Басты бет / Кәсіпқой бокс / Айдар Шәрібаев / САҒЫ СЫНБАҒАН САҢЛАҚТАР НЕМЕСЕ АЙДАР ШӘРІБАЕВ ҮШІН 10 МЫСАЛ

САҒЫ СЫНБАҒАН САҢЛАҚТАР НЕМЕСЕ АЙДАР ШӘРІБАЕВ ҮШІН 10 МЫСАЛ

Айдар Шәрібаевтың кәсіпқой бокстағы алғашқы жеңілісінен кейін үш күн өтті. Үш күн бойы отандық сайттарда әбден сынадық. Жерден алып, жерге салдық. Рас, арасында оңды пікірлер де болды. Дегенмен, әр чемпионның карьерасында мұндай кезеңнің болуы заңдылық. Бұл да бір сынақ іспеттес. Егер сол сәтсіздікке мойымай, жеңілістен сабақ ала білсең, онда сені алда үлкен жеңістер күтеді. Ондай дүлдүлдер бокс әлемінде аз болмаған. Айдар да солардан үлгі алып, шаршы алаңға екі есе қуат жинап оралады деп сенеміз.

 

Назарларыңызға кәсіпқой карьерасының алғашқы кезеңінде жеңіліске ұшырап, кейін чемпион атанып, даңқы әлемге жайылған саңлақтарды ұсынамыз.

Бернард ХОПКИНС (АҚШ) – Бірінші жекпе-жегінде жеңілген

Жетістіктері: (55-8-2, 32КО) – Орта және жартылай ауыр салмақ дәрежелеріндегі WBC, WBA, IBF, WBO, IBO және The Ring чемпионы

13 жасында-ақ қылмыс жасап, үш жерінен пышақталып үлгерген Бернард Хопкинс 17 жасында тоғыз қылмысы үшін 18 жылға бас бостандығынан айрылды. Бес жылын өтеген соң амнистияға ілігіп, түрмеден шыққан «Жендет» ислам дінін қабылдап, кәсіпқой боксқа бет бұрған. Бірақ, бірінші айқасында-ақ өзі сияқты былғары қолғапты енді ғана киген боксшыдан жеңіліп қалды. Содан бір жарым жыл бойы шаршы алаңға жолаған жоқ. Алайда, бар қателігін жаттығуларда түзеп, боксқа қайта оралған «БиХоп» 52 жасына дейін шаршы алаңның шаңын шығарып жүрді.

Артуро ГАТТИ (Канада) – Жетінші жекпе-жегінде жеңілген

Жетістіктері: (40-9, 31 КО) – Жартылай жеңіл салмақ дәрежесіндегі WBC және ІВF чемпионы

1972 жылы Италияда дүниеге келіп, 37 жасында Бразилияда қайтыс болған канадалық боксшы өзінің жетінші жекпе-жегінде жеңілістің кермек дәмін татқан. Бірақ, бұдан Гатти әлсіреп қалмады. Керісінше, ашуға мініп, келесі сегіз айқасында қарсыластарын құлатқан. Ол жеңіл салмақтағы талай боксшының кумиріне айналды. Өйткені, жұдырықтасу мәнері керемет еді. «Саған соққы тиді ме, дереу жауап қайтар. Дұрысы, сериялық шабуыл жаса! Тигіз. Мені құлатуға болады. Бірақ, бәрібір орнымнан тұрам да, есемді қайтарам» дейтін. Расымен де, нағыз панчер еді. Шәрібаевтың да стилін кейде осы «Найзағайға» ұқсатып жатамыз.

Хуан Мануэль МАРКЕС (Мексика) – Бірінші жекпе-жегінде жеңілген

Жетістіктері: (56-7-1, 40КО) – Жеңіл салмақ дәрежелеріндегі WBC, WBA, WBO, IBF және The Ring чемпионы

December 8, 2012, Las Vegas,Nevada — Juan Manuel Marquez(L) knocks out Manny Pacquiao(R) in the 6th round Saturday at the MGM Grand in Las Vegas. — Photo Credit : Chris Farina – Top Rank (no other credit allowed) copyright 2012

Boxrec сайты Хуан Мануэль Маркесті «Мексика тарихындағы ең таңдаулы боксшы» деп таныған. Келіспеске болмайды. Расымен де, «мексикалық Динамиттің» жетпеген жетістігі жоқ. Негізгі тұжырымдардың барлығында чемпион атанған. WBO Маркесті жаңа ғасырдың алғашқы он жылдығындағы үздік боксшы ретінде мойындаған. Тізе берсең, атақтары жетіп жатыр. Бірақ, сол Маркестің өзінің кәсіпқой шаршы алаңдағы алғашқы айқасында-ақ жеңіліс тапқанын білесіз бе? Иә, рас, солай болған. Бірінші раундта-ақ төрешілер жеңісті қарсыласына берген. Әйтсе де, бұл сәтсіздіктен сабақ алған ол 1993 жылдан 2014 жылға дейін жасындай жарқылдады.

Хесус ЧАВЕС (Мексика) – Бесінші жекпе-жегінде жеңілген

Жетістіктері: (44-8, 30КО) – Жеңіл салмақ дәрежелеріндегі WBC және ІВF чемпионы

Мексикалық «Эль-Матадор» бесінші жекпе-жегінде өзінен тәжірибесі біраз басымдау пуэрто-риколық Карлос Гереномен кездесіп, төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіліс тапты. Бірақ, бұл жеңіліс Хесус Чавеске үлкен сабақ болды. Қай боксшымен қалай жұдырықтасу қажеттігін үйренді. Нәтижесінде сол сәтісздіктен кейін жеті жылдың ішінде қатарынан 38 кездесуде жеңіске жетіп, тек 2001 жылы Флойд Мэйуезерден ұтылды.

Рафаэль МАРКЕС (Мексика) – Бірінші жекпе-жегінде 8-ші раундта нокаутпен ұтылған

Жетістіктері: (41-9, 37КО) – Аса жеңіл салмақ дәрежесінде WBC, IBF және ІВО чемпионы

Бірінші айқасында-ақ ұтылу, оның үстіне, нокаутпен жеңілудің қаншалықты ауыр болатынын боксшылардың барлығы жақсы біледі. Одан кейін шаршы алаңға қайта шықпай кететіндер де көп. Хуан Мануэль Маркестің туған інісі Рафаэль де бірінші жекпе-жегінде нокаутпен ұтылған. Қарсыласы қарымды әлемнің экс-чемпионы Виктор Рабаналес еді. Сегізінші раундта сылқ түсті. Алайда, бұл жеңіліс оған үлкен сабақ болды. Кейін қандай белбеулерді жеңіп алғанын өздеріңіз-ақ көріп отырсыздар.

Мэнни ПАКЬЯО (Филиппин) – Он екінші жекпе-жегінің 3-раундында нокаутпен жеңілген

Жетістіктері: (59-7-2, 38КО) – Сегіз салмақ дәрежесінде WBC, WBO, IBF, IBO және The Ring чемпионы

Талай боксшының піріне айналған әйгілі «ПакМэннің» де карьерасы сәтті басталды деп айта алмайсыз. Енді тәжірибе жинақтай бастаған шағы. Он екінші жекпе-жегі болса керек. Өз елінде өткен кәсіпқой бокс кешінде үшінші раундта-ақ ешкімге белгісіз боксшыдан нокаут алып қалды. Бірақ, тектілік деген осы шығар, нокаут алдым екен деп тентіреп кеткен жоқ, мықтылығымен күллі әлемді мойындатты. Бүгінде Пакьяо Филиппиндегі нөмірі бірінші адам. Ол шаршы алаңға шыққанда Филиппин көшелерінде адам қалмайды. Қылмыс күрт азайып, террористердің өзі тұтқындарды босатады. Пакьяо – сегіз салмақ дәрежесінде де чемпион атанған алғашқы және әзірге жалғыз боксшы.

Висаксил ВАНГЕК (Тайланд) – Алғашқы екі жекпе-жегінде 3-ші раундтарда нокаутпен жеңілген

Жетістіктері: (45-4-1, 40КО) – Екінші аса жеңіл салмақ дәрежесіндегі WBC чемпионы

P4P боксшылардың экс-патшасы никарагуалық Роман «Чоколатито» Гонсалесті екі жекпе-жекте де жеңген Срисакет Сор Рунгвисаи деген жігіт осы. Бірақ, оның да карьерасы сәтті басталмаған. Өзі кәсіпқой бокста 50 рет шаршы алаңға шығып, соның төртеуінде-ақ ұтылыпты. Сол төртеудің үшеуі алғашқы бес жекпе-жегіне келген. Алғашқы кездесуінде-ақ жапон жігіті, болашақ чемпион Акире Яэгасиден 3 раундта нокаутпен ұтылды. Үш айдан кейін тағы бір жапониялықтан нокаутпен жеңілді. Үшінші айқасы тең аяқталды. Төртіншісінде жеңіске жеткенімен бесінші жекпе-жегінде тағы да жеңілістің кермек дәмін татты. Басқа біреу болса, сол кезде-ақ былғары қолғабын шеше салып, қашып кетер ме еді, бірақ кедей отбасынан шығып, қоқыстан тамақ жеп өскен Висаксилдің сағы сынбады. Бүгінде ол әлемнің P4P боксшыларының ішінде үздік бестікке кіреді.

Василий ЛОМАЧЕНКО (Украина) – Екінші жекпе-жегінде жеңілген

Жетістіктері: (10-1, 8КО) – Екінші жартылай жеңіл салмақ дәрежесіндегі WBO чемпионы

Алыстан мысал іздеп қайтеміз?.. Өзімізге жақсы таныс Василий Ломаченконы айтсақ та жетіп жатыр. Айдар Шәрібаев секілді амбициясы жоғары боксшылардың қатарынан. Екінші жекпе-жегінде-ақ чемпиондық атаққа таласып, мексикалық «кәрі қасқыр» Орландо Салидомен айқасты. Жеңіліп қалды. Әйтсе де, сағы сынған жоқ. Өзі қажет еткен WBO чемпиондық белбеуін ақыры жеңіп алды. Бүгінде «Хай-Тек» әлемнің үздік боксшыларының бірі. P4P боксшылардың арасында, тіпті, Геннадий Головкиннен де жоғары тұр.

Бейбіт ШҮМЕНОВ (Қазақстан) – Тоғызыншы жекпе-жегінде жеңілген

Жетістіктері: (17-2, 11КО) – Бірінші ауыр салмақ дәрежесіндегі WBA және IBA чемпионы

Өзіміздің қазақтардың арасынан да мұндай мысалдар табуға болады. Мәселен, өзінің сегізінші айқасында-ақ екінші деңгейлі белбеулердің барлығына қол жеткізген Бейбіт Шүменов толыққанды чемпиондыққа таласу үшін 2009 жылы Астанаға Испаниядан Габриэль Кампильоны шақырды. Бірінші ауыр салмақ дәрежесіндегі WBA чемпиондық белбеуі сарапқа салынып жатқан. Шүменов үшін өте ауыр кездесу болды. 12 раундтық қорытындысы бойынша, үш төрешінің біреуі тең нәтижені тіркесе, екеуі жеңісті испандыққа беріп, Кампильо чемпиондық атағын қорғап қалды. Иә, бұған дейін жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген боксшы үшін өз жанкүйерлерінің алдында қарсыласына тізе бігу – өте ауыр жаза еді. Алайда, жерлесіміз еңсе түсірген жоқ. Жарты жыл өтпей жатып-ақ, Лас-Вегаста Кампильодан қарымта қайтарып, WBA белбеуіне ІВА чемпиондық атағын қосып алды. Бүгінде оның карьерасына кез келген қазақстандық боксшы қызыға қарайды.

Жанат ЖАҚИЯНОВ (Қазақстан) – Алтыншы жекпе-жегінде жеңілген

Жетістіктері: (27-2, 18КО) Аса жеңіл салмақ дәрежесіндегі WBA және IBF чемпионы

Кәсіпқой бокстағы алғашқы бес жекпе-жегін Қазақстанда өткізген жерлесіміздің шетелге тұңғыш сапары сәтсіз болды. Ресейдің Раменск қаласына барып, тәжік Сахиб Усаровпен кездескен. Бұған дейін тек 4 раундтан артық жұдырықтаспаған Жақиянов қарсыласымен сегіз раунд айқасты. Жекпе-жектен кейін төрешілер тәжікті жеңімпаз деп таныды. Бұл Жанаттың алғашқы жеңілісі еді. Бірақ мойыған жоқ. Керісінше, сол сәтсіздіктен сабақ алып, кейінгі 22 айқасында жеңіске жетті. IBF және WBA чемпиондық белбеулерін еншілеп барып, карьерасын аяқтады.

P.S. Біз тек өзіміз жекпе-жектерімен “сусындап” өскен боксшылардың ғана карьераларына тоқталдық. Тарихты қопарып, өткен ғасырдың орта шебіне дейін кетіп қалған жоқпыз. Әйтпесе, ол кезден де біраз мысал табуға болар еді.

Дереккөз: diamondring.kz

Сондай-ақ

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҮШ БОКСШЫНЫҢ КЕЗЕКТІ ЖЕКПЕ-ЖЕКТЕРІНІҢ УАҚЫТТАРЫ БЕЛГІЛІ БОЛДЫ

Қазақстандық боксшылар Батыр Жүкембаев (13-0, 11 КО), Нұрзат Сабыров (7-0, 6 КО) және Садриддин Ахмедовтың …

Добавить комментарий