Басты бет / Бокс / БОКСТАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТТАРЫНЫҢ ТАРИХЫ

БОКСТАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТТАРЫНЫҢ ТАРИХЫ

Өткенге зер салсақ, 1993-2005 жылдар аралығында бокстан әлем чемпионатының жалауы 12 мәрте желбіреген екен. Айтулы жарыстардың барлығында отандастарымыз жүлде алды. Алтынға, күміс пен қола медальға қоржынымыз толған кездер де аз емес. Сол бәсекелерде Қазақстан құрамасы қалай өнер көрсеткені жайында біз бұған дейін әңгімеледік. Енді соңғы үш жарыстың нәтижелеріне тоқталуды жөн көріп отырмыз.

2011 жыл. 

Баку (Әзірбайжан)
Қап тауы бөктерінде ұйым­дас­­тырылған дүниежүзілік до­дада Қазақстанның бокс­шы­ла­рына төрт жүлде бұйырды. Ба­ку­де Серік Сәпиев пен Әділбек Ния­зымбетов ақтық сынға дейін алқынбай жетті. 69 келі салмақ дәрежесінде күш сынасуды құп көрген Серік эквадорлық Карлос Санчес, таиландтық Апишет Сан­чит, жапониялық Яшохиро Су­зуки, америкалық Эрол Спенс жә­не латвиялық Эгидиус Ка­ва­ляускасты қапы қалдырғанымен, финалда украиналық Тарас Ше­лестюкке (10:16) жол берді. Сол секілді 81 келі салмақтағы Әділ­бек Ниязымбетов молдовалық Владимир Шелес,кореялық Ким Хунг, колумбиялық Джейсон Мон­рой, қытайлық Менг Фан­лонг және өзбекстандық Елшод Расуловты жеңгенімен, шешуші тұста кубалық Хулио Сезар де ла Крузға (13:17) есе жіберді.
Әзірбайжанның бас шаһа­рын­да Ғани Жайлауов (60 келі) пен Иван Дычко (+91 келі) қо­ла­ға қол созды. Куба боксшысы Яс­ниер Толедо Лопестен (9:21), Иван Әзірбайжанның алыбы Ма­гомедрасул Меджидовтан (6:19) ұтылды.
Ширек финалда сүрінгендер: Да­н­абек Сужанов (75 келі) пен Ва­силий Левит (91 келі).
Бастапқы кезеңдерде ұтыл­ған­дар: Біржан Жақыпов (49 ке­лі), Олжас Сәттібаев (52 келі) және Данияр Елеусінов (64 келі).
Бакуде әлем чемпионы атан­ғандар: 49 келі – Цзу Шимин (Қытай), 52 келі – Миша Алоян (Ресей), 56 келі – Лазарио Аль­варес (Куба). 60 келі – Василий Ломаченко (Украина), 64 келі – Эвертон до Сантос (Бразилия), 69 келі – Тарас Шелестюк (Ук­раи­на), 75 келі – Евгений Хит­ров (Украина), 81 келі – Хулио Сезар Ла Крус (Куба), 91 келі – Александр Усик (Украина) және +91 келі – Магомедрасул Мед­жи­дов (Әзірбайжан).
Командалық есептің қоры­тын­дысы: 1. Украина (4+0+0), 2. Ку­ба (2+1+0), 3. Әзірбайжан (1+1+0), 4. Ресей (1+0+2), 5-6. Қы­тай мен Бразилия (1+0+1)

2013 жыл.
Алматы (Қазақстан)
Алатау бөктеріндегі әлем чем­пионаты өздеріңіздің көз ал­дарыңызда өтті. Шаршы алаңға шыққан 10 отандасымыздың сегізі жеңіс тұғырына көтерілді. Бір­жан Жақыпов (49 келі), Ме­рей Ақшалов (64 келі), Данияр Елеусінов (69 келі) және Жә­ні­бек Әлімханұлы (75 келі) жеңім­паз атанып, барша Алаш жұртын қуаныш пен шаттыққа бөледі. Шешуші бәсекеде Біржан ал­жир­лік Мұхаммед Флиссиді, М­ерей мен Данияр Бостандық ара­лы өкілдері – Яснер Толедо Ло­пес пен Ариснауд Деспаньені жә­не Жәнібек ирландиялық Джей­сон Куглиді соққыға жық­ты.
Жарысты өте жақсы бастаған Әділбек Ниязымбетов (81 келі) пен Иван Дычко (+91 келі) кү­міс­пен күптелді. Финалда екеуі де өздерінің сыралғы қарсы­лас­тары­на есе жіберді. Әділбек Куба қабыланы Хулио Сезар де ла Круз­дан жеңілсе, Иван Әзірбай­жанның мақтанышы Магомед­ра­сул Меджидовтен ойсырай ұтыл­ды. Қайрат Ералиев (57 келі) пен Берік Әбдірахманов (60 келі) қола медальді иеленді.
Нәтижесінде, 4 алтын, 2 кү­міс және 2 қоланы қоржынға сал­ған Қазақстан құрамасы өз та­рихында тұңғыш рет жалпы ко­мандалық есепте бас жүлдені ол­жалады.
Ширек финалда сүрінгендер: Ілияс Сүлейменов (52 келі).
Бастапқы кезеңдерді ұтылған­дар: Антон Пинчукке (91 келі).
Алматыда әлем чемпионы атан­ғандар: 49 келі – Біржан Жа­қы­пов (Қазақстан), 52 келі – Ми­­ша Алоян (Ресей), 56 келі – Жа­­вид Челебиев (Әзірбайжан). 60 келі – Лазарио Альварес (Ку­ба), 64 келі – Мерей Ақшалов (Қа­­­зақстан), 69 келі – Данияр Елеу­сінов (Қазақстан), 75 келі – Жәнібек Әлімханұлы (Қазақ­стан), 81 келі – Хулио Сезар Ла Крус (Куба), 91 келі – Клементе Рус­со (Италия) және +91 келі – Ма­гомедрасул Меджидов (Әзір­байжан).
Командалық есептің қоры­тын­дысы: 1. Қазақстан (4+2+2), 2. Куба (2+2+1), 3. Әзірбайжан (2+0+1), 4. Ресей (1+2+1), 5. Италия (1+0+2).

2015 жыл. Доха (Катар)

Алматыда айды аспанға шы­ғарған Қазақстан құрамасы Парсы шығанағында қос күмісті қанағат тұтты. Белоруссиялық Павел Костромин, филиппиндік Эмир Маркиал және әзірбай­жандық Парвиз Багировты еш қиналмай ұтқан Данияр Елеу­сі­нов (69 келі) финалда есімі көп­шілікке беймәлім Марокко бокс­шысы Мұхамед Рабииге жол берді. Сол секілді брази­лия­лық Рафаэль Лима, германиялық Флориан Щульц және өзбекс­тандық Бахадур Жалоловты жең­ген Иван Дычкода шешуші тұста сүрінді. Ол франциялық То­ни Йокодан айласын асыра ал­мады. Өзге өрендерімізге жеңіс тұғырына көтерілу бақыты бұйырмады.
Ширек финалда сүрінгендер: Олжас Сәттібаев (52 келі), Жәні­бек Әлімханұлы (75 келі), Әділ­бек Ниязымбетов (81 келі) және Василий Левит (91 келі).
Бастапқы кезеңдерде ұтыл­ған­дар: Қайрат Ералиев (56 келі) пен Зәкір Сафиуллин (60 келі), Дохада әлем чемпионы атан­ға­н­дар: 49 келі – Хоанис Ар­хи­ла­гос (Куба), 52 келі – Елвин Ма­мишзаде (Әзірбайжан), 56 келі – Майкл Конлан (Ирлан­дия), 60 келі – Лазарио Альварес (Куба), 64 келі – Виталий Ду­най­цев (Ресей), 69 келі – Мұ­ха­мед Рабии (Марокко), 75 келі – Арлен Лопес (Куба), 81 келі – Ху­лио Сезар Ла Крус (Куба), 91 келі – Евгений Тищенко (Ресей) жә­не +91 келі – Тони Йока (Фран­ция).
Командалық есептің қорытын­дысы: 1. Куба (4+2+1), 2. Ресей (2+1+0), 3. Әзірбайжан (1+1+2), 4. Ир­ландия (1+1+1), 5-6. Ма­рок­­ко мен Франция (1+0+0).
Тәуелсіздік алғалы бері Қа­зақ­станның боксшылары әлем чемпионатында 10 ал­тын, 10 кү­міс және 14 қола медальді қор­жынға салды. Осы көрсеткіш бойын­ша жалпы ко­мандалық есепте Қа­­зақстан құра­ма­сы 4-орында тұр. Бұл – өте зор та­быс. Алдымызда тек Куба (71 ал­тын+32 күміс+25 қола), кел­мес­ке кеткен КСРО мен сол ел­­дің мұрагері Ресей (38+32+37) және АҚШ (16+9+16) құрама­лары ғана. Бокс әлемінде өзін­дік орны және жеңіс­пен өрілген бай дәстүрі бар та­лай команда арты­мыздан сы­ғалап қалды. Олардың қатарында Болгария (8+8+18), Румыния (7+5+17), Италия (6+2+14), Гер­мания (5+14+45), Ук­раина (5+12+11) және Өзбек­стан (5+10+15) сынды мүйізі қара­ғайдай мемлекеттер бар.
Күні бүгінге дейін барлығы 32 мемлекеттің өкілдеріне әлем чемпионатының бас жүлделері бұйыр­ған екен. Олардың қата­рында жоғарыда аталғандардан бөлек, Әзірбайжан (5+4+8), Фран­ция (3+6+13), Қытай (3+1+9), Венгрия (3+1+6), Түр­кия (2+3+11), Оңтүстік Корея (2+3+7), Пуэрто-Рико (2+2+3), Югославия-Сербия-Черногория (1+6+12), Моңғолия (1+4+4), По­льша (1+3+9), Таиланд (1+3+5), Ирландия (1+2+9), Анг­лия (1+2+5), Бразилия (1+2+3), Алжир (1+2+2), Ар­мения (1+1+3), Грузия (1+1+3), Ни­герия (1+1+3), Армения (1+1+3), Кения (1+1+0), Ма­рок­ко (1+0+2) және Уганда (1+0+1) сынды елдер бар. ай­тулы додада жүлде алған барлық командалардың жалпы саны – 62.

Естеріңізге сала кетейік, бұл күндері Германияның Гамбург қаласында өтіп жатқан әлем чемпионаты 2 қыркүйекке дейін созылады. Әр құрлықтың кіл мықтылары бас қосқан жарыста Ержан Жомарт (49 келі), Азамат Исақұлов (52 келі), Қайрат Ералиев (56 келі), Әділет Құрметов (60 келі), Бақдәулет Ибрагимов (64 келі), Абылайхан Жүсіпов (69 келі), Әбілхан Аманқұл (75 келі), Ерік Әлжанов (81 келі), Василий Левит (91 келі) және Қамшыбек Қоңқабаев (+91 келі) сынды сайыпқырандар қорғауда.

Дереккөз: aikyn.kz

Сондай-ақ

ЖАҢА КОМАНДАСЫНДА ЖАҢА ОЙЫН КӨРСЕТІП ЖҮРГЕНДЕР

Биылғы футбол маусымы да бел ортасына келді. Командалар маусым барысында өз ойындарын тауып, тактикаларын жаңартып …

Добавить комментарий