КАНАДА ЕЛІНДЕГІ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЕКІ БОКСШЫ КЕЗЕКТІ ЖЕКПЕ-ЖЕКТЕРІ ҮШІН САЛМАҚ РӘСІМІНЕН ӨТТІ

Қазақстандық боксшылар Садриддин Ахмедов (3-0, 3 КО) пен Абылайхан Құсайынов (8-0, 5 КО) келесі жекпе-жектері үшін салмақ өлшеу рәсімінен сәтті өтті.

Канаданың Монреаль қаласында өтетін бокс кешінде шаршы алаңға көтерілетін Садриддиннің қарсыласы мексикалық Хавьер Хесус Мендоса (7-5-1, 6 КО) болса, ал Абылайханның қарсыласы мексикалық Хесус Лагуна (22-12-3, 19 КО) болады.

Таразыда Ахмедовтың салмағы 155,8 фунтты (70,306 келі) көрсетсе, ал қарсыласы Мендосаның салмағы 155,9 фунтты көрсетті. Құсайыновтың салмағы 134,3 фунт (60,78 келі) болса, ал қарсыласы Лагунаның салмағы 134,9 фунт болды.

Айта кетейік, Садриддин Ахмедов соңғы 16-шы маусымда өткізген жекпе-жегінде 5-ші раундта қарсыласы мексикалық Густаво Гарибайды (13-10-2, 5 КО) техникалық нокаутпен жеңген еді. Ал Абылайхан Құсайынов соңғы рет наурызда жекпе-жек өткізіп, қарсыласы мексикалық Хильберто Месаны (9-5-1, 6 КО) төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңген болатын.