Басты бет / Бокс / ӘУЕСҚОЙ БОКСТЫҢ БАСЫНА ҚАРА БҰЛТ ТӨНДІ, БОЛАШАҚ КӘСІПҚОЙ БОКСТА

ӘУЕСҚОЙ БОКСТЫҢ БАСЫНА ҚАРА БҰЛТ ТӨНДІ, БОЛАШАҚ КӘСІПҚОЙ БОКСТА

Rio 2016 Olympic Games - Day 11 - Boxing : News Photo
Әуесқой бокстың басына қара бұлт төнді. Халықаралық Олимпиада комитеті спорттың бұл түрін Олимпиада ойындарының бағдарламасынан алып тастау туралы мәселе көтерді. Бәлкім, бізге қазірден бастап спорттық саясатымызды өзгертіп, басымдықты кәсіпқой боксқа бере бастаған дұрыс шығар. 
Екі жылдан кейін Жапония астанасы Токиода өтетін Олимпиада ойындарында 300-ге жуық боксшы 13 медаль жиынтығын сарапқа салады. Салмауы да мүмкін. Өйткені, әуесқой бокс екі айдан кейін-ақ Олимпиада бағларламасынан алынып тасталуы ғажап емес. Қазір қос тарап өзара келіссөздер жүргізіп, АІВА басшылығы әуесқой бокстың абыройын сақтап қалу үшін бар күштерін салуда.
Иә, аптаның басында әлемдік ақпарат агенттіктері гу ете қалды. ХОК басшысы Томас Бах әуесқой бокстың Олимпиада ойындары бағдарламасынан алынып тасталуы мүмкін екендігі туралы мәлімдеді. Оның бұлай мәлімдеме жасауына АІВА-ның қаржылық және антидопингтік жүйелеріндегі олқылықтар себеп болыпты. Дегенмен, мұның барлығы жай ғана сылтау. Жалпы, бірінші ретте Халықаралық Олимпиада комитеті әуесқой бокстағы төрешілер дауының тым көптігіне алаңдаулы. Мұны Томас Бах та ақырын ғана меңзеп өтті.

– Өз кезінде біз Олимпиададан кейін АІВА-дан күдігімізді тудырған жекпе-жектер туралы есеп беруді сұрадық. Олар қажетті құжаттарды берді. Бірақ, біз онымен тоқтап қалмадық. Толықтырылған есептер сұрадық. Ол жекпе-жектер бізді әлі де қызықтырады, – деді Томас Бах.

Иә, Бах мырза мәселе қай жекпе-жектер турасында екендігін айтқан жоқ. Алайда, көзі қарақты мамандар мәселенің түп төркінін түсініп, ХОК басшысының қай айқастарды меңзегенін бірден байқады. Иә, 2016 жылғы Олимпиада ойындарының финалындағы қазақстандық Василий Левит пен ресейлік Евгений Тищенконың жекпе-жегін әлі ешкім ұмытқан жоқ. Үш раунд бойы да жерлесіміз қарсыласын қуып жүріп сабағанымен, бір емес, бірнеше рет есеңгіретіп тастағанымен рефери нокдаун ашқан да жоқ, жекпе-жектен кейін Тищенконың қолын көтерді. Бұл спорт кешеніне жиналған бүкіл жанкүйерлердің ызасын тудырып, бірнеше минут бойы уілдеп тұрып алған көрерменнің наразылығын Левиттің өзі басқан еді. Ал ресейлік журналистер ұятты болғандарын жасыра алмай, жерлесіміздің мықты болғанын мойындаған. Дәл осындай жағдай ширек финалда ирландиялық Майкл Конлан мен ресейлік Владимир Никитиннің айқасынан кейін де болған еді. Ал 2012 жылы Лондонда өткен жазғы Олимпиада есіңізде ме? Жапонияның боксшысы Сатоси Симидзу әзірбайжандық Магомед Абдулхамидовты бес рет нокдаунға жіберді. Төреші бірде-бір рет есеп ашқан жоқ. Ал айқастың соңында рефери Абдулхамидовты сүйемелдеп, ортаға әзер жеткізді. Кім жеңді дейсіз ғой? Жауабын біліп те тұрған шығарсыз.

Olympics Day 5 - Boxing : News Photo
Міне, Халықаралық Олимпиада комитетін алаңдадатын осындай мәселелер. Енді АІВА екі айдың барлық құжаттарды реттеп, ендігәрі мұндай жағдайдың қайталанбайтынына сендіруі қажет. Әлбетте, 1904 жылдан бері Олимпиада бағдарламасында бар спорт түрі төрт жылдық доданың бағдарламасынан тыс қалады деп ойламайыз. Бірақ, осындай әңгіменің шығуының өзі, осындай мәселенің көтерілуінің өзі әуесқой бокстың беделіне үлкен нұқсан. Енді спорт әлемінде әуесқой боксқа деген көзқарас өзгере бастайды. Көпшілік елдер әуесқой боксқа қолды бір сілтеп, кәсіпқой боксты қолға алуы да әбден мүмкін.
Rio 2016 Olympic Games - Day 11 - Boxing : News Photo
Бәлкім, бізге де басымдықты кәсіпқой боксқа берген дұрыс шығар. Қанша мойындағанымызбен Қазақстанда да әуесқой бокста бұра тартулар аз емес. Кішігірім турнирлерді айтпағанның өзінде ел чемпионатында да дау тудырған айқастар жетіп артылады. Әр жаттықтырушы өз боксшысын әлсіз болса да сүйреп жататыны жасырын емес. Сондықтан, талай талант «сақал-мұрты ағарғанша» 3-ші және 4-ші нөмірлі боксшы болып қалып жатыр.
BOXING-OLY-2016-RIO : News Photo
Алайда, кейінгі кездері кәсіпқой боксқа бет бұрған боксшылардың да көбейіп келе жатқаны қуантады. Әлбетте, мұның барлығы аздаған энтузиаст промоутерлердің арқасы. Кәсіпқой боксты да кәсіп етіп, одан нәпақа табуға болатынын түсініп келеміз. Дегенмен, біздің елде спорттың бұл түрі әлі аяққа нық тұрып кете қойған жоқ. Рас, кезінде Василий Жиров, Марат Мәзімбаев сияқты мықтыларымыз шықты. Қазір Геннадий Головкин бар. Бірақ, олардың барлығы өздерін өз күштерімен әлемге танытты. Ел болып қолдауды әлем чемпионы атанғаннан кейін ғана білдірдік. Алайда, жастарымызды қазірден бастап қолдасақ, онда кейін пайдасын еселеп көрер едік. Тек қаржылай жағынан ғана емес, ұрпақтарымызды кәсіпқой боксқа тарту жағынан да ұтар едік. Өйткені, енді бірер жылдан кейін әуесқой бокстың дәурені өтіп, әлем кәсіпқой боксқа түбегейлі бет бұрады.
Дереккөз: diamondring.kz

Сондай-ақ

ЮЛИЯ ГАЛЫШЕВА ЖАРЫСТАН КЕЙІН ӘСЕРІМЕН БӨЛІСТІ

Пхенчхан Олимпиадасында Қазақстанға «қола» жүлде алып келген фристайлшы Юлия Галышева ҚазАқпарат тілшісімен жеңісінен кейінгі әсерімен …