Басты бет / Қысқы спорт / АНИТА НАГАЙ: ОЛИМПИАДАҒА ҚАТЫСЫП, ЕЛ НАМЫСЫН ҚОРҒАУ МАҚСАТЫМ

АНИТА НАГАЙ: ОЛИМПИАДАҒА ҚАТЫСЫП, ЕЛ НАМЫСЫН ҚОРҒАУ МАҚСАТЫМ

 

Алдағы жылы Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтетін қысқы олимпиада ойындарына қатысып, ел намысын абыроймен қорғау — басты арманым. Бұл туралы шорт-тректен Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Анита Нагай мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Небәрі он сегіз жастағы Анита Нагай спорттық жолында қазірдің өзінде үлкен табыстарға қол жеткізіп келеді. Өткен жылы Норвегияның Лиллехаммер қаласында жасөспірімдердің қысқы олимпиадасында аралас командалық жарыста қола медальді иеленіп, мамандардың назарын аударған Анита биыл да сәтті өнер көрсете білді. Алдымен Алматыда дүниежүзілік ХХVІІІ қысқы универсиадада, содан кейін Саппоро қаласында VІІІ қысқы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы сапында эстафеталық жарыста қола жүлдені иеленді.

Анитаның әкесі Артур Викторович «Жайықжылуқуат» АҚ-ға қарасты Орал жылу-қуат орталығында картель цехының машинисі болса, анасы Айнагүл Теміржанқызы да осы кәсіпорында жұмыс жасайды. Анитаны кішкентай кезінен спортпен достастырған бұрын жабық мұз айдыны спорт сарайында еңбек еткен әкесі еді. Тоғыз жасынан шорт-трекке біржола бет бұрған Анита Нагай содан бері тынбай жаттығып келеді. Мемлекеттік тілде таза сөйлейтін Анита Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша 1 курста білім алуда. Осыдан екі күн бұрын қысқы Азия ойындарынан оралған Анита Нагайды БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева бастаған спорт сүйер қауым, өзі жаттығатын жабық мұз айдыны спорт сарайының ұжымы, бапкері Максим Лозовой, университетте бірге оқитын студенттер темір жол вокзалынан ерекше қошемет көрсетіп, күтіп алған-ды.

«Бапкерлеріме, ата-анама, қуанышымды бөліскендердің бәріне ризамын. Бұл маған одан да үлкен жауапкершілік жүктейді. Алдағы жарыстарда шеберлікке қоса сәттілік жолдас болып, келесі жылғы олимпиада ойындарына жолдама алсам ба деймін. Біз отбасында бес қызбыз. Сондықтан бізді осы күнге жеткізген анамды, сондай-ақ бауырларымды, барша аруларды Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, ең ізгі тілектерімді білдіргім келеді. Бес қызы мен сүйікті жарын құрметтеп, төбесіне көтеріп келе жатқан асқар таудай әкемнің де, әрине, орны бөлек қой. Осындай жанашыр жандар барда Қазақ елінің көк байрағы биікте желбіреуі үшін бар күш-жігерімді жұмсай беретінім анық. Аздаған демалыстан кейін Астанаға барып, жаттығуға қайта кірісемін», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне Анита Нагай.

Еске сала кетейік, екі күннен кейін Голландияның Роттердам қаласында шорт-тректен басталатын әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы сапында Абзал Әжіғалиев, Нұрберген Жұмағазиев, Айдар Бекжанов, Денис Никиша және Анастасия Крестова жарыс жолына шығады. «Қызғалдақтар елінен» де жақсы жаңалықтар күтеміз.

Сондай-ақ

ЮЛИЯ ГАЛЫШЕВА ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ КҮМІС ЖҮЛДЕГЕРІ

Испанияның Сьерра-Невада таулы аймағында фристайлдан Әлем чемпионаты жалғасуда. Юлия Галышева параллельді могул бойынша Әлем чемпионатының …