Басты бет / Соңғы жаңалықтар / ҚАЗАҚСТАН ҚҰРАМАСЫ ЖҰЛДЫЗДАР КОМАНДАСЫНАН ҰТЫЛЫП ҚАЛДЫ

ҚАЗАҚСТАН ҚҰРАМАСЫ ЖҰЛДЫЗДАР КОМАНДАСЫНАН ҰТЫЛЫП ҚАЛДЫ

Бүгін «Астана Арена» стадионында өтіп жатқан «EXPO 2017 Football Cup» турнирінде Қазақстан құрамасы Жұлдыздар командасынан 4:7 есебімен ұтылды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
40 минутқа созылған қос команда арасындағы кездесу тартысты өтті. Германия құрамасын 8:6 есебімен тізе бүктірген жерлестеріміз осы матчта да жеңістен дәмелі еді.
3-ші минутта Қазақстан құрамасының ойыншысы Андрей Богомолов қарсыластар қақпасына алғашқы голды салды. Алайда Жұлдыздар командасының тәжірибелі футболшысы 4-ші минутта Эрнан Креспо қолайлы сәтті пайдаланып, есепті теңестірді.

Кейін Қазақстан өткір шабуылдар ұйымдастырды. Нәтижесінде 7-ші минутта Андрей Финонченко командасын алға шығарды. Есеп 2:1. Алайда қуанышымыз ұзаққа созылмады. Жұлдыздар құрамасының ойыншысы 8-ші минутта Азамат Абдураимов есепті теңестірсе, 15-ші минутта Яри Литманен командасын алға шығарды. Бірінші тайм 2:3 есебімен Жұлдыздар командасының пайдасына шешілді.

Екінші таймда Қазақстан құрамасы жіберген есені қайтаруға тырысты. Өткір шабуылдар ұйымдастырды. Алайда гол салудың сәті түспеді. 26-шы минутта Жұлдыздар командасының ойыншысы Жан Пьер Папен футболшыларымыздың қателігін ұтымды пайдаланып, матчтағы төртінші голды салды.

29-шы минутта Қазақтан құрамасы есепті қысқартуға мүмкіндігі болған. Алайда қарсылас команданың қақпашысы Александр Шовковский өз орнынан табылды.

Ал 34-ші минутта Эрнан Креспо дубль жасады. Есеп 2:5.

36-шы минутта Қазақстан құрамасы тағы бір гол салатын мүмкіндікті пайдалана алмады. Есесіне 37-ші минутта қарсылас командасының футболшысы Христо Стоичков командасын алға шығарды. Қазақстан құрамасы матчтың соңғы минуттарында Жұлдыздар қақпасына 2 гол салды.

Ал 38 минутта қарсылас команда футболшысы Алдаирдың мачтағы соңғы голы ойынды қорытындылады. Нәтижесінде Қазақстан құрамасы Жұлдыздар командасына 4:7 есебімен жол берді.

EXPO 2017 Football Cup 
Қазақстан — Жұлдыздар құрамасы 7:4

Қазақстан құрамасы: Қайрат Аубакиров, Максим Самченко, Рафаэль Уразбахтин, Игорь Авдеев, Алексей Клишин, Андрей Богомолов, Сергей Жуненко, Руслан Гумар, Даниил Рихард, Мұрат Тілешев, Андрей Финонченко, Асхат Қадырқұлов, Андрей Карпович.

Халықаралық жұлдыздар құрамасы: Христо Стоичков (Болгария), Азамат Абдураимов (Өзбекстан), Александр Шовковский (Украина), Винсан Кандела (Франция), Яри Литманен (Финляндия), Алдаир (Бразилия), Гаиска Мендьета (Испания), Жереми Нжитап (Камерун), Мухсин Мухамадиев (Тәжікстан), Жан Пьер Папен (Франция), Эрнан Креспо (Аргентина).

Айта кетейік, «EXPO 2017 Football Cup» турниріндегі алғашқы кездесуінде Қазақстан Германия құрамасын 8:6 есебімен жеңген болатын.Ертең, 6 тамызда 14:30 бен 17:40 аралығында плей-офф сериясының ойындары мен марапаттау салтанаты өтеді.

Сондай-ақ

ЖАС БОКСШЫЛАР АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫНДА ТОП ЖАРДЫ

Филиппин елінің Пуэрто-Принсеса қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында Қазақстандық боксшылар жеңіске жетті. 13 …