Басты бет / Күш қолданылатын спорт түрлері / ЕКІ АПТАДА «АЛАШ ПРАЙД» КЛУБЫНЫҢ ТӨРТ МҮШЕСІ ЖЕКПЕ-ЖЕК ӨТКІЗЕДІ

ЕКІ АПТАДА «АЛАШ ПРАЙД» КЛУБЫНЫҢ ТӨРТ МҮШЕСІ ЖЕКПЕ-ЖЕК ӨТКІЗЕДІ

Алдағы екі апта ережесіз жекпе-жек өнерін серік еткен саңлақтар үшін алапат айқасқа толы болмақ. Атап айтсақ, 21 сәуір мен 5 мамыр аралығында Қазақстанда іргетасы қаланған «Алаш прайд» клубының төрт бірдей белді мүшесі жекпе-жекке шығады.

Көптен бері өрелі өнерімен көзге түсіп жүрген Нұрсұлтан Қасымхановтың есімі қалың көрерменге етене таныс. Спорттық мансабын қазақ күресінен бастаған Алматы облысы, Алакөл ауданының тумасы осы күнге дейін 8 кездесу өткізіп, 7 рет жеңіске жетті. Былтыр ол Алматыда өткен Гран-при турнирінде 66 кило салмақ дәрежесінде қарсылас шақ келтірмей, бас жүлдеге тігілген «темір тұлпарды» тізгіндеді. Содан Нұрсұлтанға беделі жағынан әлемде алғашқы үштікке еніп отырған АСВ (Absolute Championship Berkut‏) ұйымы басшыларының көзі түсті. Қос тарап 4 жекпе-жек өткізу жөніндегі келісімшартқа қол қойды. «Сұлтан» деген лақап атпен танымал қандасымыз тұ­сау­кесер кездесуін 21 сәуір­де Италияда өткізеді.  Қасым­ха­нов­тың қарсыласы – Швеция спорт­шысы.

29 сәуірде Чешенстанның Грозный қаласында Асу Алма­баев пен жергілікті спортшы Шәміл Ахмаев айқасады. Қа­зір­гі кезге дейін Асу 8 бәсеке өткі­зіп, 6 рет басымдық танытты. Қарсыласы 6 рет күш сына­сып, сол кездесулердің тең жарысында жеңіс тойын тойлады.

Көпшілік тағатсыздана күт­кен бәсекелер 5 мамырда Мәс­­кеуде өтеді. Атақты АСВ нұс­қасы бойынша ұйым­дас­тыры­лып отырған дүбірлі додада Алаштың қос мақтанышы – Ар­ман «Сұңқар» Оспанов (65,8 кило) пен Асылжан «Сақ» Бақыт­жанұлы (93 кило) өнер көрсетеді. Екеуінің де жүріп өткен жолы жанкүйерлердің көз ал­дында. Ережесіз жекпе-жек­тен өткен 10 жекпе-жекте 8 рет жеңіске жеткен 28 жастағы Арман Оспанов армениялық Акоп Степанянмен сайысқа түседі. Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданының тумасы 2017 жылға дейін қарсы келгендердің барлығын қоғадай жапырған еді. Тек соңғы екі кездесуде қандасымыздың жолы болмады. Десек те осы қос сәтсіздіктің өзіндік себеп-салдары бар. Бразилиялық Тиаго Сильвамен ол жарақатынан айықпай шықса, ресейлік Алек­сей Полпудниковпен бол­ған бәсекеде төрешілер бұра тарт­қанына барша жұрт куә. Ал 31 жастағы Акоп Степанян «Мер­ген» деген лақап атпен танымал. Қап тауының қыраны күні бү­гінге дейін 35 кездесу өткізіп, 25 рет басымдық танытты.

Алматылық Асылжан Бақыт­жанұлы 7 бәсекенің барлығында өз қарсыластарын күмәнсіз ұтты. Былтырғы жылдың соңында АСВ нұсқасындағы кездесуінде 26 жастағы өреніміз ресейлік Мүсілім Махмудовты есінен танғанша сабап, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Бұл жолы ол тағы бір жергілікті спортшы Мүсілім Магомедовпен айқасады.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН, «Егемен Қазақстан»

Толығырақ:  egemen.kz

Сондай-ақ

ПРЕМЬЕР-ЛИГАНЫҢ 22-ШІ КЕЗЕҢІНІҢ ЕҢ ҮЗДІК ГОЛЫ ДЕП ЖАМБЫЛ КӨКЕЕВТІҢ ГОЛЫ ТАҢДАЛДЫ

Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы Премьер-лиганың жиырма екінші турының үздік голын анықтау мақсатында жанкүйерлер арасында сауалнама …

Добавить комментарий