Басты бет / Күш қолданылатын спорт түрлері / Ауыр атлетика / ҰОК 2020 ЖЫЛҒЫ ТОКИО ОЛИМПИАДАСЫНА ДАЙЫНДЫҚ КЕЗЕҢІН ЖАПОНИЯДА ӨТКІЗУ ТУРАЛЫ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ

ҰОК 2020 ЖЫЛҒЫ ТОКИО ОЛИМПИАДАСЫНА ДАЙЫНДЫҚ КЕЗЕҢІН ЖАПОНИЯДА ӨТКІЗУ ТУРАЛЫ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ

24 шілде күні, Жапонияның Фукуока префектурасындағы Курумэ қаласында Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті мен жапон тарабы 2020 жылғы Токио Олимпиадасының қарсаңында олимпиадалық құрамаларды дайындау туралы әріптестік меморандумға қол қойды.

Жапониядағы Олимпиада ойындарының басталуына екі жыл уақыт қалғанда Қазақстан ҰОК спорт Дирекциясының басшысы Елсияр Қанағатов пен Фукуока губернаторы Хироши Огава, қала мэрі Цутому Окубо әріптестік туралы келісімді бекітті. Бұл келісім бойынша, спортшылар төртжылдықтың басты додасына сапалы дайындық кезеңін жүргізіп, атлеттер үшін маңызды саналатын акклиматизацияда өтуге мүмкіндік беріледі.

Салтанатты рәсім қайғылы жағдайда көз жұмған спортшы, Олимпиада ойындарының жүлдегері Денис Теннің қазасына байланысты Қазақстанға көңіл айтудан басталды. Курумэ қаласының мэрі Окубо мырзаның айтуынша, бұл трагелия қазақстандық мәнерлеп сырғанаушының талантын құрметтейтін Жапония халқын дүр сілкінткен.

Маусым айында Курумэ қаласында 2020 жылғы ойындар қарсаңында ұлттық құрамаларды қабылдайтын, барлық халықаралық талаптарға жауап беретін жаңа көпсалалы спорт кешені ашылды. Кешенде ойын түрлеріне арналған барлық командалардың жаттығу жүргізуіне мүмкіндік бар. Атап айтар болсақ, спорттық гимнастика, үстел теннисі, жекпе-жек түрлері, жеңіл атлетика және каноэмен ескек есушілерге барлық жағдай қарастырылған. Аталған келісім аясында жапондықтар отандық спортшылардың қайтарымсыз негізде жаттығу жасауына мүмкіндік береді.

Айта кетелік, Қазақстан ҰОК Жапониядағы жаттығу орталықтарымен келісім жүргізуді Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарынан кейін бастаған болатын. ҰОК тек қана Фукуока префектурасымен ғана емес, Нара префектурасының өкілдерімен де келісімге келуде.

«Токио Олимпиадасының басталуына әлі екі жыл барына қарамастан, Қазақстан ҰОК спортшылардың алаңсыз дайындығын ұйымдастыру үшін белсенді түрде жұмыс істеуде. Біз ұлттық құрама спортшылары үшін ең үздік деген жаттығу орталықтарын тауып қана қоймай, бірлескен оқу-жаттығу жиындарын өткізу жөнінде де келісімге келеміз. Олимпиадалық спорт түрлеріндегі құрамалардың жаттығуын реттеу үшін Жапонияның өзге де префектураларымен келіссөздер жүргіземіз», — дейді спорт Дирекциясының басшысы Елсияр Қанағатов.

Кукрумэ қаласының мэрі 2020 жылғы Олимпиада ойындарының қарсаңында Қазақстанның олимпиадалық құрамасын қабылдау үлкен абырой екенін айтты. Окубо мырза заманауи жаттығу орталықтары отандық спортшылардың дайындығына өз үлесін қосады деген сенімде.

Дереккөз: Confederation.kz

Сондай-ақ

КХЛ КЛУБЫ ҚАЗАҚСТАН ПРЕЗИДЕНТІНІҢ КУБОГЫН ЖЕҢІП АЛДЫ

9-12 тамыз аралығында Астанадағы «Барыс-Арена»-да хоккейдан Қазақстан Президентінің Кубогы өтіп, Қазақстан ұлттық құрамасы және Континенттік …