Басты бет / Бокс / БІРЖАННЫҢ БЕЛЕСТЕРІ

БІРЖАННЫҢ БЕЛЕСТЕРІ

Рио Олимпиадасы аяқталғаннан кейін бокстан Қазақстан ұлттық құрама командасы сапында көптеген өзгерістер болды. Белді былғары қолғап шеберлеріміздің кейбірі салмақ ауыстырса, кейбірі кәсіпқойлар рингінде күш сынасуды құп көрді. Ұзақ жылдар бойы халықаралық аренада ел намысын абыройлы қорғаған Біржан Жақыпов үлкен спорттан қол үзді. Бүгінгі әңгімеміз дәл осы боксшы жайында. 

Біржан Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданының Жартөбе ауылында туып-өс­кенімен, балалық шағы шырайлы Шымкент шаһарында өтті. Әуелде каратэмен айналысты. 1998 жылы 14 жасар жеткіншек бокс үйірмесінің табалдырығынан аттап, дарынды бапкер Мырзағали Айтжановтың қол астында жаттыға бастады. Иә, кезінде Мырзағалидің қандай қарымды боксшы болғанын жамағат жақсы біледі деп ойлаймыз. Сексенінші жылдардың екінші жартысында ол жастар арасында КСРО және Еуропа чемпионы, КСРО кубогының күміс жүлдегері атанды. Бірқатар бүкілодақтық және халықаралық турнирлерде жеңіс тұғырына көтерілді. Өзінің спорттық ғұмырында 245 рет рингке көтеріліп, 210 мәрте жеңіс­ке жетті.140 бәсекені айқын басымдылықпен аяқтап, 90 қарсыласты нокаутқа жібергенін біреу білсе, біреу білмеуі мүм­кін. Осы орайда бұл 54 және 57 келі салмақ дәрежелерінде жұдырықтасып жүрген былғары қолғап шеберлері үшін тым сирек кездесетін көрсеткіш еке­нін айта кеткеніміз жөн. Кейін­нен жаттықтырушылық қызмет атқарып, бұл кәсіпте де толағай табыстарға қол жеткізді. Бұл күндері Айтжанов мырза – Қазақстан ұлттық құрама командасының бас бапкері.
Қазақстан ұлттық құрамасы сапына Біржан Жақыпов кештеу қабылданды. Оған себеп, сал­мағының аздығы. Мысалы, сол кездері ересектер арасындағы салмақ дәрежесі 48 келіден бас­талса, дарынды боксшының сал­мағы 45-46 келі шамасында еді. Соның салдарынан Біржан елшілік жарыстарға қатыса алмай, біраз несібеден қағылды. Өзінің күш-жігері, қарым-қабілетіне сенімді болғанымен, жоғарыдағы жағдайға байланысты талай аламан айқасты сырттан тамашалауға мәжбүр болды.
2004 жылдың қараша айында Алматыда Қазақстан чемпионаты өтті. Осындай мәртебесі биік жарысқа тұңғыш рет қатысып отырғандығына қарамастан, 20 жастағы Жақыпов өзін жақсы қырынан көрсетіп, қола медальді мойына ілді. Жартылай финалда ол Мират Сәрсембаевтан ұтылды. Финалда Мират Нұрлан Әбдірайымовқа жол берді. Осы табысынан кейін Біржан еліміздің ұлттық құрамасының сапына үшінші нөмірлі боксшы ретінде қабылданды.
2005 жылдың басты додасы – Қытайдың Миньянг қаласында жалауы желбіреуге тиіс әлем чемпионы еді. Сол тұста ел біріншілігінің күміс жүлдегері Мират Сәрсембаев 51 келі салмақ дәрежесіне ауысты. Бас жүлденің иегері Нұрлан Әбдірайымов Азия чемпионатында сәтсіз өнер көрсетті. Бұл жағдай Біржанға дүниежүзілік додаға қатысуға жол ашты. Бұл мүмкіндікті кейіп­керіміз ұтымды пайдаланып, Аспанасты елінде өткен жарыстан қола жүлдемен оралды. Осы кезден бастап, Жақыповтың есімі жанкүйерлер арасында ерекше құрметпен аталатын болды.
2005-2016 жылдар аралығында ұйымдастырылған елшілік жарыстарда аса жеңіл салмақта күш сынасқан Біржан ешкімге есе жіберген жоқ. Сол себепті де, ол сол кезеңдегі байрақты бәсекелердің түгелге жуығына қатысып, талай мәрте Қазақ елі әнұранын шырқатып, туын көкте желбіретті. Өзінің спорттық ғұмырындағы ең зор нәтижеге қандасымыз 2013 жылы Алатау баурайында өткен әлем чемпионатында қол жеткізді. Жеребе тым қолайсыз түскеніне қарамастан, Алматы рингінде Жақыпов жасындай жарқырады. Бастапқы бәсекелерде Еуропа біріншілігінің күміс жүлдегері, ресейлік Белик Галанов пен бокс әлемінің болашақ жарқын жұлдызы, өзбекстандық Хасанбай Дусматовты жеңген ол жартылай финалда жастар арасындағы әлем чемпионы, кубалық Йосбани Вейтианы жолынан ығыстырды. Финалдық сайыста Алжирдің аса дарынды боксшысы Мұхаммед Флиссиден басым түсіп, әлем чемпионы атанды.

 

Созақтан шыққан сайып­қыранның бағындырған басқа да белестері аз емес. Солардың арасынан екі бірдей Азия ойындарында жеңіп алған күміс медальді бөле-жара атаған жөн. 2010 жылы Гуанжоу және 2014 жылы Инчхонда алауы тұтанған додаларда ол ақтық сынға дейін алқынбай жетті. 2008 жылы Мәскеуде өткен әлем кубогында қола медальді қоржынға салды. Көптеген халықаралық турнирлер мен маңызды жарыстарда да Жақыповтың жұлдызы жарқырай жанды.
Бір ғажабы, елшілік жарыстарда Біржан өз жерлестерімізге небары екі рет қана жеңілген екен. Тасы өрге домалап тұрған боксшыдан тек Нұрлан Әбдірайымов пен Алмат Исақұлов ғана айласын асыра алды. Бірақ арада көп уақыт өтпей жатып кейіпкеріміз кеткен есесін толығымен қайтарды. Сол себепті де қандайда байрақты бәсеке қарсаңында «Ел намысын кім қорғайды?» деген сауал туындағанда, ұлттық құрама бапкерлерінің Біржанға бүйректері бұрып тұратын.
Біржанның өзегін өртейтін бір өкініш – Олимпиада ойын­дарында жеңіс тұғырына көтеріле алмағаны. Бағына қарай ол үш бірдей ғаламдық додаға қатысты. Бірақ үшеуінде де жолы болмады. 2008 жылы – Бейжіңде, 2012 жылы – Лондонда және 2016 жылы – Риода алауы тұтанған Олимпиадада қазақтың ұлының асығы алшысынан түспеді. Қандасымыз сол жарыстардың барлығында ширек финалда сүрінді. Ол жайында Біржанның өзі былай дейді: «Әрине, ұлттық құрамада аз уақыт жүрген жоқпын. Жасым да келді. Жастарға орын беру керек. Бас бапкер Мырзағали Құланұлы мені үш Олимпиадаға апарды. Қазақ боксшыларынан ең көп Олимпиада ойындарына барған мен екенмін. Алайда бірде-біреуінде жолым болмады. Тым құрығанда үштікке іліге алмадым. Арманым – Олимпиаданың бір жүлдесі еді. Орындалмады. Бірақ қанша қусаң да, бұйырмайтын дүние бұйырмайды екен».
Байыптап қарасақ, Біржан бауырымыз өзінің спорттық мансабында бірқатар рекордтық көрсеткішке қол жеткізгенін аңғару қиын емес. Енді солардың арасындағы ең негізгілеріне тоқталайық:
Біріншісі, бұған дейін Қа­зақстанның бірде-бір боксшысы дәл Жақыповтай ұзақ уақыт бойы ұлттық құрама сапында өнер көрсетпеген екен. Қазақтың ұлы бақандай 12 жыл бойы халықаралық аренада ел намысын қорғады.
Екіншісі, елімізде аса жеңіл салмақта бақ сынаған мықты былғары қолғап шеберлері аз болған жоқ. Алайда әлем чем­пионатында жеңіс тұғырына көтерілу бақыты сол саңлақтардың ешбіріне бұйырмады. Бұл көшті Біржан бастады. Ол 2005 жылғы жарыста қола медальді қанжығасына байласа, 2013 жылы чемпиондық атаққа қол жеткізді.
Үшіншісі, Біржан бауыры­мыз – үш бірдей Олимпиада ойын­дарына қатысқан Қазақстандағы жалғыз боксшы. Ол 2008 жылы – Бейжіңде, 2012 жылы – Лондонда және 2016 жылы – Риода күш сынасты.
Төртіншісі, үш Олимпиада да Жақыповтың жолы болмағанын жоғарыда айттық. Алайда сол жарыстарда қандасымыз сүреңсіз өнер көрсетті деп айтуға ауыз бармайды. Себебі, аталмыш додалардың барлығында ол жеңіс тұғырына сынық сүйем қалғанда сүрінді. Яғни, ширек финалға дейін жетті.
Бесіншісі, жоғарыда аталған жарыстарда қазақ боксшысы тек сол Олимпиада ойындарының жеңімпаздарына ғана жол берді. Мысалы, 2008 жылы Бейжіңде Қытайдың мақтанышы Цзоу Шиминге ұтылды. Есеп – 4:9. 2012 жылы Лондонда да Аспанасты елінің өкілі қандасымыздың алдын орап кетті. Есеп – 10:13. Сол жарыстардың екеуінде де Цзоу Шимин топ жарды. 2016 жылы Риода Хасанбай Дусматовқа есе жіберді. Есеп – 0:3. Бразилия төрінде Өзбекстанның өрені тек чемпион атанып қана қоймай, ең үздік боксшыға тиесілі Баркер кубогын да иеленді.
Міне, 32 жастағы Біржан Жақыповтың бағындырған белестері осындай. Былтыр Бразилияның Рио де Жанейро қаласында өткен Олимпиада ойындарынан кейін қандасымыз былғары қолғабын шегеге ілуді жөн көрді. Қазір қазақ боксының мақтанышы отбасымен бірге Шымкент қаласында тұрады. Ол Қорғаныс министрлігіне қарасты Армияшылардың Орталық спорт клубында (АОСК) қызмет етуде. Әскери шені – лейтенант.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН. Ақпарат aikyn.kz сайтынан алынды.

Сондай-ақ

АНТОН ПИНЧУК ЖЕҢІЛІС ТАПТЫ

Бүкіләлемдік бокс сериясының екі дүркін чемпионы бірінші жартылай финалда British Lionhearts клубымен Қостанай қаласында бақ …