп келеді. Ол ең алғашқы жекпе-жегін 2015-ші жылы қыркүйек айында өткізген болатын.