ИЛЬЯ ИЛЬИН ҚАЙДА ЖҮР?

Әлемдік аренада қазақ елінің абыройын асырған спортшы Илья Ильин қайда жүр? Допинг дауынан кейінгі өмірі қалай өзгерді? Спортқа қайта орала ма? Бұл сұрақтардың жауабын көпшілік білгісі-ақ келеді. Ал бұл сұрақтар мен спортшының қазіргі жай-күйі жайлы қоғам белсендісі, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, білім беру және инновация комитетінің төрағасы Мұрат Әбенов «facebook» парақшасында жазды, — деп хабарлады Tengrinews.kz. 

— Түнде батыр ұлымыз Илья Ильинмен кездестім. Көптен бері көріспеген едік. Ол қазір АҚШ-та оқып, тіл байлығын кеңейтіп жатыр. Спорттық менеджмент бойынша дәрістерге қатысуда. Бос уақытында ауыр атлетика залдарына барып, әуесқойларға ақыл-кеңесін беріп жүр. Онда бос уақыт жоқ. Бәріне үлгеріп, жүрек қалауымен жұмысын жалғастырып жүр. Оны кішкентайынан ашық жарқын жан ретінде танысам, әлі де сол қалпынан тайған емес, — деп жазды Мұрат Әбенов.

Сондай-ақ 5 жыл бұрын қазақ елі батыр ұлын Лондоннан зор қошеметпен күтіп алғанын да жазды.
— Жеңіс тұғыры бағынды. Бірақ ойламаған жерден қиын жағдайға тап болғаны рас. Жақын арада бәрі де жөнге түсіп, оның жарыс жолына шығатынына үмітпен қараймын. Ол – мен үшін қашан да жеңімпаз. 15 жыл ішінде оның кем дегенде 3 рет биікке көтеріліп, сонша рет тағдыр тауқыметін тартқанын да көзіммен көрдім. Бірақ төзе білді. Өз-өзіне келіп, ісін ақыл-санасымен алға жылжытып келеді.

Наразылығы, өкініші мен өтінішін ешкімге сездіргісі де, білдіргісі келмейді. Керісінше өзгелерге үміт пен сенімділік сыйлай білетін жан. Осы үшін барлығы оны жақсы көреді. Кеше әуежайдан түскеннен бастап, мейрамхана мен көшеде жүргенде халықтың оған деген құрметі жоғары болды. Мұның өзі – зор қолдау! Ақылың мен күшің тасысын, Илья! – деп жазды.

Айта кетейік, 2016 жылдың 23 қарашасында Халықаралық Олимпиада комитеті Илья Ильинді допинг қолданды деген айыппен Бейжің (2008 ж) мен Лондондағы (2012 ж) алтын медальдарынан айырған еді. Ал қанша жылға спорттан шеттетілгені жайлы әлі нақты шешімді жариялаған жоқ.

Сондай-ақ

МАКГРЕГОР МЕЙВЕЗЕРДІ СЕГІЗБҰРЫШТА ЖЕКПЕ-ЖЕК ӨТКІЗУГЕ ШАҚЫРДЫ

UFC чемпионы ирландиялық Конор МакГрегор сегізбұрышта бокстан бес салмақ дәрежесінде бұрынғы әлем чемпионы америкалық Флойд …