Басты бет / Бокс / ЕРМАХАН ҚАЛАЙ ОЛИМПИАДА ЧЕМПИОНЫ БОЛДЫ?

ЕРМАХАН ҚАЛАЙ ОЛИМПИАДА ЧЕМПИОНЫ БОЛДЫ?

Тоқсан сегіздің күзінде Әлем кубогына таласу үшін Қытайға жол тартты. Бұл жолы сыралғы қарсыласы, әлем чемпионы Дуверхилден есе қайтаруға бекініп барған. Оның орнына 67 келіде әлемнің үш дүркін чемпионы Хуан Эрнандес келіпті. Ермахан сасқан жоқ. Барын салып айқасты. Бірақ, Хуан нағыз дүлейдің өзі екен. Алдын орап кетті. Іші оттай жанған Ыбрайымов жуынатын бөлмеге кірген бойда айнаға қарап тұрып: «Әй, Ермахан, Эрнандеспен айқасуға жарамадың. Саған әлі көп тер төгу керек», деп бармағын шайнады. Иә, күтпеген жерден бір бүйірден шыға келген Эрнандес Ыбрайымовты сең соққандай етті. Кейінгі бір жылға жуық уақытта Дуверхилден басқа басты қарсыластарының бәрінен басым түскен Ермаханның жан дүниесі осы сәтсіздіктен кейін төңкеріліп түскендей болды. Ыбрайымовтың өз сөзімен айтсақ, Хуан Ермаханның көзін ашты.

Ермахан қайта ширықты. Хуанмен айқасты неше мәрте айналдырып көргені есінде жоқ. Түн баласы кірпігі айқаспай, дөңбекшіп шығады. Сөйтіп жүріп, Эрнандеспен тайталастың әрбір сәтін жадына тоқып алды.

Негізгі қарсыластарын бес саусағындай білетін Ермахан енді Хуанды әбден зерттеді. Екі бірдей Олимпиаданың күміс жүлдегері. Бойы сырықтай, соған сай қолы ұзын. Төрт раундқа еркін көсіледі. Солақай. Алыстан және орта қашықтықтан талдырып ұрудың хас шебері. Бір ұмтылғанда жеті соққыны қас пен көздің арасында жібін үзбей, түйдек-түйдегімен тастайды екен. Бокстың небір сойқандары қарсыласының маңдайы мен иегіне қас қағымда төрт-бес соққы жұмсап үлгерсе, Эрнандестің бес-алты жұдырығы кірпік қаққанша маңдайыңнан кіндігіңе дейінгі аралықты ат тепкендей пергілеп өтеді. Жұдырығы гүрзідей.

Ұстаздарымен кеңесе келе, ұзынтұра Хуанға қарсы орта және жақын қашықтықта айқасуға бел буды. Алыстан шыдатпайды. Оның үстіне, Эрнандестің кеудесі желкөріктей. Бес-алты раундқа еркін сілтейді. Хуанды бәсеке ортадан ауа бере шаршату үшін екпін үстіне екпін қосып отыру керек. Ал, Ермахан, мықты болсаң, Хуанның осал тұсын тауып көр.
Қос қолына гантель ұстаған Ермахан тау қуалап, талмай жүгіруге көшті. Бірнеше күннен кейін тынысы кәдімгідей ашылғанын сезінген. Тек құйын-перен қимылмен Эрнандесті еңсере алмайтынын терең түйсінген Ыбрайымов шой балғамен резеңке дөңгелекті өші кеткендей соққылады. Бапкерлер белгілеген кесімді межеден асырып ұрды. Бірақ қай жаттығуда болсын, шектен шыға зорыққан жоқ. Әр қадамын өте дәлдікпен, қалт жібермей есептеп отырды.

Осылай тер төге келе бокс дегеннің бәзбіреулер ойлағандай былғары қолғаппен мәдениетті төбелесу ғана емес, тұтас ғылымға айналғанын жан- тәнімен сезінді. Боксшы рингтің ғалымы болуы керектігін, онсыз үлкен майдандарда нан жоқтығын қапысыз ұғынды. Бапкердің жетегімен ғана жүретін спортшының алысқа бармайтынын да түсінді.

Бір күні «осы мен төртінші раундқа жарамай қаламын-ау», деген қауіппен су астында 100 метр сүңгуге тәуекел етті. Бұрын 70 метрден кейін демі бітіп, су бетіне атып шығатын боксшы келе-келе 100 метрді еңсерді. Ұлттық құрамадағы бірде-бір спортшы су астында ұзақ сүңгуден Ермаханнан аса алған жоқ. Бас бапкер Тұрсынғали Еділов, бокстың профессорлары Нұрғали Сафиуллин мен Александр Апачинский Ыбрайымовтың жанкештілігіне дән риза.

Сосын, рингте ойша уақыт санауда да жүйрік шықты. Бапкерлер «қане, бір минут айқасыңдар, тура бір минутта өздерің тоқтай қалыңдар», дейді. Ермахан уақыттан онша ауытқи қоймайды.
Тоқсан сегізде Эрнандеске қарсы өзінің шабуылы әлсіз болғанын есепке алған Ыбрайымов бойдағы күшті төрт раундқа тең бөліп тастап, орта, жақын қашықтықтан толассыз шабуылдауға тас-түйін бекінді.

Сидней олимпиадасы. Эрнандеспен айқас қарсаңында Ермахан екеуміз бір көлікке қатар отырдық. «Ереке, Эрнандеспен қалай болады?» «Аға, саспаңыз, оны әкесіне танытамын!» Мына сөзден кейін тұла бойым темір құрсаудан босағандай, жеңілдеп қалдым.

…Төртінші раундтың соңында Ермахан сілтеді дейсің. Нөпір соққының астында қалған Хуанның тынысы тарылып, ауырсына ыңқылдаған үні әудем жердегі бізге естіле бастады. Әлемдік бокстың нағыз майталманы Хуан Эрнандесті талассыз жеңген біздің батыр әрі қарай қамшы салдырмай, Олимп шыңында ат ойнатты.
Біздің сондағы көңіл-күйді тілмен бейнелеп жеткізу қиын.

Қыдырбек Рысбек.

Сондай-ақ

ӘЧ 2018. РЕСЕЙДІҢ ЖЕҢІСКЕ ЖЕТУІНІҢ 5 СЕБЕБІ

Әлем чемпионатының шымылдығын салтанатты ашу құрметі «Ресей мен Сауд Арабиясы» құрамаларына бұйырды. Ресей астанасы Мәскеу …

Добавить комментарий