Басты бет / Күш қолданылатын спорт түрлері / Джиу-Джитсу / ДЖИУ-ДЖИТСУДАН ЖАСТАР ОЙЫНДАРЫ БАСТАЛДЫ

ДЖИУ-ДЖИТСУДАН ЖАСТАР ОЙЫНДАРЫ БАСТАЛДЫ

Біріккен Республикалық спорттық-бұқаралық шаралар аясына сәйкес 2017 жылдың 19-22 мамыр аралығында Атырау қаласында джиу-джитсу спортынан 4-ші Қазақстан Республикасының жастар ойындары өтуде. Қазақстан Республикасының жастар ойындары қатарына биыл тұңғыш рет джиу-джитсу спорты қосылып отыр.

Сайыстар 2000-2002 ж.т. жасөспірімдер мен қыздар және 1997-1999 ж.т. жастар мен қыздар арасында джиу-джитсудың үш түрі бойынша өтуде: файтинг, невадза  және дуо.

Қазақстан Республикасының джиу-джитсу Қауымдастығының Вице-президенті, дене шынықтыру және спорт саласының үздік қызметкері, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ұлттық және халықаралық дәрежедегі төрешісі Дәулет Темірханов Әмірxанұлы бүгінгі сайыстар туралы әңгімелеп берді:

«Олимпиадалық емес спорт түрі болсақ та Қазақстан жастар ойындарына джиу-джитсуды енгізіп отырмыз. Бұның басты себебі жасалынып жатқан еңбегіміз. Атыраудағы бәсекеге 642 жас спортшы қатысып отыр. Яғни, жастардың бұл спорт түріне деген қызығушылығы артып келеді деген сөз. Тек қана балалар емес, қыздарды да сайыстан көптеп кездестіре аласыз. Джиу-джитсу басқа жекпе-жек түрлеріне қарағанда қауіпті емес. Яғни, жарақат алу мүмкіндігі аз.

Жас қауымдастық немесе қайта еңсесін көтерген спорт.

«Джиу-джитсу Қазақстанда ерте кезден бар. Бірақ соңғы жылдары бұл спорт үлкен құлдырауды бастан кешірді. Елімізде түрлі клубтар ашылып, олар өз бетінше жұмыс жасап келді. Спортшылар мен жаттықтырушылар арасында ауыз біршілік болмады. Бұл тығырықтан шығудың жалғыз жолы Қазақстан джиу-джитсу қауымдастығын құру болатын. Міне екі жыл болды. Біз қаумдастықты құрып, еліміздегі осы спорт түрімен шұғылданатын барлық спортшыларды бір арнаға жинастырдық. Әлі де осы бағытта жұмыс жасап келеміз».

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы джиу-джитсу қауымдастығы 2015 жылдан бастап жұмыс жасап келеді. Қауымдастық Қазақстан Республикасы Олимпиада Комитеті, Халықаралық джиу-джитсу федерациясында ресми тіркелген. Бұл спорт түрімен айналысатын спортшылар саны 10,000-нан асады.

«642 жас спортшы сайысқа қатысты деген сөз джиу-джитсу спортында болашақ бар екенін көрсетеді. Қазірдің өзінде осы жастар әлем чемпионатының жеңімпаздары болып үлгерді. Жақын арада ел біріншілігінде бәсекелестік бұдан бірнеше есе арта түсіп, әлемдік ареналарда үздіктер қатарынан көрінеріміз анық», — дейді Дәулет Әмірxанұлы.

Джиу-джитсу спорты Қазақстан жастар ойындарына қосылуы жайдан-жай емес. Бұл спорт түрі Азия ойындары мен жабық нысанда өтетін Азия ойындары қатарына еніп отыр. Қауымдастықтың қойған мақсаттары анық. Соның бірі еліміздегі жасөспірімдер спортын дамыту. Мектеп оқушылары мен студенттер арасында спартакиада мен универсиада ойындарын көптеп өткізу.

Атырауда өтіп жастқан жастар ойындарының алғашқы күні спортшылар файтингжәне невадза түрлері бойынша сайысқа түсті. Әр салмақ бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Жақында ғана әлем біріншілігінде топ жарған спортшыларымыз да өз бақтарын сынап көрді. Бірі өз атағын сәтті қорғап қалса, бірі жеңіліс тапты. Спорттың негізгі мәні сол — тек тоқтаусыз еңбек қана жеңіске жетелейді.

 

Сондай-ақ

САҒЫНДЫҚ МЕКЕЕВ: КӘСІПҚОЙ СПОРТШЫЛАР ӘРДАЙЫМ БАБЫНДА ЖҮРУ КЕРЕК

Аралас жекпе-жек түрлері бойынша Қазақстанға еңбегі сіңген маман Сағындық Мекеев кәсіпқой спортшылар туралы: Өзімнің жеке …