Басты бет / Күш қолданылатын спорт түрлері / Джиу-Джитсу / ДАРХАН НОРТАЕВ: «ЖАТТЫҚТЫРУШЫМ ҚАЗАҚТАРДЫҢ КІМ ЕКЕНІН КӨРСЕТ ДЕДІ»

ДАРХАН НОРТАЕВ: «ЖАТТЫҚТЫРУШЫМ ҚАЗАҚТАРДЫҢ КІМ ЕКЕНІН КӨРСЕТ ДЕДІ»

Кеше ғана Вьетнамның Ханой қаласында джиу-джитсу спорты бойынша Азия чемпионаты мәресіне жетті. Екінші мәрте ұйымдастырылған құрлық жарысында Қазақстан құрамасы жалпы саны 30 медаль еншілеген болатын. Құрама үздіктерінің бірі, джиу-джитсудың «Неваза» түрі бойынша елімізден шыққан тұңғыш әлем чемпионы, Дархан Нортаев dodasport.kz сайтының тілшісіне Азия чемпионатынан алған әсерін айтып берді. Қола жүлдеге қол жеткізген спортшымыз бұл жолғы чемпионат ауыр болғанын айтып отыр.

— Азия чемпионатындағы қарсыластарың кім болды?

— Бірінші кездесуде Иран спортшысын ұттым, бірақ екінші кездесуімде Филлипин елінің спортшысына есе жібердім. Кейін қола жүлде үшін жұбаныш кездесулерде бірінші Тайланд спортшысын жеңіп, кейін екінші кездесуімде жеңілген Филлипин спортшысымен қайта шығып жеңіске жеттім.

— Әлем чемпионы деген атағың бар. Азия құрлығында жеңілуіңе не себеп болды? Кездесуден кейін қандай ой түйдің?

— Бұл жолғы қарсыластарымның жасы менен үлкен болды. 29 жастағы спортшылардың тәжірбиесі бірден байқалып тұрады. Жалпы өзіме не жетпейтінін білдім. Техника мен жылдамдық жағынан әлі де көп жұмыс жасауым керек.

— Филлипин елінің спортшысымен бұрын кездесіп көріп па едің? Ол спортшы туралы не айта аласың?

— Бұрын кездесіп көрмеппін. Кейбір ұпайымды төрешілер маған белгісіз себептермен есептемей қойды. Жарыс біткен соң ол спортшымен кездесіп, біраз әңгіме айттық. Былтыр Бразилиядан келіп, құрамаға кеңесін берген Бразилиялық  маман Эдуардо Вентурамен сөйлесіп тұрамыз. Ол Филлипин спортшысының мықты екенін айтқан болатын.

— Ең соңғы кездесуіңде оның алдында жеңілген спортшымен қайта шықтың, онымен қоса тағы жеңілген жағдайда Вьетнамнан құр қайтар едің. Соңғы жекпе-жек алдында қорқыныш болды ма?

— Ия, әрине қорқыныш болды. Ішімнен қалай да жеңуге тиіспен деген оймен тұрдым. Жаттықтырушым да бұл соңғы мүмкіндік екенін айтып, шығар кезде «Қазақтардың кім екенін көрсет» деді. Осы сөз қатты әсер еткен болу керек, барымды салдым.

— Жаттықтырушың да сенімен бірге осы Азия чемпионатына қатысты ғой?

— Ия, өзімнің ең алғашқы жаттықтырушым Альберт Алдияров осы жарыста қос қола медаль еншіледі. Өзі сайысқа түсіп те, бізге ақыл-кеңесін айтып та үлгеріп жүр.

— Соған қарағанда джиу-джитсу спорты жас аралғын талдамайтын болды ғой. Егер де сол жаттықтырушыңмен бір салмақта болып, қатар шықсаңдар не істер едің?

— Бұндай жағдай орын ала қоймас. Екеуміздің салмағымыз екі түрлі. Егер де болып жатса жаттықтырушысы шәкіртіне жол береді деп ойлаймын.

— Екі рет өткен Азия чемпионатында да қола жүлдегер атандың. Қазіргі джиу-джитсудың деңгейіне қандай баға бересің?

— Жылма-жыл бұл спортпен айналысып жатқан спортшылар саны өте көп. Мысалы менің салмағымда жеңіске жеткен қос Кореялық спортшыларды бұрын-соңды көрген емеспін. Олар джиу-джитсудың басқа түрінен қосылып отыр. Белдіктерінің де дәрежесі жоғары.

— Бұлай джиу-джитсудың басқа түрінен спортшылар қосыла берсе әрі қарай жаңадан бастаушы спортшыларғы қиынға түспей ме? 

— Олай ойламаймын. Себебі жеңіске жеткен Кореялық спортшы менімен шыққан Филлипин спортшысын әрең ұтты. Олармен жолыққан жағдайда жеңіске жететініме сенімдімін.

— Бұл Азия чемпионатының басқа жарыстан айырмашылығы қандай? Несімен есте қалды?

— Ең бірінші кезекте спортшылардың деңгейінің жоғары болуы. Маған бұл чемпионаттағыдай басқа жарыстарда ауыр болған емес. Жыл өткен сайын бәсекелестік те артып келеді.

— Өзің біраз мемлекетте болып, біраз жерді көріп үлгердің. Ханойдан алған әсерің қандай?

— Вьетнам елінде саяхаттап барғысы келетіндер болса, бұл ойларынан бас тартқандары жөн. Себебі бұнда жай ғана көшеде жүргеннің өзінде қара терге түсесің. Жарыс кезінде тіпті қиын. Бәріміз мүмкіндік болған жағдайда желдеткіштің алдына тұрып аламыз. Қолымыздан су тастамаймыз. Қаласы да өте лас.

— Ендігі мақсатың қандай?

— Джиу-джитсу спорты Бразилия елінде аса қарқынды дамыған. Сол себепті сол жерге барып, көп дүниелерді үйренгім келеді.

Айта кету керек, джиу-джитсушылардың келесі жарысы қыркүйек айында Түркіменстанның Ашхабад елінде өтетін жабық кешендегі Азия ойындары болып табылады. Бұл жарысқа Дархан да қатысып, алтын медаль иегері атануды көздеп отыр.

Сондай-ақ

СЕРІК ҚОНАҚБАЕВ ҚАНАТ ИСЛАМ МЕН ГОЛОВКИН КЕЗДЕСУЛЕРІНЕ БОЛЖАМ ЖАСАДЫ

Азия бокс конфедерациясының басшысы, қазақ боксының тарихында өзіндік дара жолы бар Серік Қонақбаев Қанат Ислам …