Басты бет / Басқа түрлер / ҚАЗАҚСТАН ИСПАНИЯҒА ДЕС БЕРГЕН ЖОҚ

ҚАЗАҚСТАН ИСПАНИЯҒА ДЕС БЕРГЕН ЖОҚ

Футзалдан ХІ Еуропа чемпионатының жартылай финалдық ойындары аяқталды. Қазақстан жігіттері азуы алты қарыс Испания құрамасын әбден састырды…

Қазақстан және Испания құрамалары осыдан екі жыл бұрын Сербияда өткен Еуропа чемпионатының жартылай финалында Сол жолы Игита болмай, біздің құрама 3:5 есебімен ұтылып қалған еді. Бұл жолы дес бермей, тайталасып бақты. Жеңімпаз тек пенальти соғу арқылы анықталды.

Футболда Германия құрамасын «машина» десек, футзалда Испания құрамасына дәл осындай айдар тағуға болатын шығар. Ойыншылары бірін-бірі айтқызбай түсінеді. Қателеспейді, жаңылыспайды. Тек жастары егде тартып қалды. Әрі көптен бері тың күш қосып жүрген де жоқ секілді.

Ал біздің құрамадағы жігіттер ұстараның жүзіндей лыпылдап тұр. Қолды-аяққа тұрмайды. Шапшаң қимылдайды, жылдам ойнайды. Әрі ешбір құрамада жоқ тактиканы қолданады. Қақпашымыз бесінші ойыншының міндетін атқара алады. Ойын жоғары жылдамдықта басталды. Нағыз табан тірескен дүлей дода болды. Намыс отына шоқтай қарылған екі құраманың да жігіттері аянған жоқ. Тіпті бір-бірінің жағасынан ала түсуге де дайын еді. Төрешілер бірінші таймда-ақ бірнеше ескерту жасады.

Есепті Қазақстан құрамасы ашты. Дуглас пен Тайнан сол аяқпен қалай ойнау керек екендігін паш етіп, соңғысы нық соқысымен Испания құрамасын аһ ұрғызды. Бұдан кейін де бірлі-жарым мүмкіндіктер болды. Бірақ тағы бір доп салып, есепті еселеудің сәті түспей-ақ қойды…

Ал Испания құрамасы бұрыштан және алаң жиегінен (ауттан) допты ойынға қосуға шебер екендерін паш етіп, екі гол соқты. Әуелі Бебе Есенамановтың аяғын шалыс басқант сәтін дөп басып, бильярд тәсілімен таразы басын теңестірді. Қарама-қарсы бағытқа бір қадам басқан Игита да дәрменсіз тұрып қалды…

Ойынның бірінші жартысы аяқталуға айналғанда Испания құрамасы доты ойынға алаң жиегінен қосып, Тольра ұрымтал жерден қақпаны дәл көздеді. Біздің қорғаушылар одан көз жазып қалып, жаза басты. Осылай шектен тыс шиеленісті өткен бірінші тайм аяқталды. Екінші таймда таразы басы екі жаққа кезек ауды. Екінші таймның басында, айналасы 45 секундтың ішінде Қазақстан футзалшылары екі гол соғып Испания құрамасын сең соққандай күйге түсірді. Әуелі Игита алыстан шірене теуіп…, зеңбіректің оғындай зулаған доп қақпа торын жырта жаздады.

Kazahkstan v Spain - UEFA Futsal EURO 2018 Semi Final : News PhotoИспания құрамасы біздің қақпашымыздың осы голынан кейін нокдаунға түскендей болды. Естерін жинап үлгермей, Какаудың шәкірттері тағы бір доп салды. Дугластың аяғына салып берген добын Таку қақпа ішінде тулатты. Пако Седано қолы допқа тисе де, қағып жібере алмады.

Алайда бұдан кейін Испания құрамасы біздің футзалшылардың қателіктерін қалт жібермей, екі гол соқты. Сонда Қазақстан құрамасының қайсар жігіттері жасыған жоқ. Матчтың аяғында Дуглас қақпаны алыстан нысанаға алып, пәрменді соққысымен таразы басын қайтадан теңестірді.

Қосымша экстра-таймның біріншісі басталған бетте Испания құрамасы 10 метрлік пенальти орындау құқығына ие болды. Өйткені біздің футзалшылар алтыншы рет ойын ережесін бұзған болатын. Бағымызға орай, Мигелин қуатты соққысымен қақпа бағанасын солқ еткізгеннен әріге бара алмады.

Есесіне, көп ұзамай алыстан теуіп, Испания құрмасын қайтадан алға шығарды. Пенальтиден мүлт кеткен қателігін осылай түзеді. Бірақ бұл соңғы гол емес еді. Екінші экстра-таймның аяғында Жаманқұлов допты өзіне қарай ұшып келе жатқан бетінде теуіп, испандықтарды қапы қалдырды.

Сөйтіп, пенальтиге жүгінуге тура келді. 50 минутта 10 гол соғылса да, екі команда бірін-бірі ала алмады. Тең түсті. Ал пенальти сериясында Испания құрамасының бағы жанды. Қазақстан футзалшылары финалға шыға алмаса да, мамандар мен көрермендерді таң қалдырып, тәнті қылды…

Жалпы, Испания құрамасы – «Кәртамыс Ғаламдағы» атақ-даңқы бәрінен жоғары команда. Олар футзалдан екі дүркін әлем чемпионы, жеті дүркін Еуропа чемпионы. Қазақстан футзалшылары осындай әйгілі құраманы қара терге түсіріп, әбден зәрелерін ұшырды…

Қазақстан – Испания – 5:5 (1:2, 3:2; 1:1).

Пенальтиден – 1:3

Голдар: Тайнан, 7:04 (1:0). Есенаманов, 15:34-автогол (1:1). Тольра, 18:42 (1:2). Игита, 24:14 (2:2). Таку, 24:59 (3:2). Хоселито, 28:08 (3:3). Пола, 33:01 (3:4). Дуглас, 38:41 (4:4). Мигелин, 42:27 (4:5). Жаманқұлов, 47:33 (5:5).

Пенальти соға алмады: Мигелин, 40:34 (қақпа бағаны).

Матчтан соңғы пенальтилер: Мигелин – 0:1. Тайнан – 0:1 (қақпашы). Ортис – 0:2. Першин – 1:2. Лин – 1:3. Ескертулер: Тайнан, 6. Сүлейменов, 14. Дуглас, 34. Игита, 37 – Пола, 14. Алекс, 20. Ортис, 25.

Қазақстан: Игита, Есенаманов, Нұрғожин, Дуглас, Тайнан – Жаманқұлов, Сүлейменов, Тұрсағұлов, Оразов, Таку, Довгань, Першин, Шамро. Испания: Пако Седано, Ортис, Пола, Мигелин, Алекс – Марк Тольра, Бебе, Адольфо, Франсиско Солано, Лин, Серхио Лосано, Рафа Усин, Хоселито, Хесус Эрреро.

Төрешілер: Богдан Сореску (Румыния), Алессандро Мальфер (Италия). Любляна. «Арена Стожице». 9 ақпан Ойынның қысқаша статистикасы: Соққы: 42 – 55 Тура соққы: 15 – 18 Қиыс кеткені: 15 – 19 Тойтарылғаны: 12 – 18 Бұрыштама соққылар: 11 – 11 Ескерту (сары қағаз): 4 – 3 Ереже бұзу: 10 – 8

Дереккөз: sportsffa.kz© 

Сондай-ақ

ДЖИУ-ДЖИТСУДЫҢ ӨЗ САМАТЫ МЕН САНАТЫ БАР

7-10 ақпан күндері Ақмола облысының Щучинск қаласында Джиу-джитсу спортынан жастар арасында Қазақстан чемпионаты өткен болатын. Бұл …

Добавить комментарий