Басты бет / Без рубрики / АТЫРАУДА ЕЛІМІЗДЕ БҰРЫН-СОҢДЫ БОЛМАҒАН СПОРТ ФЕСТИВАЛЬІ ӨТТІ

АТЫРАУДА ЕЛІМІЗДЕ БҰРЫН-СОҢДЫ БОЛМАҒАН СПОРТ ФЕСТИВАЛЬІ ӨТТІ

19 тамыз спорт күні мерекесіне орай Атырау қаласында 16 спорттың басын біріктірген «Атырау Спорт Фэст 2017» жекпе-жектер фестивальі өтті.

Атырау облысы әр уақытта біріне бірі ұқсамайтын кең құлашты ерекше спорт мерекелерін өткізумен ел назарын өзіне қаратып келеді. Бұл фестиваль спортшылардың төл мерекесіне арналып өткізілген бірден-бір айтулы оқиға.

«Спортта шекара жоқ, ол халықтарды біріктіреді» деген елбасының сөзі бар. Кеше батырлардың мекені қасиетті Атырау топырағында үлкен аламан дода өтті. Онда спорттық жекпе-жектің ММА, дзюдо, самбо, жауынгерлік самбо, таеквондо, жекпе-жек, карате, бокс, кикбоксинг, Муай-Тай, панкратион, грек-рим күресі, джиу-джитсу, карате киокушинкаи, еркін күрес секілді түрлерінен әлемнің алуан түкпірінен айтулы жүйріктер бақ сынасты.

Дүбірлі доданың құрметті қонағы ретінде каратеден әлем чемпионы, джиу-джитсудан Кеңестер Одағының чемпионы, Еуропа және әлем чемпионы, 5-ші дан Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген жаттықтырушысы Әшім Қали келді:

— «40 жыл көлемінде жекпе-жек өнерінің ұршығын иіріп жүрмін. Талай жетістіктерге жеттім. Арманым біреу-ақ еді. Ол бүкіл жекпе-жек түрлерінің басын қосып, үлкен спорттық шара ұйымдастыру. Бүгін менің алдымды Атырау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Бауыржанұлы орап кетті. Азамат халыққа тұңғыш рет теңдессіз жекпе-жектер кешін ұйымдастырып отыр. Бұндай бұрын-соңды елімізде болмаған. Сол себепті Атырау жұртшылығына керемет кеш үшін алғысымды білдіремін,»- деді Әшім Қали.

Кештің тағы бір қонағы Бүкіләлемдік аралас жекпе-жек жұлдызы, жеңіліп көрмеген Ресейлік спортшы Хабиб Нурмагомедов келді:

-«Мен Қазақстанда бірнеше рет болғаныммен, Атырау қаласына алғаш рет келуім. Халықтың осыншама көп жиналғанын көріп таң қалып отырмын. Жекпе-жек түрлері бұл қалада соншама танымалдылыққа ие екенін білмеппін. Елдің спортқа зор ықыласпен қарауы өте қуантарлық жағдай», — деді Хабиб.

Шара барысында 2017 жылы үлкен жетістіктерге қол жеткізген Атырау облысының спортшылары Хабиб Нурмагомедовтың қолынан алғыс хаттар алды.

16 спорт түрінен өткен жарыстарда Атырау облысының спортшыларының барлығы да жеңіске жетті. Кештің басты кездесуінде ММА шебері Исатай Теміров Бразилиядан келген қарсыласын нокаудпен ұтты. Бұл кешке жұрттың қызығушылығы өте жоғары болды. Тіпті Атырау мұз айдыны ғимаратына жиналған халықтың көпшілігі симай, қайта оралуларына тура келді.

Атырау облысына спортына үлесін қосқан азаматтар медальдар және алғыс хаттармен марапатталды. Халыққа лазерлік шоу көрсетіліп, эстрада жұлдыздары ән шырқады. Арена ішіне бес спорттық алаң тұрғызылып, спортшылар сәйкесінше бірінен соң бірі кездесулерін өткізді.  Атырау халқы үшін «Атырау спорт фэст 2017» ұзақ уақыт айтып жүретіндей үлкен әсер қалдырды.

 

Сондай-ақ

ДЕМЕУ ЖАДРАЕВ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ КҮМІС ЖҮЛДЕГЕРІ

Парижде күрес түрлерінен әлем чемпионаты басталды. Алғашқы болып жарыс жолына шыққан грек-рим күресі шеберлері төрт …