WBA БЕЛБЕУІНІҢ ЖӘНЕ БІРІНШІ ОРЫННЫҢ ИЕГЕРЛЕРІ БЕЛГІЛІ БОЛДЫ

Бүкіләлемдік бокс ассоцияциясы (WBА) бірінші орта салмақтағы жаңа чемпионның және бірінші орында тұрған боксшының есімін жариялады.

Жаңа чемпионы 28 жастағы аргентиналық боксшы Брайан Кастаньо (14-0, 10 КО) болды. Ол бұған дейін осы салмақтағы WBA белбеуінің уақытша чемпионы болған еді. WBA Regular белбеуі Деметриус Андраденің (25-0, 16 КО) орта салмаққа ауысқанынан кейін бос тұрған болатын.

ESPN басылымының мәліметі бойынша, бір салмақта чемпиондық белбеулерді қысқарту үшін WBA жақын арадағы осы салмақтағы WBA (Super) белбеуінің иегері Эрисланди Лара (25-2-2, 14 КО) мен Кастаньо арасындағы кездесуді ұйымдастыруға ниетті.

Айта кетейік, бірінші орта салмақтағы WBA рейтингінде отандасымыз Қанат Ислам (25-0, 20 КО) көш бастаған еді. Ал өткен аптада аргентиналық тілшілер Кастаньоның алдағы уақыттағы қарсыласы Ислам болатынын айтты.

Ақпарат көзі: Vesti.kz