Басты бет / Қысқы спорт / АБЗАЛ ӘЖІҒАЛИЕВ: ТУ ҰСТАП ШЫҒУ ҮЛКЕН АБЫРОЙ

АБЗАЛ ӘЖІҒАЛИЕВ: ТУ ҰСТАП ШЫҒУ ҮЛКЕН АБЫРОЙ

Оңтүстік Кореяда өтетін XXIII қысқы Олимпиада ойындарының ресми ашылу салтанатында Қазақстанның көк байрағын көтеріп шағатын спортшымыз ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берді.

— Абзал, Олимпиадаға дайындығыңыз туралы айтып берсеңіз…

— Дайындығым өте жақсы. Ақпанның бірі күні Кореяға келдік. Содан бері соңғы жаттығуымызды пысықтадық. Осыған дейін Норвегия елінде жаттыққан болатынбыз. Міне, бір апта болды, Олимпиадада сынға түсетін мұз алаңда жаттығып жатырмыз. Жарыста ойдағыдай нәтижеге қол жеткіземіз деп пайымдап отырмын.

— Жарыс өтетін мұз айдынына көңілдеріңіз толды ма?

— Иә, өте жақсы төселіпті. Біздің көңілімізден шықты. Корея — шорт-трекке қатты көңіл бөлетін ел. Сондықтан, мұз алаңы да өте сапалы.

— Шорт-трек жарысында ең бастысы жылдамдық маңызды әлде өзге де назар аударатын жақтары бар ма?

— Шорт-тректе тек қана жылдамдық қана маңызды емес, жарыста үлкен күш, логика керек. Басты да жақсы жұмыс істетуге тиіспіз. Қарсыласыңнан қалай озу керек, күшті қалай сақтап, соңғы межеге қалай жеткізу керектігін тиімді есептей білген дұрыс.

— Басты қарсыластарыңыз кім?

— Қарсыластарымыз деп бірінші осы Олимпиданы өткізіп жатқан Кореяны атауға болады. Кореялықтар өз елінде, жергілікті жанкүйерлерінің алдында намысты қолдан бергісі келмей бар күш-жігерін салатыны анық. Одан кейін, Канада, Қытай, Голландия, Жапония спортшыларын атауға болады. Біз эстафета жарысында жеребе бойынша Канада, Қытай, Голландия спортшыларымен бір топта сынға түсеміз.

— Осы Ақ Олимпиаданың салтанатты ашылу рәсімінде көк байрағымызды көтеріп шығасыз. Таңдау неліктен сізге түскенін айтып берсеңіз…

— Таңдау неге маған түскенін өзім де жақсы білмеймін. Мүмкін, осыған дейінгі әлем кубоктарында жақсы нәтижелер көрсеткенім үшін үміт артылған болар.

— Сонда сізге алдын ала ескерткен жоқ па?

— Мен шетелде жаттығуда жүргенмін. Бір күні Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитеті телефон арқылы хабарласып, «Сені құттықтаймыз» деді. Не үшін деп сұрап жатырмын. «Сен Олимпиаданың ашылу салтанатында туымызды көтеріп шығатын болдың» деді. Мен алғашында түсінбей қалдым. «Неге мен, неге мен» деп таңғалдым. Олар бір күліп алды да, біз саған Туды сеніп тапсырып жатырмыз. Жүлделі боласың. Саған сәттілік тілейміз», — деді.

— Бірден келістіңіз бе?

— Жай «неге мен, басқа біреу алып шықса болмай ма» деп сұрадым. Олар: «Біз сені таңдадық. Бастық қол қойып тастады», -деп жауап берді.

— Сосын бірден келістіңіз…

— Иә, келісімімді бердім. Басқа амалым қалған жоқ.

— Сол кезде қандай күйде болдыңыз?

— Мен бірден бұл жаңалығымды бірден ата-анама айттым. «Шын ба балам, керемет болды ғой онда» деп олар қатты қуанды. Бірақ, мен сол сәтте өзіме үлкен жауапкершілік артылғанын сезіндім. Ту көтеріп шығу — үлкен абырой болғанымен керісінше үлкен жауапкершілік жүктейді. Сол үшін шығар, осы әңгімеден кейін өзіме үлкен міндет артылғанын іштей сезініп, әркез есімде ұстап жүрмін.

— Олимпиадада медаль алып, көтеріп шыққан Туыңызды желбіретіп елге оралуға ниеттеспіз…

— Рахмет! Айтқаныңыз келсін. Ел қоржынына медаль салу әр спортшының арманы. Сол үшін бар күшімізді саламыз.

— Сұхбатыңызға рахмет!

Дереккөз: inform.kz

Сондай-ақ

ТОПЖАРҒАН: БАҚТИЯР АРТАЕВ ӨМІРІНІҢ ҚАЛТАРЫС ТҰСЫНАН СЫР ІЗДЕСЕК

Бақтиярдың ұпайы ұлғайған сайын жалымыз күдірейіп, трибунаға сыймай, секіріп кетуге шақ отырмыз. Осылайша төрт раундты …