ДАРА ТУҒАН ДАМИР

Жат елде жүрсе де, барша жанкүйерлерге қазақтың тектілігі мен мықтылығын паш етіп, спорт әлемінде зор бедел жиған қандастарымыз жетерлік. Солардың бірі әрі бірегейі – Дамир Исмағұлов. Ресей Федерациясына қарасты Орынбор облысы Первомай ауданының Ударный деп аталатын шалғайда жатқан шағын ғана ауылда туып-өскен ол, бұл күндері беделі зор «М-1» нұсқасы бойынша 70 келі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанып отыр.

– Менің спорттық жолым футболдан басталды, – деп бастады өз әңгімесін Дамир. – Ертелі-кеш доп тепкенді жаным сүйді. Осы өнерге деген адалдық пен құштарлықтың арқасында көп ұзамай, күллі облысқа танымал футболшылардың біріне айналдым. Әуесқойлар арасындағы Ресейдің аймақтық додаларына қатыстым. Футболға деген құштарлығымның себебін сұрасаңыз, оның бір ғана жауабы бар: мен туып-өскен ауылда доп қуудан басқа ермек болмады. Ударный – бар-жоғы 60 түтіні бар шағын ғана елді- мекен. Ол Орынбордан 230 шақырым қашықтықта орналасқан. Облыс орталығына қарағанда Орал қаласы бізге әлдеқайда жақын. Арамыз 80 шақырым ғана. Міне, сол шалғайда жатқан Ударный ауылында атам Аманкелді мен әжем Кәусарияның қолында тәрбиелендім.
Орта мектепті аяқтағаннан кейін Дамир Орынборға келіп, оқуға түседі. Ол жерде де футболмен айналысады. Алайда кезекті бір жаттығуда алған жарақаты салдарынан келешекте мықты ойыншы болсам деген арманымен қош айтысуға тура келеді.
Сырқатынан сауыққаннан кейін Дамир қайта жаттығу залына бас сұғады. Бірақ бұл жолы футболмен емес, ережесіз жекпе-жек өнерімен шұғылдануды құп көрді. Бастапқыда жасы 20-ға келген жігіттің келешегіне жергілікті мамандар сенімсіздікпен қарағанымен, уақыт оза ол өзінің мықтылығын мойындатады.
Бірте-бірте қазақтың ұлы Орынбордағы «Новый поток» командасының «Боец» клубындағы ең белді спортшылардың біріне айналады. Өзі қатысқан бірқатар жарыстарда жеңімпаз атанып, көпшілік назарын өзіне аударады. Егер кәсіпқойлар арасындағы көрсеткішіне тоқталатын болсақ, осы күнге дейін ол 14 жекпе-жек өткізіп, 12 рет жеңіске жеткен екен. Бұл тек ірі халықаралық додаларда тіркелген нәтижелер. Оның сыртында түрлі коммерциялық турнирлер барын да естен шығармаған жөн. Мәселен, былтырғы жылдың желтоқсан айында Алатау баурайында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жекпе-жектен дүбірлі жарыс ұйымдастырылды. 70 келі салмақта сайысқа түскен Ресейден келген қандасымыз Темірлан Айсәділов, Айбек Нұрсейіт және Мұрат Бақтыоразов секілді сайыпқырандарға сан соқтырып, бас жүлдеге тігілген «темір тұлпарды» тізгіндеді.


Биыл 18 ақпанда Санкт-Петербордағы «Юбилейный» спорт кешенінде «М-1 Challenge 74» деп аталатын ірі халықаралық турнир ұйымдастырылды. Сол жарыста күш сынасқан Дамир Исмағұлов Францияның сақа спортшысы Морган Эроны үшінші раундта техникалық нокаутпен ұтып, жергілікті жанкүйерлерді бір желпіндіріп тастады.
Жекпе-жек аяқталған бетте сөз кезегі Дамирге тиді. Микрофонды алған ол: «Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, «М–1» ұйымының басшыларына өз өтінішімді білдіргім келеді. Рейтингтік бәсекелермен мені әбден «тойдырдыңыздар»! Рақмет! Енді чемпиондық тәж үшін таласқым келеді. Маған сондай мүмкіндік беріңіздер! Бұл сәтті бүкіл Орынбор халқы тағатсыздана күтіп отыр! Ол аз десеңіз, Ресей мен Қазақстанда да жанкүйерлерімнің қатары қалың. Олар да менің жарқын жеңісімді көруге ерекше құштарлануда!», – деп ақтарыла сөйлеген еді.

Сөз кезегі қайта жүргізушіге тигенде ол: «Қолымнан микрофонды тартып алғаныңызға қарағанда, көздеген мақсатыңызға қол жеткізу үшін ештеңеден тайсалмайтын батыл адам секілдісіз…» деп әңгімені әзілмен бастағаны сол еді, қазақтың ұлы бірден: «Бүгін мен сіздің қолыңыздан микрофонды тартып алсам, ертең өзге жауынгердің қолынан «М –1» ұйымының алтын белбеуін жұлып әкетемін. Оған еш күмәныңыз болмасын!», – деп батыл сөйледі.
– Көпшілік алдында осылай батыл сөйлеуден басқа амал қалмады. Өйткені мен соңғы жеті жекпе-жегімнің барлығын жеңіспен аяқтадым. Осы нұсқа бойынша күш сынасып жүрген бірқатар мықты спортшыларды соққыға жықтым. Оған дүйім жұрт куә. Бірақ ұйым басшылары екі рет уәделерінен тайқыды. Басқа жігіттер чемпиондық тәж үшін таласып жатқанда, мен рейтингтік кездесулер өткізумен ғана шектеліп келдім. Шыдамның да шегі бар емес пе?! Осы жолы сан мың көрермен алдында өз ойымды еш бүкпестен, ашық айттым. Осы әрекетім арқылы «М–1» басшыларын тықырыққа тіреген болсам керек, олар көп ұзамай менің бұл уәжіме құлақ асты, – деп Дамир езу тартты.
26 мамырда 70 келі салмақ дәрежесі бойынша «М–1» ұйымының чемпиондық тәжі үшін орынборлық Дамир Исмағұлов пен Санкт-Петебордан келген Максим Дивнич күш сынасты. Бокс пен кикбоксты жетік меңгерген жігіттің ережесіз жекпе-жектегі көрсеткіші де тәуір екен. Ол 15 кездесу өткізіп, 13 рет жеңіске жеткен. 9 бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады. Бірақ қазақтың қайсар ұлына келгенде Нева жағалауының өкілі бар білгенінен жаңылды. Бұл жекпе-жекте Исмағұлов айқын жеңіске қол жеткізді. Осылайша, Дамирдің көптен бергі арманы орындалып, алтын белбеу Орынборда қалды.
– Ережесіз жекпе-жекті таңдағаныма еш өкінбеймін, – деп жалғастырды өз әңгімесін Дамир. – Спорттың арқасында елеулі табыстарға қол жеткіздім. Ел арасында біраз бедел жиып, көпшілікке танылдым. Көптеген дос таптым. Десек те алғашқы қадам жасағанда, осындай деңгейге жетемін деп еш ойламаған едім. Бәрі де жай ғана қызығушылықтан басталды. Ол бірте-бірте дағдыға айналды. Тұсаукесер турнирде жеңіп алған алғашқы азын-аулақ ақшамды әжемнің қолына ұстатқаным әлі есімде. Көлік мінгенімде, оны атама сыйға тарттым. Осының бәрі – қазақы тәрбиенің арқасы! Ата-бабаларымның қанымен сіңген қасиет! Ендігі көздегенім – UFC-да өнер көрсету. Әлемнің ең белді ұйымында атой салуға жарасам, онда аңсаған арманымның орындалғаны.
Міне, 26 жастағы Дамир Исмағұловтың осы күнге дейін қол жеткізген табыстары осындай. Десек те бұл жігіттің бұдан да биік белестерді бағындыруға күш-жігері жететініне күмәнданатындар кемде-кем. Майталман мамандардың өздері Орынборда тұратын қандасымыздың жұдырықтасудағы ерекше мәнерін, сауатты өнерін, төзімділігі мен табандылығын, шыдамдылығы мен өжеттігін ерекше атауда. Олай болса, Дамир бауырымызға алдағы жарыстарда тек жеңіс тілейік.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН. aikyn.kz

Сондай-ақ

ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНА ҚАТЫСАТЫН ДЗЮДОШЫЛАР ЕСІМІ БЕЛГІЛІ

28 тамыз бен  3 қыркүйек аралығында Будапешт  (Венгрия) қаласында дзюдодан Әлем чемпионаты өтеді. Аталған турнирде өнер …