Басты бет / Бокс / АСТАНАДАҒЫ БОКС ДОДАСЫНДА 15 ЕЛДІҢ СПОРТШЫЛАРЫ БАҚ СЫНАЙДЫ

АСТАНАДАҒЫ БОКС ДОДАСЫНДА 15 ЕЛДІҢ СПОРТШЫЛАРЫ БАҚ СЫНАЙДЫ

5 маусым күні Астанада бокстан ҚР Президентінің кубогі халықаралық дәстүрлі турнирі басталады. Аталмыш додада 16 елдің өкілдері бақ сынайды.

Атап айтар болсақ, Беларусь, Үндістан, Жапония, Қырғызстан, Моңғолия, Қытай, Филиппин, Ресей, Швеция, Тәжікстан, Таиланд, Түркменстан, АҚШ, Өзбекстан және Қазақстан боксшылары бас жүлде үшін таласпақшы.

Көптеген құрама шаршы алаң иелерінің оқу-жаттығу жиынына қатысып, шеберлік арттыруды ұйғарған. Бұл тәжірибе бокс тарихында бұрыннан бар, бірақ тоғыз елдің боксшылары алғаш рет оқу-жаттығу жиындарын өткізуде.

«Үш рет біріккен жаттығу өткізу жоспарда бар. Боксшыларды жекпе-жекке шығарып, техникалық және тактикалық шеберлікті арттырамыз», — дейді бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов.

«Турнир Азия ойындарының қарсаңында өткендіктен, үлкен маңызға ие. Кейбір салмақтарда кімнің үздік екенін анықтаймыз. Азия мемлекеттері үшін бұл дода сары құрлық бәсекесінің алдында өз боксшыларының әлеуетін тексеруге таптырмайтын мүмкіндік», — деп толықтырды Мырзағали Айтжанов.

Бокстан Америка құрамасының бас бапкері Билли Уолш Қазақстан астанасына бірінші құрамды алып келген. Ол Президент кубогі турнирі мен жаттығу жиындарынан алған әсерлерімен бөлісті.

«Бұл турнир биылғы жылдың спорттық шараларына ғана емес, келесі жылы басталатын Олимпиада ойындарының лицензиялық турнирлеріне дайындық. Әрине, біз барлық медальді иеленгіміз келеді. Бірақ бұл мүмкін емес»,- дейді АҚШ құрамасының бапкері.

«Бұл турнир біздер үшін биылғы жылдың ең басты бәсекесі. Келесі жылы бізді Панамерика ойындары күтіп тұр. Сол себепті, Президент кубогін ресми турнирлерге дайындық кезеңі деп қарастыруға болады», — дейді америкалық бапкер.

Англия құрамасы Қазақстанға жаттығу жиындарына қатысу үшін ғана келді. Ағылшын бапкері Пол Уолмслидің айтуында, команда құрамы толық болмағандықтан, турнирге қатысу мүмкіндігі кейінге қалған.

«Меніңше, келесі жылы біз турнирге қатыса аламыз. Біз WSB турниріне қатысқандықтан, көп боксшыларымыздың жарыс кестесі сай келмей қалды. Келесі жылы команда толығымен келеді деген үмітім бар».

«Қазақстанға келгендегі басты мақсатымыз – құраманың ең жас мүшелеріне тәжірибе жинақтау. Қазақстанның бокс мектебі әлемге танымал, сол себепті, мықты спортшылардың барлығы тәжірибе арттыру үшін келді. АҚШ, Ресей құрамаларының турнирге бірінші нөмірлі спортшыларын алып келгенін байқадым. Осыған қарап, турнирдің әлемдік деңгейде өтетініне күмән жоқ. Бүгінде Қазақстан Президентінің кубогі секілді ірі әрі сапалы турнирлер әлемде көп ұйымдастырылмайды», — дейді ағылшын құрамасының бас бапкері Пол Уолмсли.

Бокс бәсекесі 5-10 маусым күндері «Дәулет» спорт кешенінде өтеді.

Дереккөз: olympic.kz

Сондай-ақ

АУЛА ЛИГАСЫ ЕКІ КҮНДЕ 1000-ҒА ЖУЫҚ ФУТБОЛ ӘУЕСҚОЙЛАРЫН ЖИНАДЫ

Осы сенбі және жексенбі күндері «Спорттық Алматы» бағдарламасы аясында футболдан аула командалары арасында лига өтті, …

Добавить комментарий