Басты бет / Күш қолданылатын спорт түрлері / Күрес / НАМЫС ОТЫНА ШОҚТАЙ ҚАРЫЛҒАН ӘБІЛСЕЙІТ АЙХАНОВ

НАМЫС ОТЫНА ШОҚТАЙ ҚАРЫЛҒАН ӘБІЛСЕЙІТ АЙХАНОВ

Кеше қазақтың әйгілі балуаны Әбілсейіт Айхановтың туған күні болды. Марқұм, тірі болса, 80-ге толар еді.

Намыс отына шоқтай қарылған Әбілсейіт Айханов

Әбілсейіт Айханов 1938 жылы 15 сәуірде туған. 2016 жылы 6 наурызда қайтыс болды. Нағыз, намыс отына шоқтай қарылған, қайталанбас тұлға еді. Еркін күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері (1958 жылы алған). Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы.

Әбілсейіт аға жас кезінде есепке жүйрік болыпты. Мектеп қабырғасында мұғалімдер шығара алмайтын есептің өзін шығарып кеткен кездері де болған екен. Математиканы жақсы көретін. Содан соң өлең шығаратын. Өте ұлтжанды адам еді.

Лондон Олимпиадасының қарсаңында, 2011 жылдың басында, 73-ке толатын шағында «Олимпиадаға барып күресемін» деді. Таң қалдық. Өз аузынан есту үшін іздеп те бардық. Сонда: «Шет елдерден, әсіресе Кавказдан балуан тасу доғарылмаса, сондай-ақ Олимпиада ойындарына өз жігіттерімізді апармай, келімсектерге иек арту тыйылмаса, мен боз кілемге шығып, белдесемін. Қазақтың да күресе алатындығын паш етемін. Барамын Лондонға, күресемін. Әрі «жеңілсем, жер көтереді» деп жеңілу үшін бармаймын. Намысты қолдан бермей, белдесемін. Оған дейін жаттығамын, дайындаламын», – деген болатын күйініп.

Жалпы, Әбілсейіт аға боз кілемде өшпес із қалдырды. 1962 жылы КСРО чемпионатында екінші орын алып, 1963 жылы чемпион атанып, КСРО халықтарының ІІІ жазғы Спартакиадасының жеңімпазы болған. Үш рет ауыл спартакиадасында, содан соң кәсіподақтың бүкілкеңестік спартакиадасында топ жарған. 1970 жылы КСРО кубогының жеңімпазы атанған. 12 рет халықаралық турнирге қатысып, ешқайсысында жеңілмеген.

Боз кілемде Олимпиада ойындарының үш дүркін чемпионы Александр Медведь, Олимпиада чемпионы Александр Иваницкий, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегерлері Богумил Кубат және Петр Кмент (екеуі де – чехиялық), Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, осетин алыбы Борис Кулаев, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Александр Албул және басқа да атақты балуандармен белдесіп, бәрін де жеңген.

Айхановтың ерекше бір қасиеті және өзгелерден ерекшелігі, боз кілемге шыққанда бір аяғын алға созып, қарсыласына беріп қоятын. Негізі, еркін күресте ешкім де аяғын ұстатпауға тырысады. Бәрі де аяқтарын алып қашады. Ал Әбілсейіт аға, қасқайып алға созып тұрған.

«Керегі аяқ па? Мә, ала қой. Ұста. Аңшылар дала тағысын ұстау үшін тар өткелге қақпан құрып, соған қарай қаумалап қуалайды. Қашқан аң сол қақпанды баспай кете алмайды. Сол секілді менің құрған қақпаным, алға озған оң аяғым болатын. Қарсыластарым да амалсыз аяғымды ұстайды. Аяқты ұстаған бетте өзімнің әбден машықтанған әдістерім бойынша, қақпан сияқты мен де шап беремін. Оған үйренгенмін, әдістенгенін. Қалай келеді, қалай ұстайды, оның бәріне сай қарсы тәсілдерім бар. Яғни жатпай-тұрмай жаттыға берсең, әлгі әдісті бір күн емес, бір жыл емес, 10-15 жыл қайталай берсең, ерінбей жаттыға берсең, әбден меңгеріп аласың ғой. Қалай келіп ұстаса да, қарсы қолданар әдісім дайын. Үстінен жаншып, ендігәрі аяғыңды ұстамастай қыласың», – деген еді даңқты балуанның өзі.

…Бірде Әбілсейіт аға үш дүркін Олимпиада чемпионы, жеті дүркін әлем чемпионы Медведьпен күреседі. Сол кезде Иваницкий кілем шетінде айқайлап тұрған көрінеді. Жоғарыда жазғанымыздай, ол да – Олимпиада чемпионы, әлем чемпионатының төрт дүркін жеңімпазы. Екеуі дос, екеуі де ең ауыр салмақта белдесетін. «Саша, аяғын ұстама, аяғына жолама» деп аттанды салыпты. Өйткені өзінің аузы күйген. Айхановтың аяғынан ұстаймын деп, опық жеген. Сонда Медведь «аяғынан ұстамағанда, қай жерінен ұстайын» деп ыза болатын көрінеді. Өйткені, Әбілсейіт аға тағы да аяғын алға созып, тұрып алған. Жақын келу үшін алға созылып тұрған аяққа тіреледі. Одан өту үшін ұстау керек.

«Сол Иваницкий «Шестое чувство» деген кітап жазды. Кітабында «Айханов қазақтың сайын даласынан шыққан, бұрын-соңды естімеген бейтаныс бала еді. Бойы сырықтай, бірақ күші жоқ сияқты. Сексеуіл секілді сидиған жігіт екен. Сындырып алмайыншы деп, аяғына өтіп, әрлі-берлі ырғап көріп едім. Қазақтың иен даласында өскен сексеуіл не иіуге, не сындыруға келмеді. Онысымен қоймай, мені үстімнен бүріп, өйтіп-бүйтіп, боз кілемге таза тастады» деп жазды.

Әбілсейіт аға осыны айтқанда, аңқиып отырып қалған едік. Риза болып, қазақтың даңқты балуанына сүйсіне қарағанбыз. Ал Айханов болса, өзін халықтың «Қажымұқанның ізбасары» дегеніне мәз болатын. Соны мәртебе тұтатын. Кез келген атақ-даңқтан осы сөздерді жоғары қоятын.

«Басқасы – басқа, бірақ «Қажымұқанның ізбасары» деген сөз маған ерекше әсер етті. Көшеде келе жатсам немесе қоғадық көлікке мінсем «ә, мынау Айханов па, Қажымұқанның ізбасары ғой» деп қарайтындар көп болды. Қажымұқан дегеніміз тарихи тұлға емес пе?! Ал сені осындай аты аңызға айналған тұлғаға теңесе, бұл үлкен мәртебе емес пе? Бұл кез-келген медаль-жүлдеңнен артық. Сондықтан мен жүріс-тұрысыма айрықша мән беретін болдым. Қажымұқан атамыздың атына кір келтірмеуді ойладым. Жамандығымды көрсетпеуге тырыстым. Еңсемді тік ұстап, адал болуды көкседім. Боз кілемде жеңілмеуге тырыстым. Жеңілсем, Қажымұқанның атына дақ түсірермін деп, үздікіз жаттықтым. Ерінбей тер төктім. Міне, намыс деген осыдан басталды», – деп жігерлене сөйлегені әлі көз алдымызда…

«Боз кілемнен түйгенімді, бірнеше жылғы мол тәжірибемді жастарға сіңірсем, білгенімді келер буынға үйретсем деймін. Білген, түйгенімді о дүниеге алып кеткім келмейді. Халық игілігіне жаратсам деймін», деп жүріп, тұрлаусыз мынау өмірден Әбілсейіт ағамыз да өткен. Осыдан екі жыл бұрын қайтыс бодды. Бірақ қазақ халқы айбынды Айхановты ұмытпайды. Боз кілемде ізі қалған. Еркін күрес тарихында есімі мәңгілікке сақталады. Жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа, жаныңыз жаннатта болсын, балуан аға!

Маруан Түсіп abctv.kz

 

Сондай-ақ

АЗИЯ ОЙЫНДАРЫ 2018-ДЕ ЖЕКПЕ-ЖЕК ТҮРЛЕРІНЕН ҚАЗАҚСТАН ҚҰРАМАЛАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

Джакарта мен Палембангта алауы тұтанатын жазғы Азия ойындарына жекпе-жек түрлері бойынша самбо, ушу және кураштан …

Добавить комментарий