ЖҰМАН ЖҰМАБЕКОВ: ЖАҚЫНДА «FIGHT NIGHTS» БЕЛБЕУІН ЖЕҢІП АЛАМЫН

Аралас жекпе-жек сүйер қауымға кеңінен танымал, өзінің жойқын соққыларымен көрермен көзайымына айналған Жұман Жұмабеков қызу дайындығының арасында арнайы уақыт бөліп dodasport.kz тілшісіне сұхбат берді. Жұман қазір Астанада өтетін жарысқа дайындық үстінде.

 — Жұман, жанкүйерлерің білетін сенің негізгі ерекшелігің – бокс. Сол бокстан аралас жекпе-жекке ауысты деп ойлайды. Негізі спортты неден бастадың?

 — Иә, соны өзімнен де сұрап жатады. Менің базам бокс емес, күрес. Мен спортты қазақша күрес және дзюдодан бастағанмын.

— Сенің ең бірінші аралас жекпе-жектегі кездесуің 2014 жылы болған екен, ал 2016 жылы Алматыдағы бокс кешінде бокстан дебюттық жекпе-жекті өткіздің. Біржола боксқа кетпек ниетте болдың ба?

— Жалпы ниет болды. Оған себеп болған бокстан жаттықтырушым — Сағатбек Мұсағанов деген ағайым. Сол кісінің жол көрсетуімен 2016 жылы бірінші кездесуімді өткіздім. Оған дейін 5-6 жыл бокспен айналысқан едім. Оқу-жаттығуларымда да кәсіпқой боксшылармен бірге өткізіп біраз тәжірибе жинадым. Боксқа әлі де қызығамын. Реті келсе кәсіпқой бокспен кетуім мүмкін.

— Ал кәсіпқой аралас жекпе-жектегі ең бірінші жарысың туралы айта кетсең. Сен үшін қай жағынан қиын болды?

— Бірінші жекпе-жегімде астаналық Қасым Ануарбекпен шыққан болатынмын. Сайыс қиын болған жоқ. Тек салмақ қуу мәселесінен біраз қиналдым. Қанша дегенмен бірінші рет кәсіби түрде шығуым ғой. Бірінші рануд жеңіл өтіп, екінші раундта қылқындыру әдісімен жеңіске жеттім.

— Қазір «FIGHT NIGHTS GLOBAL» тұжырымында бақ сынап жүргеніңнен бәрі хабардар. Осы уақытқа дейін «FIGHT NIGHTS»-та қанша жекпе-жек өткіздің, келісімшарт бойынша әлі нешеу бар?

— 2016 жылы «FIGHT NIGHTS» компаниясына 6 жекпе-жекке келісімшартқа отырғанбыз. Гран-Придан бөлек 2 кездесу өткіздім. Келісімшарт бойынша әлі 4 жекпе-жегім бар.

— FIGHT NIGHTS-тың белбеуі, яғни чемпиондық атақ үшін қашан белдеспексің?

— Бұл промоушенде біздің салмақтағы чемпион Томаш Дек. Ал рейтинг бойынша мен төртінші орында тұрмын. Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша мен алдағы кездесуімде жеңіске жетсем белбеу үшін айқасуыма мүмкіндік береді. Менің қазіргі арманым – чемпион атану. Ол – біздің спорттағы әрбір жігіттің ұмтылған белесі деп ойлаймын. Бұйыртса, жақында «FIGHT NIGHTS» белбеуін жеңіп аламын деп отырмын.

— Лақап атың бір жерде «Сұлтан Бейбарыс», ал кейбір жерде «Арлан» деп жүр. Негізі қандай?

Ең алғаш лақап ат қоятын кезде достарыммен ақылдастым. Олар мінезіңе сай деп, қазақи деп «Арлан» деген атты ұсынды. Бастапқы 2-3 жекпе-жекте «Арлан» деп шығып жүрдім. Одан кейін Мысырды басқарған бабамыздың атын ұлықтап «Сұлтан Бейбарыс» деген атты алдым. Қазір жарыстарға сол лақап атпен шығып жүрмін.

— Жарыстарға шығумен бірге шәкірттер тәрбиелеп жаттықтырушы болып жүрсің. Кәсіпқой спортшы болғаннан кейін ол іс кедергі келтірмей ме?

Егер қолдаушылар болып жатса, қол ұшын созатын ағаларымыз болып болса тек жаттықтырушылық жұмыспен айналысуға болатын еді. Өйткені, жекпе-жектерден жақсы ақша табу үшін әлі үлкен жетістіктерге жету керек. Күнкөріс мақсатында Алматыдағы «ALMATY FIGHT ACADEMY» залында балаларды тәрбиелеп жүрмін. Барға қанат әзірше.

Келесі жекпе-жек қай жерде, қашан болады?

Жобамен 31 тамыз күні «FIGHT NIGHT» ұйымдастыратын Астанадағы жарысқа шығуым керек. Дайындықты бастап кеттім. Қарсылас әлі белгісіз боп тұр.

Жақын арада чемпион атануыңа тілектеспіз! Жеңісті күндерің көп болсын!

Рахмет! Сіздерге де шығармашылық табыс тілеймін!

 Сұхбаттасқан: Азамат МӘУЛЕНҰЛЫ

Бөлісу:

Добавить комментарий